Жаһан жұрты береке-бірлікте өмір сүру үшін өзара сыйластықты, теңдік пен ынтымақтастықты таңдауы қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында табысты қарым-қатынас орнайды. Осы айдың басында Қытайға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Онда құны 15 миллиард доллар болатын 70 инвестициялық келісімге қол қойылды. АҚШ-қа сапарым кезінде әлемдік компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткіздім. Оның ішінде Amazon, Meta сияқты жасанды интеллект және жоғары технология саласындағы ірі корпорациялар бар. Сондай-ақ қаржы-инвестиция саласындағы Goldman Sachs, Blackstone, Cerberus Capital Management, Citigroup корпорацияларының жетекшілерімен кездестім. Wabtec, PepsiCo және басқа да ірі компаниялармен коммерциялық келісімдер жасалды. Сапар аясында экономикамыздың басты салаларын қамтитын 11 келісімшартқа қол қойылды, жалпы құны 5,2 миллиард доллардан асады.
Елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Біз түрлі салаға озық технологияларды енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін электр энергиясы жеткілікті болуы қажет. Сондықтан біз қуат көздерін жан-жақты жаңғырту жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрдық. Жалпыұлттық референдумда атом электр станциясын салу жөнінде шешім қабылдадық. Шын мәнінде, атом энергиясы – еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі. Біз ғана емес, күллі жаһан жұрты осы саланы дамытуға мықтап кірісіп жатыр. Дүние жүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден астам ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 мемлекетте ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Біз осы салада озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастыққа баса мән береміз.
Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе. Әрине, біз бір атом электр станциясымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Қытай Төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі.
Атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек. Қазақстанда бұл салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Біз – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің біріміз. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Осы басымдығымызды дұрыс пайдалану қажет. Атом станциясы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек. Жалпы, елімізде атом саласының ғылыми негізі бұрыннан бар. Кезінде әйгілі академик Қаныш Сәтбаев КСРО Министрлер кабинетіне хат жазып, Қазақстанда ядролық физиканы дамыту мәселесін көтерген. Көп ұзамай 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институты ашылды. Міне, сол кезеңнен бастап елімізде әлемдік талапқа сай ғылыми-технологиялық инфрақұрылым қалыптаса бастады. Астана, Алматы және Курчатов қалаларында арнайы қондырғылар іске қосылды, онда отандық және шетелдік ғалымдар белсенді жұмыс істеуде. Бертінге дейін Қазақстан, негізінен, шикізат экспорттады. Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйекті түрде арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. Атом электр станциясы бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ғалымдарымызға зор жауапкершілік жүктеледі.
Елімізде білікті инженерлер, техникалық мамандар тапшы. Бұл – шын мәнінде, өте өзекті мәселе. Атом саласындағы жағдай да дәл осындай. Ахуалды жедел түзеу керек. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық берген абзал. Менің тапсырмам бойынша «Болашақ» стипендиясының 70 пайызға жуығы техникалық-инженерлік мамандық иелеріне беріле бастады. Былтыр жасанды интеллект саласына жыл сайын 50-ден астам стипендия бөлу туралы шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота беріледі. Мұны технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам деуге болады.
Тағы бір өте маңызды бағыт – ядролық медицинаны дамыту. Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға болады. Бұл, әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет.
Цифрлық шешімдер ядролық нысандардың қолданыс циклін ұтымды басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығынды азайтып, барлық процестің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Жасанды интеллект аталған мүмкіндіктерді бірнеше есе күшейтеді. Қазіргі дамыған әлем жаңа технологиялық қалыпқа сәйкес түбегейлі экономикалық өзгерістер мен жаңғыру дәуіріне аяқ басты. Дәл осындай тарихи бетбұрыс кезеңінде көптеген ел өз мүмкіндіктерін жұмылдырып, дамуда зор серпіліс жасады, ғылыми-технологиялық жарыста алға озды. Оған тарихи мысалдар жеткілікті. XV-XVI ғасырларда Қытай әлемдегі экономикасы ең ірі ел болды, оның әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 60 пайызға жетті. «Аспанасты елі», «Орталық мемлекет» деген ұғымдар, соның ішінде императорға шетел өкілдеріне дейін тағзым ететін тиісті протоколдық рәсімдер осыдан шыққан. Бұдан кейін Англияда индустриалдық революция орын алып, іштен жанатын қозғалтқыш пайда болды. Қытай бұл өзгерістерден тыс қалды, соның салдарынан «апиын соғысы» деп аталған екі сыртқы агрессияның құрбанына айналды. Жаңа дәуірдегі Қытайдың кейінгі басшылары тарихи қателіктен сабақ алып, ғылымға, жоғары технологияға, жасанды интеллектіге басымдық берді. Оның нәтижесі айдан анық. Қазір Қытай барлық ел санасатын әлемдік державаға айналды. Сондықтан жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, шын мәнінде, біздің ұлттық стратегиямыз. Еліміздің болашағы мен оның әлемдегі озық мемлекеттер санатында болуы осы идеяны жүзеге асыруға тікелей байланысты. Жаппай цифрландыру азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалайды. Аталған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне сенімім кәміл. Мұндай саясат жастар арасында кеңінен қолдау тауып жатыр. Өскелең ұрпақ заман талабын жақсы түсінеді әрі технологиялық жаңалықтарға ашық. Әйтсе де қоғамда бұл мәселеге және күн тәртібіндегі басқа да проблемаларға күмәнмен қарайтындар бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл біз үшін қалыпты жағдай. Алайда мұндай ой-пікірлерді де ескеру қажет. Бәзбіреулер үшін мұндай міндеттер нақты іске ұласпай, сөз күйінде қалатындай көрінуі мүмкін. Бірақ Жолдауымда анық айттым: біз үшін, жалпы еліміз үшін басқа жол жоқ, әйтпесе ілгерілеуден, прогрестен, яғни даму көшінен қалып қойсақ, қауқарсыз, әлсіз халық боламыз, сыртқы күштердің кемсітуіне ұшыраймыз. Бұл – жай бәсеке емес, мәселе – басқада. Түптеп келгенде, бұл – Қазақстанның дербес ел ретінде өміршеңдігі деген сөз.
Ғалымдар әрдайым жасампаздық жаршысы болуға тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы халыққа ақыл айтатындар көбейіп кетті. Олардың арасында жалған ақпарат таратып, жұртты адастыратын адамдар аз емес. Осындай санасыз, пиғылы арам адамдардың теріс ықпалына түсіп, кейбір жастар ғаламторда неше түрлі өсек немесе халықты арандатуды көздейтін материалдар жаза бастады. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Тиісті мекемелер заманауи технологияларды пайдалана отырып, осындай деструктивті жазбаларды жазатын адамдардың аты-жөнін, тұратын жерін, бәрін анықтап алып жатыр. Олар жас болғаннан кейін әзірге түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Бірақ мұндай әрекеттер жалғаса берсе, тиісті мекемелер Заң мен тәртіп тұжырымдамасын орындау үшін басқа шара қолдануға мәжбүр болады. Мұндай сәтте ғалымдар үнсіз қалмауы керек, жастар арасында, жалпы қоғамда жан-жақты ағарту жұмысын жүргізуі керек. Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды, бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайлы қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасуы керек.
(Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінен)