Қызылорда облыстық сотында «Азаматтық құқық және процесс» секциясы бойынша семинар сабағы өткізілді.
Семинарға Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Н.О.Қосанов, облыстық және қалалық соттардың судьялары, аудандық соттардың судьялары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Алқа төрағасының міндетін атқарушы Н.О.Қосанов семинарды ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, талқыланатын мәселелердің өзектілігіне назар аударды.
Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Н.Еламанов шарттық міндеттемелерге байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңды тұлғалар мен азаматтар арасындағы даулар бойынша баяндама жасап, осы санаттағы істерді қараудың ерекшеліктеріне тоқталып, сот тәжірибесінде жиі кездесетін проблемалық мәселелерді атап өтті.
Жаңақорған аудандық сотының судьясы Б.Пазылов өз баяндамасында «Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысында көзделген бірқатар маңызды мәселелерге кеңінен тоқталып, аталған қаулының азаматтық істерді қараудағы маңыздылығын атап өтіп, сот тәжірибесінде қолдану барысымен бөлісті.
Қызылорда қалалық сотының судьясы Е.Шекербеков «Соттардың атқарушылық жазбаға дау айту бойынша істерді қарау кезінде заңнаманы қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы бойынша баяндама жасап, атқарушылық жазбаның заңдылығы бойынша сотқа шағыммен жүгіну тәртібін түсіндіріп, атқарушылық жазбаны жасау туралы шағыммен сотқа нотариус оның күшін жоюдан бас тартқаннан кейін ғана жүгінуге мүмкін болатынын тілге тиек етті.
Семинар соңында қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі