Ертеде, асқар таулардың етегінде, мөлдір бұлақтары сылдырап аққан, халқы еңбек пен бақытты ту еткен «Шұғылалы» атты көркем өлке болыпты. Осы өлкенің шетінде, күңгірт жартастардың тасасында «Елес бағы» деп аталатын жұмбақ мекен пайда болады. Ол бақтың гүлдері көздің жауын алатын ертегідей түстерге боялып, жапырақтарынан тәтті, бірақ қауіпті Улы шық таматын.

Бірде Саят есімді албырт та жігерлі жас жігіт сол бақтың қасынан өтіп бара жатып, оның арбаулы иісіне елітеді. Бақ ішіндегі қара көлеңке: «Бұл шықтың бір тамшысын татсаң, әлемнің барлық кереметін көресің, шаршағаның басылып, армансыз рахатқа бөленесің», — деп сыбырлайды. Саят «бір рет қана дәмін көрейін, ештеңе етпес» деген қатерлі оймен әлгі шықты татып көреді.

Расында да, алғашқы сәтте оған дүние құлпырып, өзін көк аспанда қалықтағандай сезінеді. Бірақ бұл — тұзақтың құрылуы еді. Келесі күні Саяттың бойынан бар күш-қуаты кетіп, әлгі «улы шықсыз» өмір сүре алмайтын күйге түседі. Ол қайта-қайта сол баққа бара берді. Көп ұзамай Саяттың жүзі солып, көзінің нұры сөніп, бойындағы асқақ армандары құмға сіңген судай жоқ болды. Ол өзінің отбасын, достарын және жарық болашағын сол «Елес бағының» жалған елесіне айырбастап жіберді.

Бір күні ол айнадан өзінің танымастай өзгерген, кәрілік жеңген бейнесін көріп, зәресі ұшады. Ол бақ — бақыт емес, адамды тірідей жұтатын ажал құдығы екенін түсінеді. Саят соңғы күшін жинап, сол бақтан қашып шығады. Оның ес жиып, қайта оңалуына ұзақ жылдар кетті. Ол «жалған жұмақтың» соңы нағыз тозақ екенін бүкіл әлемге ескертумен өтті.

Уристимбеков Рауан

№279 мектеп-лицей

Қармақшы ауданы, Ақай ауылы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған