Арал. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандағы тарихи-мәдени және киелі орындар мен бейіттер аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, «Арыстан баб» кесенесі, «Беларан төбе шыңындағы Ә.Нұрпейісовтің мемориалды белгісі, «Жақайым ата», «Жетес би» ата белгілері мен «Қазанғап ата» бейіті және Арал қаласы мен кент, ауылдық округтердегі қорымдар қамтылды. Аталған игі бастамаға мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар және жергілікті тұрғындар белсене қатысып, туған жердің тазалығы мен келбетін жақсартуға өз үлестерін қосты.

Шара барысында қасиетті орындардың аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы ретке келтірілді. Бұл акция ұрпаққа рухани құндылықтарды дәріптеудің, тарихи мұраларға құрметпен қараудың нақты көрінісі болды. Киелі жерлер — халықтың өткенінен сыр шертетін маңызды мұра. Оларды сақтау мен күтіп ұстау әрбір азаматтың ортақ міндеті екені тағы бір мәрте айқындалды.

Сырдария. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда тарихи- мәдени еркерткіштер мен қорымдарға тазарту жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындарымен бірге Қалжан Ахун мешіт-медресесі мен “Ешмұрат” қорымы аумағын абаттандырып, санитарлық тазарту жұмыстарына қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады” деп атап көрсетті. Тарихи орындарды күтіп ұстау – тек тазалық мәселесі ғана емес. Бұл – ата-бабаларымызға деген құрметтің айқын көрінісі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің маңызды бағыты. Осындай қасиетті орындарды таза әрі ұқыпты сақтау арқылы біз жас ұрпаққа өнеге көрсетеміз. Бүгінгі шара – елге, жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

Тазалық іс-шарасы барысында тарихи ескерткіштер мен қорымдар тазартылып, аумақтары ретке келтірілді, қоршаулар мен нысандар әктеліп, сырлау жұмыстары жүргізілді. Аталған игі шара аудан аумағындағы барлық елді мекенде жүргізілді.

Мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге бағытталған. Тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және оларды күтіп ұстау – барша қоғамның ортақ міндеті екені айқын.

Іс-шарада 50-ге жуық тарихи ескерткіштер мен қорымдар аумағы тазартылып, оған 3 мыңнан аса сырдариялық белсенді қатысты.

Қармақшы ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясы ұйымдастырылды.

Тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындардың тазалығын сақтап, оларды келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізу мақсатында өткізілген игі шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, бөлім, мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар және еріктілер белсенді қатысты.

Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы ескерт­кіштер, киелі орындар мен қорымдар маңында абаттандыру, қоқыс­тан тазарту, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қоршаулар ретке келтіріліп, айналаны көркейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы ауқымды акция барысында аймақтағы 200-ге жуық қасиетті орын қамтылса, оның ішінде ауданда 45-ке жуық нысанда тазалық жұмыстары жүргізіліп, 2000-нан аса тұрғын белсенділік танытты.

Президент атап өткендей: «Тазалық – тек қоршаған ортаның ғана емес, рухани мәдениеттің де көрінісі».

Өткенді құрметтеу – болашақты бағалау. Сондықтан ескерткіштерді қорғайық, тарихты сақтайық!

* * *

Қармақшы ауданында да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза аула» атты кең ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалық шарасына аудан орталығы мен барлық ауылдық округ тұрғындары, бөлім, мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсенді түрде қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосты.

Сенбілік барысында барлық елді мекендердегі аулалар тазартылып, айналасы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы 147 аула тазартылып, көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар ретке келтірілді.

Сондай-ақ шара барысында ағаш көшеттері отырғызылып, оларды әктеп, сыртқы қоршаулары сырланды.

Қызылорда облысында дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып, ауылдарды абаттандыру жобаларына қолдау көрсетіліп келеді. Бұл байқауда 2024 жылы аудандағы Қармақшы ауылы жеңімпаз атанса, өткен жылы Қуаңдария ауылына 15 млн. теңге көлеміндегі сертификат табысталды.

ЖАҢАҚОРҒАН. Хорасан ата кесенесі аумағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық акциясы өтті. Тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар мен көпшілік зират ететін барлық аумақтарға көркейту-көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар ағаш отырғызу, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу секілді жұмыстар да жүргізілді.

Акция аясында 10-ға жуық қасиетті орындар мен зираттардың аумағын тазалау жұмыстарына 2 мыңнан аса тұрғындар белсенді қатысты.

Осы акция аясында аудандағы тарихи-мәдени және киелі орын Сығанақ қалашығы мен Сунақата кесенесі аумағында да кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.

Аталған игі бастамаға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақтияр Ахметов, ел ағалары, мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар және жергілікті тұрғындар белсене қатысып, туған жердің тазалығы мен келбетін жақсартуға өз үлестерін қосты.

Шара барысында қасиетті орындардың аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы ретке келтірілді.

Жалағаш. Акция барысында аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар мен қорымдар аумағында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет қорғауына алынған киелі орын Беркінбай кәлпе қорымы аумағында өткен тазалық шарасына аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.

– «Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында, сондай-ақ облыс әкімінің елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгін киелі орындар мен тарихи ескерткіштер аумағында кең көлемде тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі орындар мен қорымдарды таза ұстап, өскелең ұрпаққа үлгі болар осындай игі іске атсалысып жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді А.Ибраимов.

Алдымен бабалар рухына Құран бағышталып, қорым аумағын тазарту, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аудан әкімі көпшілікпен бірге Беркінбай кәлпе үйтамы ауласына тал көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.

Аудан бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген 62 тарихи ескерткіш бар. Оның ішінде 1-еуі республикалық, 55-і жергілікті маңызы бар, ал 6 нысан ерекше маңызды тарихи орындар санатына жатады.

Бүгінгі акция аясында кент және ауыл тұрғындары осы тарихи орындар мен қорымдарда тазалық жұмыстарын белсенді жүргізуде.

* * *

Ауданда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза аула» акциясы да ұйымдастырылды.

Тазалық шарасына мекеме қызметкерлері, көше тұрғындары, ерікті жастар белсенді қатысты. Акция барысында аулалар тазартылып, қоқыстар жиналды, айнала абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар мектеп аулаларында тал егу акциясы өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, мектептердің жоғары сынып оқушылары және ұстаздармен бірге ағаш отырғызды. Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес көктемгі көркейту және көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға барлық мекеме ұжымдарын белсенді атсалысуға шақырды.

Шиелі. Акция аясында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың бастамасымен аудан аумағындағы барлық тарихи-мәдени мұра нысан­дарында, киелі орындар мен қорымдарда кең көлемде таза­лық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда «Оқшы ата» кесенесі, «Бес Арыс Тұяқты баба» кесенесі, «Шашты ата» және «Жаназар батыр» кесенесі, «Арғын ата» кесенесі, «Жансейіт баба» кесенесі, «Дәуіт ата» кесенесі, «Сауысқандық» шатқалы және өзге де тарихи орындар мен аудандағы барлық қорымдар аумағы тазартылып, абаттандырылды.

Тарихы терең, тағылымы мол ауданда мемлекеттік қор­ғауға алынған 42 тарихи мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде 3 рес­публикалық, 37 жергілікті маңызы бар ескерткіш, ал 2 нысан алдын ала есепке алынған тарихи мәдени мұра объектілері болып табылады.

Ауқымды тазалық шарасына 2 мыңға жуық тұрғын қатысып, ортақ іске белсене атсалысты. Акцияға халық қалаулылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер, ардагерлер және жастар жұмыла кірісіп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

* * *

Тазалық шарасы Қарт Қаратау жотасының етегіндегі Сауыс­қандық шатқалында да ұйымдастырылды. Акция барысында Шиелі жастары табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында нақты жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, тарихи нысан аумағында сенбілік өткізіліп, айнала қоқыстан тазартылды.

Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер – біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтан сыр шертетін құнды тарихи мұра. Шараға қатысқан жастар туған жерге деген жанашырлықтарын танытып, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және вандализмнің алдын алу бағытындағы азаматтық ұстанымдарын білдірді. Бұл – өскелең ұрпақтың ел болашағына бейжай қарамай, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасып келе жатқандығының айқын көрінісі.

Мұндай игі бастамалар қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген құрметті арттыра түседі.

Қазалы. Акция аясында аудан орталығындағы Жанқожа баба кесенесінде арнайы шара өткізіліп, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тазалық акциясының маңызы жайында сөз қозғады.

– Еліміздің барлық өңірлерінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес киелі орындарға тазалық шараларын жүргізу мақсатында ерекше шаралар ұйымдастырылуда. Қазалылықтар да «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясына өз үлестерін қоспақ. Қазыналы Қазалы ауданы тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар көптеп орналасқан өңірлердің қатарына жатады. Бүгін барша жерлестеріміз жалпыхалықтық акция аясында аудан аумағында орналасқан киелі Жанкент қалашығы, Жан­қожа батыр кесенесі, Жалаңтөс баһадүр алаңы, Әйтеке би ескерткіші, Қазалы мәдени-демалыс кешенірдегі «Тағзым» алаңы, Қызылқұм ауылдық округіндегі Сараман-Қоса мұнарасы және аудан аумағындағы өзге де киелі орындар мен зираттар аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, игі іске атсалысуда. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» тазалық акциясы аясында аудан орталығы мен елді мекендерде 30-дан астам кең ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді.

Тазалық жұмыстары барысында жол бойындағы бордюрлерді, бағаналарды, қоршауларды әктеу, сырлау, аяқ су арықтарын тазарту, көшелер бойын көгалдандыру, ағаш егу, ретсіз өскен шөптерді шабу жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан орталығы Әйтеке би кентінде 100 қоқыс жәшігі сатып алынса, аудан орталығындағы көше атауы берілген азаматтардың ұрпақтарының демеушілігімен 80 қоқыс жәшігі алынып, тұрғын үйлерге орналастырылды. Жүргізілген тазалық жұмыстары нәтижесінде жыл басынан бері 5600 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Ал, тазалық шаралары аясында аудан бойынша биыл барлық елді мекендер бойынша 3000-ға жуық ағаш көшеттері егіліп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Аудан халқын қоршаған ортаның тазалығына шақыру мақсатындағы бұл жұмыстар одан әрі жалғаса беретін болады, – деді аудан басшысы.

Жанқожа баба кесенесінде өткен шарада алдымен баба рухына арнап құран бағышталып, құрбандық шалынды. Мұнан кейін тазалық шаралары басталып, кесене аумағы толықтай тазартылып, ағаштардың түбі, бордюрлар әктелді. Кесене аумағы сыпырылып, қоқыстар жиналып, аяқ су арықтарына су жіберілді. Кесененің іші-сырты жуылып, тазалық жұмыстары кешенді түрде жүргізілді. Аудан әкімі мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен баба кесенесі аумағына ағаш көшеттері отырғызылды.

Ауданда тазалық акциясы мұнан бөлек Өркендеу ауылдық округіндегі  көне Жанкент қалашығы аумағында, аудан орталығындағы Жалаңтөс баһадүр алаңында, Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерде, Әйтеке би ескерткіші аумағында және аудан көлеміндегі басқа да киелі орындар мен зираттарда ұйымдастырылды.

Игі шараға зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, ел ағалары, ардагерлер, жастар мен аудан тұрғындары белсене қатысып, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған