Ұлан-ғайыр қазақ даласының кез келген өлкесі киелі, қастерлі, қадірлі. Кең жазирамыздың әр жерінің тарихына терең бойлап, өткеніне үңілсеңіз, небір тың деректермен танысып, тау тұлғаларымыздың күреске толы өмір жолынан қанық боласыз. Соның ішінде топырағы бөлек, рухты өлке Арал даласы туралы толғанбау мүмкін емес. Қойнауына талай құпияны бүгіп жатқан қарт Аралдың құм-тасын түртіп қалсаң талай шежіре сайрап берер!
Арал өңірі – ежелден өнер мен дәулет қонған жер деп Әбілхан Маханов жырлағандай бұл шынында да солай. Кешегі Жаңаберген, Жаппарберді, Бітімбай, Жәмет, Дәріқұл, Кәрбоз, Үмбетәлі, Бекбосын, Хамза, Қуат, Берекет жыраулардан бастап,бүгінгі Бекұзақ, Сұраған, Рысбек, Темірхан, Набат, Елмұра, Демеулер осы өңірден өсіп шықты. Сол Арал топырағынан шыққан Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің алыптарының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына биыл 100 жыл толды.
ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҒАЖАП ҒҰМЫР
Кеңес заманында оның «Қан мен тер» трилогиясы қазақ әдебиетінің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейінгі үлкен жетістігі ретінде бағаланды. Бергі уақытта бұл туындыны «коммунистік идеологиямен жазылған» деп, жоққа шығарғысы келгендер табылғанымен, ойлы оқырман «Қан мен тердің» ХХ ғасыр басындағы ел тағдыры, халықтың тұрмысы, жан-жақтан қыспаққа алған күштерге қарсы күресі жайлы шығарма екенін, ешқашан құндылығын жоғалтпайтынын жақсы түсінеді. «Әбдіжәмілдің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «XX ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды», — деп Ақселеу Сейдімбеков айтқандай, Әбдіжәміл Нұрпейісов халқымызға аса ауыр соққан ХХ ғасырдағы қасіреттер туралы дер уақытында жазып, ұлт тарихының осы бір бөлігін кейінгі ұрпақтар ұмытпасын, еске алып, толғана жүрсін деген мақсатпен ұлы туындыларға айналдырып кетті.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 2-кітап – «Сергелдең», 3-кітап – «Күйреу», және «Сең»), «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тіліне аударылған.
«Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.
А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.
Өткен аптада Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасына қарасты Өңірлік Коммуникация қызметімен бірге Арал ауданына жасаған сапарымызда бірқатар іс-шараларды тамашалап қайттық.
Алғашқы іс-шараның шымылдығы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде ашылды. Шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов арнайы қатысты. Қонақтар әдебиет үйінің ауласына енген кезде «Арал вальсі» әнін тыңдап, арнайы дайындалған балықшылардың тыныс-тіршілігінен қойылған көрмелермен танысты. Содан кейін салтанатты іс-шара аясында «Теңіз – өмір арнасы» атты аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының қойылымын тамашалады.
Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер Ә.Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізушілер жан-жақты мәлімет беріп, шараны ашып беру үшін Шахмардан Баймановқа сөз кезегі берілді.
– Қадірлі ағайын, құрметті қонақтар, ардақты аралдықтар! Саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен дос болып, арымен серттескен, туған жерінің талайлы тағдырына алаңдап, тұтас дәуірдің жүгін арқалай білген алып тұлға,артына көл-көсір мұра қалдырған Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке биыл 100 жыл. Нақтысы 22 қазанда қазақ Әбе деп құрметтеп, төбесіне көтерген тау тұлға 100 жасқа толды.Бүгін өздеріңізбен бірге қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлт намысын ұран тұтқан ерен тұлғаның 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбе» атты шараның салтанатты ашылу рәсімінде жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Абыз жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Мерейтой құтты болсын ағайын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мұнан соң ұлысқа игілік болатын игі ізін қалдырып, ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен танысу мақсатында қонақтар Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне кірді. Мұнда Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан экспонаттар жиынтығы қонақтарға таныстырылды. Мұнда классик жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігерлерді меймандар тамашалады.
ЕСКЕ АЛУҒА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТУРНИР ӨТТІ
Мұнан кейін қазақ әдебиетінің абызын еске алуға арналған облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Аралтұз» АҚ-ның демеушілігімен қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Тартысты доданың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов тағы сөз сөйледі.
– Қадірлі спортсүйерқауым! Халқымыздың мәдениетінде, әдебиетінде өшпес із қалдырған, жауқазын шығармаларымен көптің көңіліне жол тапқан, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ерекше рөл атқарған Әбенің 100 жылдық мерейтойы тек даталы мереке емес. Қанша уақыт тойласақ та, қанша уақыт жырласақ та оның кемел болмысын, даралығын ашуға сөзіміз де, ісіміз де жетпейтіні анық. Қазан айының 20-шы жұлдызынан бастау алған іс-шаралар легі бүгін, міне, жазушының туған жеріндегі тартысты додамен жалғасын табуда. Қазақ күресі – тек күш пен шеберлікті көрсететін спорт емес, ол – ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің, және патриотизмнің жаршысы. Барша қатысушыларға сәттілік тілей отырып, мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Әбдіжәміл Нұрпейісовтің рухына, әдебиетіміз бен мәдениетімізге құрметімізді білдіріп, оның шығармалары арқылы жүрегімізде орын алған асыл құндылықтарды мәңгілікке жаңғырта берейік, – деді Шахмардан Асқарұлы.
Облыс әкімінің орынбасарының сөзінен кейін турнирдің бас демеушісі «Аралтұз» АҚ-ның директоры Д. Рахымбаев сөз алды.
– Алаш жұртының Әбесі атанған Әбдіжәміл Кәрімұлы – ғұмырын ақиқат пен шындыққа, Ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгер. Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды. Халық жазушысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті әрекеттері де, қару мен қаламды қатар ұстап, зұлмат жылдар шындығын тарих қойнауына бүкпесіз таңбалауы да Әбенің ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі. Ол – Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы ғана емес, Мемлекетіміздің әлеуметтік-идеологиялық тұрғыдан дамуына өз үлесін қосқан қоғам қайраткері, – деді ол.
Мұнан соң әдебиет абызының немере інісі Ақтөбе облысынан арнайы келген Ә.Сламбаев сөйледі.
– Ағамның тағдыры оңай болған жоқ. Аштықтың, қуғын-сүргіннің куәсі болды, бұғанасы бекімей жатып қолына қару ұстап, майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Өйткені Әбе ағам – тектілердің тұяғы. Біздің ата-бабаларымыз ту ұстаған батыр, сөз ұстаған би болған. Сондықтан қасиетті тіліміз бен жерімізді даулағанда аузы дуалы ақсақал, данагөй қария алға шыққан жоқ па? Әбе ағам 95 жасқа толғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп «Енді ғасырлық мерейтойыңызда кездесейік» деген тілекпен бірге «Еңбек Ерінің» алтын жұлдызын төсіне тағып еді. Амал не, Алланың әміріне қарсы шығу мүмкін емес. Бірақ біз бүгін Алла тағалаға өкпе айту үшін емес, қазақ халқына осындай тұлғаны сыйлағаны үшін рақмет айтып, құран бағыштап, еске алуға жиналдық. Осы бір ұйытқылы істе Әбенің рухы бізбен мәңгі бірге! Ардақты аға, өзіңізбен бірге өткен уақыттар, дегдар дидарласулар, рухани құндылықтарды байытқан тағылымы мол кездесулер, ағалы-інілі болып сырласқан сәттер менің жүрегімде мәңгілікке сақталатын болады,-деді немере інісі.
Турнир барысында палуандар 6 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Бұдан бөлек түйе палуан сайысы бойынша да еліміздің әр аймағынан келген апайтөс алыптар өзара бақ сынасты. Бозкілемде Қызылорда қаласы, Жаңақорған ауданы, Шиелі ауданы, Сырдария ауданы, Жалағаш ауданы, Байқоңыр қаласы, Қармақшы ауданы, Қазалы ауданы, Арал ауданы командаларының палуандары өзара белдесті.
