Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазіргі жаһандану және цифрландыру жағдайындағы Қазақстан Республикасының Конституциясы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Заң факультетінің деканы, философия докторы Әлия Қасымбек, құқық қорғау органдарының өкілдері, Қызылорда қалалық сотының судьялары, облыстық прокуратура, адвокаттар алқасы мен полиция департаментінің қызметкерлері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Сонымен қатар, «Жас сайлаушылар» клубы мен «Заң клиникасының» мүшелері де белсенді атсалысты.
Жиынның модераторы «Құқықтану» білім беру бағдарламасының жетекшісі Еркемай Санязова конференцияның қоғам үшін өзектілігіне тоқталып, Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Конференция барысында сала мамандары мен ғалымдар конституциялық даму, сот тәуелсіздігі, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін кеңінен талқылады. Атап айтқанда, Әлия Қасымбек «Қазақстанның жаңа Конституция жағдайындағы конституциялық дамуы: теория және практика» тақырыбында баяндама жасап, жаңа конституциялық реформалардың маңызы жөнінде баяндады.
Қызылорда қалалық сотының судьясы Азат Әбдіразақов сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты конституциялық-құқықтық аспектілерге тоқталса, Қызылорда облыстық прокуратурасы басқармасы бастығының орынбасары Ержан Алтынбай заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің құқықтық мемлекеттегі маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Мейрбек Даубалаев азаматтардың құқықтарын қорғаудағы адвокатураның рөлі туралы баяндама жасады. Ал облыстық полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айбек Құлмағанбетов Конституцияның құқықтық тәртіп пен профилактикадағы негізгі тетік екенін жеткізді.
Конференцияда «Құқықтану» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры м.а., философия докторы Эльмира Тойлыбекова «Халық кеңесі – мемлекеттің жаңартылған институционалдық моделінің элементі» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдық диалогтың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ, Құқықтану білім беру бағдарламасының 4-курс студенті, Заң клиникасының төрағасы Камила Сариева университеттік заң клиникаларының конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етудегі орны мен рөлі жөнінде баяндама жасады.
Іс-шараны университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов қорытындылап, Конституция – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамдағы заң үстемдігінің басты кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай ғылыми алаңдардың құқықтық мемлекет қағидаттарын насихаттауда, тәжірибе алмасуда және жас буынның құқықтық санасын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ, конференция жұмысына белсенді қатысқан сала мамандары мен жастарға алғыс білдірді.