2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне қатысты 4 наурыз күні ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тілдәбекұлы Ерман Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Алдымен М.Ерман С.Ысқақов атындағы оқу ғимаратында орналасқан №207 УРК және Т.Есетов атындағы мектеп ғимаратындағы №264 УРК жұмысымен танысып, учаскелердің жабдықталуын бақылады.
ОРК төраға орынбасары учаскелік комисиия мүшелеріне референдум процесі ашық әрі әрбір азаматқа қолжетімді болу керектігін, мүгедектігі бар дауыс берушілердің құқығын сақтау маңызды міндет екенін қаперге салды.
Әрі қарай М.Ерман құқық қорғау органдары басшылары және облыстық мекеме басшыларымен кеңейтілген кездесу өткізді. Басқосуға Қызылорда қаласындағы және барлық аудандардағы аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Жиында Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы, прокуратура және ішкі істер департаментінің өкілдері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы баяндама оқып, референдумды ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде М.Ерман референдум кезінде қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстау, дауыс беруге құқығы бар азаматтар үшін есептен шығару куәліктерін беруді ұйымдастыру, әрбір азаматқа шақыру қағаздарын жеткізу, дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше мән беру керектігін баса айтты. Сонымен қатар азаматтарды уақытша тіркейтін онлайн сервистері бар учаскелерде интернет желісінің тұрақты болуын назарда ұстауды тапсырды.
Мұнан кейін, ол Қызылорда қаласындағы және аудандардағы аумақтық референдум комиссияларының төрағаларымен кездесті. Мұнда дауыс берушілерге референдум өтетін күн және уақытты хабарлау, учаскелерде қажетті жабдықтарды қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жұмыс сапарының соңында Мұхтар Ерман облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, маңызды саяси науқанға дайындық және оны өткізудің бірқатар мәселелері бағытында пікірлесті.
Айта кетейік, Қызылорда өңірінде 492 524 азамат дауыс беруге құқылы. Аймақта 9 аумақтық, 378 учаскелік комиссия құрылған. Мұнда 2705 комиссия мүшесі қызмет атқаруда.
Өз учаскесінен өзге аймақта болатын азаматтар үшін 4925 есептен шығару куәлігі басылды және әрбір дауыс берушіге шақыру қағаздары таратылды.
Облыс тұрғындары үшін referendum.orda.gov.kz сайты қолжетімді. Яғни тұрғындар аталған сайтқа кіру арқылы учаскелік референдум комиссиясының мекен-жайы, байланыс деректері және комиссия мүшелерінің құрамы туралы ақпаратты алады.
Бұл қызметтер «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасында және телеграм ботында бар. Мұнан бөлек, 109 бірыңғай байланыс қызметі республикалық референдум жарияланған уақыттан бері 24/7 жұмыс жасауда.