Бүгін «Өнер орталығында» «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты ұстаздардың облыстық тамыз конференциясы өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, құқық қорғау органдарының басшылары мен білім саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері қатысты.
Тамыз конференциясында аймағымыздың білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен маңызды бастамалар жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жас ұрпаққа сапалы білім берудегі, тәрбиелеудегі ұстаздардың ерен еңбегін атап өтіп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен биылғы жиында Президентіміз: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деген болатын.
Мемлекет басшымыз білім мен тәрбие жұмыстарының аясын кеңейту, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу, мұғалімнің беделі мен мәртебесін арттыру секілді негізгі бес басымдықты айқындап, нақты тапсырмалар берді. Бұл – тек ұстаздарға ғана емес, әрбірімізге жүктелген үлкен жауапкершілік, маңызды міндет.
Биыл балаларды қосымша біліммен қамтуға 9 млрд.теңге қаржы бөлініп, 34 мыңға жуық бала тегін спорттық-шығармашылық секцияларға қатысуда. Осыған дейін үйірмелерді жан басына қаржыландыру спорт, мәдениет басқармалары арқылы ұйымдастырылған болатын. Алдағы жаңа оқу жылынан қосымша білім беруді қаржыландыру функциясы пилоттық жоба аясында еліміздің 6 облысындағы білім басқармасына беріле бастайды. Оның қатарында біздің аймақ та бар.
Кез келген мамандық, кез келген лауазым иесі ұстаздан білім, тәрбие алады. Күні бүгінге дейін ұстазымыздың алдында өзімізді шәкірт сезінеміз, саналы тәрбиесі мен сапалы білім бергені үшін басымызды иіп, құрмет тұтамыз. Шәкірті үшін өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын бағалайтын ұлағатты ұстаз қандай құрметке болсын лайық. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жастарымыздың бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ болуы – Сіздердің қолдарыңызда, мәртебелі ұстаздар!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Абдуламитұлы, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Тұрғанбайқызы, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық мектеп-лицейінің директоры Ләззат Өтегенқызы, Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Талғатұлы сөз сөйледі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент Жарлығымен білім берудегі аса үздік жетістіктері, Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Жалел Қизатов атындағы № 23 мектеп -лицейі биология пәнінің мұғалімі Айгүл Қиясоваға мемлекеттік марапат табыс етілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Астана қаласында өткен тамыз кеңесінде Серғали Толыбеков атындағы № 3 ақпараттық мектеп-лицейінің директоры Ләззат Әбенова «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген болатын.
Жиында ұстаздарға, Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, облыс әкімінің Алғыс хаты, кіші буын қызметкерлерге министрдің Алғыс хаты табысталды. «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицейі лайық деп танылды.
Айта кетейік, аймақтың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көздерінен өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде.
Бүгінде 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне табысталды. Қалған 4 мектептің 3-еуі жаңа оқу жылына дайын. 2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 9 мектепке 2 900 орындық қосымша ғимарат салынды. Бұл арқылы өңіріміздегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі