Өсу, шыңдалу жолдары. Сәдуақас екеуіміздің сынып және жас айырмашылығымыз төрт жыл. Ол мектептегі оқуын менен жақсырақ оқыды. Әкеміз Әбдіқадырдың ертерек қайтыс (мен сегіз, Сәдуақас төрт жаста) болуынан тұрмыстық жетіспеушіліктен болған қиындықты бірдей көрдік, ауыртпалығын бірдей көтердік. Анамыз Бибісара өте сезімтал, жаңалыққа, нұсқалы сөзге, ғибратты тәмсілдерге жанықұмар, жады мықты, зерделі жан еді. Біздің үйде радионың өзі кейіндеу, өткен ғасырдың 60 жылдары ғана пайда болды. Радиодан тыңдап, көңіліне түйген, немесе өзіміз оқып берген ғибратты тәмсілдердегі қысқа, нұсқа түйіндермен бізді тәрбиелейтін. Оларды өмірлік тәжірибесімен байланыстырып қайта-қайта айтудан әсте жалықпайтын, сонысымен ғибратты мысалдар мен тәмсілдердің мағынасын жоғары ұқтырды. Анамыздың жиі айтатын, санамызға әбден орныққан «Жақсы жігіт піскен қауын, иісімен танылады», «Жаманға шалғайың тисе тартып алма, кесіп ал» деген нақыл сөздері өмірлік қағидатымыз болды.
Сәдуақас ерте есейді. Үшінші сыныптан төртіншіге ауысқандағы жазғы каникулда қыстық отын үшін кесек құйдық. Таң қараңғысынан түнгі ұйқыға жатқанға дейінгі уақытымыз балшық илеу, кесек қалыптау мен қамба бөктіру болды. Қамбадағы балшықтың иін қандырып, сыртқа шығарып, қырман ғып үйіп, қалыпқа сала беретін етіп дайындап алғасын Сәдуақасты оятамын. Осындайдың бірінде – Сәдуақас, Сәдуақас тұр дала жап-жарық болды, – деймін. Үйдің іші әлі жарықтана қоймаған, кешегі тірліктен шаршаған, әлі ұйқысы қанбаған Сәдуақас – Атаңның басы жарық – деді. Осы диалогты айтып, үй ішімізбен талай күлдік. Кесекті көбірек құйып, өнімді жұмыс істеген күндері анамызға келіп, біз бүгін 400-500 кесек құйдық деп мақтанатын және ол кісінің, – Міне жігіт болдыңдар, – деген сөзінен қуаттанатын едік. Себебі ол кісінің; «Жұмысқа келгенде бала, тамаққа келгенде жігітпіз ғой» деген екі жасөспірімнің отынға барғандағы әңгімесі жадымызда жаңғыратын да тұратын. Анамыздың қатал талабының арқасында ішкілік пен темекіге әуес болмадық.
– Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Бес нәрседен қашық бол, – деген Абай сөзі Сәдуақас өмірінің бағдаршамы. «Адамның басшысы – ақыл. Жетекшісі – талап. Жолаушысы – ой. Жолдасы – кәсіп. Қорғаны – сабыр. Қорғаушысы мінез. Сынаушысы – халық». Толық адам болудың кодексі деуге жарайтын Саққұлақ биден қалған осы «Жеті жетекші» Сәдуақастың өмірлік ұстанымы болды.
Кеңес өкіметінің бір артықшылығы адамды мақсаттылыққа тәрбиелейтін. Үлкен мақсатпен Шымкент қаласына барып технологиялық институтқа түсіп, студент болды. Одан құрылыс жұмыстарына қажетті темір-бетон конструкциялары бұйымдарының инженері деген мамандық алды. Бетон құюшы болып бастап, құрылыста шебер, прораб, техникалық бөлім инженері болып сатылап өсіп құрылыстың қыры мен сырын, бүге-шігесіне дейін меңгеріп, аудандық архитектор, облыстық атқару комитетінің құрылыс басқармасының басшысы қызметіне дейін көтеріліп, әбден шыңдалды.
Қайраткерлік. Азаматтық. СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында екі жыл оқып, партияның саяси қызметкері дәрежесін иеленіп, Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне сайланды. Сәдуақастың пар тиялық принциптен аттамау, туралықтан айнымау, қоғамның дамуына үлес қосу жолындағы қайраткерлігі мен қайсарлығы осы қызметтен басталды.
Сәдуақас батыл болды, принципшіл болды. Зиялы болды. Адамның зиялы болып жетілуі үшін ақыл аздық етеді, айла тіптен керексіз, үлкен жүрек керек. Елім, жерім деп соққан жүректің иесі – Сәдуақас.
Эйнштейн өз заманында он қасиетке он біріншіні қоспақ болыпты, «ҚОРЫҚПА!» деген. Қорқыныш көп. Дұрыс жүрмей қалдым ба, дұрыс бұрылмай қойдым ба, дұрыс айт пай қойдым ба, басым кетпей ме, балама зияны тиіп кетпей ме деген сияқты. Өзің үшін ғана емес, туыстарың мен жақын адамдарың үшін де қорқасың. Артық абайшылдық та – қорқақтық. – Башқұрт ұлтының жүрегіме қасқыр ұялаған, мен неге қорқуым керек деп ант ретінде айтылатын сөзі Сәдуақастың болмысына келеді. Жұртқа жақпайды екен деп дұрыс жолымнан, ұстанымымнан айны маймын деп отыратын, үнемі. Екінші хатшы кезінде қалалық партия комитетінің бюро мәжілісінде көптеген лауазым иелерінің тағдырлары талқыға түсетін. Бюро мүшелерінің Сәдуақастан өзгесі көңілшектік танытып, солқылдақ шешім жетегінде болғанда Сәдуақас айнымайтын. Оның мысалдары көп. Оларды айтып марқұмдардың әруағын қозғамай-ақ қояйын.
Кеңестік жүйеде болған Қазақстан билігі тарап, зауыт-фабриктер мен колхоз-совхоздарды ептілердің қолда рына ұстатып, жемқорлардың аузына тістетіп, кадрлар божырап, тоқырап жатқанда Сәдуақас мүмкіндігі бола тұра өзінің дүние мен мүлікке қызықпайтын адал қалпымен, бір сабақ жіп алмай өз күшіне, қажыр-қайратына сеніп, адами ұстанымын сақтап қалды. Әу бастағы жетіспеушілікте жеген қара нанның салмағымен бүгінгі өлшемдерді бағамдау дүние мен мал-мүліктік артықшылыққа жібермеді.
Тәуелсіздік жылдары. Егеменді ел болдық. Қуандық. Шаттандық. Сілкіндік. Ұмтылдық. Сендік. Көндік.
Көнбістік түбімізге жетер түрі бар. Талау мен тонау басталды. Ержүректілік пен батырлықты найза ласқан қолма-қол ұрыстан көргісі келген адам қателеседі. Сәдуақас сияқты қоғам қайраткерлерінің майдандасатын көзге көрінбейтін алаң пайда болды.
Жаңадан құрылған «Ақ жол» партиясына мүше болды. Алтынбек Сәр сенбаев, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Людмила Аркадьевна Жулановалармен иықтас, рухтас болып «Отан», Нұр Отан» деген биліктің сойылын соғатын, Назарбаевтың «сарабдал саясатымен» айқастың бел ортасында жүрді. Бірнеше оққағарлары, қылт еткенді таспаға түсіріп тұрған бейнебақылауы бар, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтарды ажал құштырып отырған алып жүйемен шайқасқа шыдас беру мүмкін емес еді. «Ақ жол» және «Нағыз ақ жол» болып партия екіге бөлінгенде, – «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деген бар, сен сияқтылар жалғыз. Сенің көзіңді жою билікке дымға да тұрмайды, деп Сәдуақасты барлығымыз жалынып салқынқандылау Әлихан Байменов жетекшілік ететін «Ақ жол»жағында қалуға әрең дегенде көндірдік.
Зейнетке шыққасын қоғам дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік ету қоғамдық жұмысын атқару Сәдуақасқа бұйырды. Ондаған жылдар бойы қозғалыссыз, аты бар да, заты жоқ осы жұмысты қолға алғаннан Сәдуақаста тыным болған жоқ. Сәдуақас тапсырма күтпей-ақ белді буып, білекті сыбанып іске кірісті де кетті. Халықаралық қазақ тілі қоғамының Қызылорда облыстық филиалының жарғылық құжаттарын, мөрін дайындап, «Тіл сақшысы» деген республикалық газет шығаруды бастады. Өзім осы газет шығарғанына қарсы болдым.
– Мына жұмысыңнан түк шық пайды, облыста шығып жатқан газет көп. Кім оқиды сенің газетіңді. Тиражын қамтамасыз ете алмайсың – дедім. Оным бекер болғанын көріп отырмын. Ұзартып соза бермейін, Сәдуақастың жетекшілімен Қызылорда облыстық филиалы республикада теңдесі жоқ үлкен, абыройлы, өзге облыстарға үлгі, өнеге қалыптастырған ұйым болды. «Тіл сақшысы» газетінің таралымы 13 мыңға дейін жетті. Ел-жұрт іздеп жүріп, сұрап алып оқитын басылым болды.
Сыр елінің тұрғындары мені Сәдуа қаспен шатыстырады. – Сіздің газеті ңізді оқып тұрам, ондай басы лым жоқ. Адамның жанына азық болып жүрген газет, көтерген мәселелеріңіз ең зәру, ең өзекті, үй ішімізбен, ауыл-аймақ боп оқимыз, – деп жатады.
– Газет шығарушы мен емес, ол менің інім ғой, – деймін.
Иә, осындай елге қажетті газетті жабу үшін билік неше түрлі айлаға барды. Тексерістер жасады. Газетті сақтап қалу, Қазақ тілі қоғамының ауқымды істерін тоқтатпай жалғастыра беру Сәдуақасқа үлкен ауырлық әкелді. Күресуге, майдандасуға тура келді. Мемлекеттің аты – ҚАЗАҚСТАН. Ана тіліміздің үстемдігін Конституцияда көрсетілгендей дәрежеге жеткізу үшін майдан жүріп жатыр дегенді әлемнің өзге елдерінің азаматтарына түсіндіре алмайсың. Ал шындығында, бізде солай! Қаншама тер төгілді. Қаншама жүйке жұқарды. Қаншама ұйқысыз түндер, қарбалас күндер өтті. Бірақ, Сәдуақас мойымады. Сынбады. Қыңбады. Қадыр ақынның: – Екі қолың не үшін керек? Елге көмек беру үшін. Екі көзің не үшін керек? Жақсылықты көру үшін. – Қос құлағың не үшін керек? Ақыл-кеңес тыңдау үшін. – Жүрегің не үшін керек? Жауларыңнан қыңбау үшін. – Тіл мен жағың не үшін керек? Ақиқатты айту үшін. – Екі аяғың не үшін керек? Сыртта жүрсең елге қайту үшін! Қадекең осы айтқандарында Сәдуақастың сом тұлғасы тұр. Кейбіреулер мойнындағы қоғамдық жұмыстарды өздеріне дәреже көріп, атын арқалап жүре береді. Сәдуақас сол қоғамдық жұмыс үшін, яғни ұлт мүддесі үшін жаратылғандай біте қайнап бүкіл өмірін арнады.
Құндылықтарды бағамдау. Адамдығыңды айқындайтын үш құндылық бар. Еңбек. Адалдық. Жетістік. Екеумізге ортақ құндылық – ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ: Сәдуақас маған қарағанда артығырақ еңбекқор. Ісіне берілгендігі соншалық күн батпаса екен, таң тезірек атса екен деп тілейді. Әрбір сағаты емес, әрбір минуты Сәдуақас үшін қымбат. Таң атқаннан кеудесін қуат кернеп іске құлшына кіріседі. Шығарған газетінің әрбір саны ол үшін бір туынды. Бір көркем шығарма. Со дан ләззат алады. Қайраттанады. НАМЫС деген биік қасиеттен бір пәске де аласармағаны, оның Еркін Әуелбековтің, Аман Төлеевтің рухына адалдығы. Амангелді Айта лының, Алтынбек Сәрсенбаевтың қайраткерлік болмыстарын өзіне өнеге етуі, олармен тірі кезінде достық қарым-қатынаста болуы, рухтарын құрметтеуі айғақтайды. Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құн дылық – АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ. Құндылықтың үлкені, ең негізгісі – ТІЛ. Оншақты жылдан бері шығарып келе жатқан «Тіл сақшысы» газетіндегі өткір мақалаларды жинақтап, «ТІЛ САҚШЫСЫ – НАМЫС ҚАМШЫСЫ», «СӨЗІМ – ҰСТАНЫМЫМ» деген кітаптар шығарып жүр. Адами құн дылықтар: – Ірілік. Кісілік. Кішілік аза маттық ұстанымыңа байланысты. Барлығы да «Сөзім – ұстанымым» кітабында қамтылған. Мақалала рындағы сөзі, оқшау ойы қандай болса, Сәдуақастың өз болмысы да сондай. Айырмасы жоқ. Өз күшіне, алға қойған мақсатына сенген, ақиқатқа тура қара ған анамыз, санасына сіңірген сәулені сөндіріп алмаған Сәдуақас… Неге солай?! Мақаламның басында айтқан анамыздың тәрбиесі. Кедей шілікте дәмін татқан қара нанның баға сын ес тен шығармай, бүгінгі өлшеммен салыс тыру, бағамдау. Аязбидің ұстанымы!
Бауырлық, бауырмалдық. 1970 жыл. Мен екі балалымын. Сәдуақастың бір баласы бар. Анаммен бірге бір үйде тұрамыз. Шағын-шағын ескі тәпелтек тамдар. Аулада бізден басқа Баймұратов Ақбергеннің үйі бар. Маған жұмыс орным Жосалы механикалық зауыты үш бөлмелі кең үй берді. Анам екеуіңнің де балаларың бар, сен бөлек шық. Анау алған үйіңе көш. Осы үйдегі азын-аулақ ыдыс-аяқ, кесе-шайнек, көрпе-төсектеріңді бөліп берем деді. Мен көшсек бірге көшейік, алып жатқан үйім осы отырғанымыздан кең, әйтпесе осы үйдегі барлық дүниені машинаға тиеп алып кетемін, сосын амал жоқ, көшесіңдер деймін. Ақыры анамның айтқаны болды, маған тиесілі заттар машинаға тиелді. Көршілер жиналған. Сәдуақас екеуміз құшақтасып көпке дейін құшағымыз ажырамады. Екеуміз де жыладық. Куә боп тұрған көршілер де көз жастарына ерік берді. Екеуіміз бірігіп үй салдық. Сәдуақас қызмет бабымен Қызылордаға көшті. Мен де көштім. Салынған үйді саттық. Қаржысын теңдей бөліп алдық. Сәдуақастың біздің отбасымызға көмегі, қамқорлығы көп болды. Сәдуақас 60 жасқа толғанда ұл-қыздарымның басын қосып, Сәдуақас – менің әкем. Мені қалай сыйлап құрметтесеңдер Сәдуақас тәтелеріңді де солай сыйлап құрметтеңдер деп өсиет айттым
Жетістік. Сәдуақастың жетіс тігі көп. Атақтары мен мара паттары да жетерлік. Атақты болдым деп сезіну – жалған жетістік. Күрес керлердің өмірлері мехнатты болады. Сәдуақастың 80 жылдық ғұмырының қоғамдық істердегі кезеңі мехнатты болғанымен еш ӨКІНІШСІЗ: Нағыз жетістік – адамның артына қарағанда өкінбеуі.
Сәпен ағасы. Қаңтар 2025 жыл
Аңсаттың Сәдуақасы
Былай сырт адам екеуінің бір туған бауыр екенін біле бермейді. Қайдан білсін, сырт келбеттері де бір-біріне ұқсай бермейді. Бірі – бойшаң, бірі – ақшыл реңді. Үлкенінің тақиясы бар. Кішісі үнемі портфель ұстап жүреді. Сондай-ақ коммунистігі көрініп тұрады. (Партиялығы емес. Баяғыда шыншыл, турашыл жандарды коммунист дейтін едік қой). Ағасының қазақшылығы басымдау. (Өз ойым).
Бірақ, бұл екеуі екі бөлек әлем деген сөз емес. Екеуін біріктірсе бір Сәдуақас, немесе бір Сәпен шығары сөзсіз.
Бауырлардың кішісі, біздің әріптесіміз, бәрімізге танымал “Тіл сақшысы” газетінің бас редакторы, облыстағы қазақ тілі қоғамының төрағасы Сәдуақас ағай 80 жасқа толып отыр. Айтулы мереке.
Сәдуақас ағай туралы көп нәрсе айтуға болады. Мемлекеттік тіл шешілген деп танитын Қызылордадан тілдің мәселесін тауып алып, қайсыбір жиындарда мінберге шығып, әйтпесе микрофонды алып алып, жәймендеп тілді дамытудағы кедергілерді келтіре айтып, «қанды ішеді-ақ…» Жиналыстарда «қан ішкені» аздай, газетіне сын мақалалар жазып, биліктің келеңсіз тұстарымен “мыңбала болып” алысып жүргеніне “ту, ағай да бір” дейтіндер де бар…
Оған қарап жатқан Сәдуақас ағамыз жоқ. Айтатын жерінде айтып, жазатын жерінде жазып, өз миссиясын мінсіз атқарып, қалам ұстағандардың баршасына журналистикаға деген адалдығымен бәсекелес болып жүр. Сыр бойы журналистикасы үшін журналист көптік етпейді. Тіл сақшысы болып жүрген Сәдуақас ағамыз Сыр бойы журналистикасының айбыны бола берсін. Тілектеспіз.
Сәдуақас ағаның мерейтойы қарсаңында бауыры Сәпен аға оған деген ізгі тілегімен арнау мақала жазыпты.
Түрі де, түсі де бір-бірінен бөлек, алайда ішкі жан дүниелері үйлескен рухтас бауырлардың бауырмалды ғына тағы да сүйсіндік.
Сәпен аға, “Інісі бардың тынысы бар”. Сәдуақас аға, “Ағасы бардың, жағасы бар”…
С.БИХОЖА