– Бүгінгі турнирде ең үздік балуандар бақ сынауда. Қазақ күресінің алыптары өзара мықтыны анықтамақ. Балуандарымыз жекелей сында 55, 60, 70, 80, 90, 100 келі салмақ дәрежесінде күш сынасуда. Одан бөлек түйе палуандар белдесуі өтеді. Бұл қазақ спортының жаңа дәуірге көтерілгенінің көрінісі. Қазақ күресі арқылы Әбдіжәміл Кәрімұлының есімін ұлықтап, жастарға спорт арқылы патриотизмді насихаттаймыз, – дейді қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші Ғалым Ержанов.
ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЖАНҚОЖА
Мерейтой аясында Арал аудандық мәдениет үйінде ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толуына арналған «Ел қорғаны – Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Жаужүрек батырлардың бірі, ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция осыдан 1 ай бұрын Қазалы ауданында өткен болатын.
Аудандық мәдениет үйінде өткен конференцияны аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жүргізіп, баба рухына арналған танымдық шараның мәні мен мазмұнын айшықтай түсті. Жиында алдымен облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз алып, батыр баба рухына арналған танымдық шараның мазмұнына тоқталып, оның ерлікке тән жорықтары мен ел қорғанына айналған батырлық болмысына тоқталды. Жиынға қатысушыларды бабалар мерейтойымен құттықтап, рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тіледі.
Шахмардан Асқарұлы конференция жұмысына сәттілік тілеп, тарихи тұлғаның ғасырдан ғасырға жеткен ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі», – деген еді. Бүгін біз ұлы даладағы үш жүз жылға жуық тарихы бар ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі, отаршыларға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, Алаш жұртының азаттығы үшін елдік туын көтерген қазақ даласының хас батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына арналған «Ел қорғаны – Жанқожа» атты ғылыми-танымдық конференцияға жиналдық. Конференцияның ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Он тоғызыншы ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресей империясының қол астына енгені тарихтан белгілі. Хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енуі, қазақтың құнарлы жерлерден айрылуы халықтың наразылығын тудырды. Осындай қасіретті кезеңде Кенесары Қасымұлы, Сырым Датұлы, Есет Көтібарұлы секілді қолбасшылар халқымен бірге азаттық жолында күресті. Сыр бойындағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс қазақ қоғамындағы ең ірі бас көтерулердің бірі ретінде тарихқа енді. Дана халықтың төл перзенті, ең күрделі кезеңде өмір сүрген, ұлт азаттығы қозғалысының көрнекті басшысы болған Жанқожадай батырымызды еске алып, оның өмірі мен ерлігін дәріптеу – біздің азаматтық парызымыз. Баба есімін ұлықтау мақсатында өңірімізде ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Халық батырының 240 жылдығына орай облыс орталығындағы теміржол вокзалы алаңына еңселі ескерткіш тұрғызылды. Қызылқұм беткейіндегі шекара заставасы, аудан орталығындағы басты көше баба есімімен аталды. Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке, әр кезеңде Астана, Ақтөбе қалаларындағы орталық көшелерге есімі берілген. Еліміздің азаттығы жолында жарқын істерімен, жанқиярлық ерлігімен өшпес із қалдырған Жанқожа Нұрмұхамедұлының асқақ рухы халқымен мәңгі бірге бола береді, – деді Шахмардан Байманов.
Мұнан соң ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр» тақырыбында баяндама жасады. Сосын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов «Жанқожа батыр жырының тарихи негіздері және нұсқалары» туралы айтып, қазақ әдебиетіндегі тарихи мұралардың бірі саналған жыр туындылары жайында жан-жақты сөз сабақтады.
Тағылымды кездесуді одан әрі жалғаған журналист, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы «Жанқожа батыр туралы тарихи өлең жырлардың жаңғырығы және өміршеңдігі» жөнінде айтып, Жанқожа батыр туралы жазылған өлең-жырларға шолу жасады. Батырдың әдеби қаһарман ретіндегі көркем бейнесі ақындардың шығармалары арқылы талданды.
«Бекмырза – Жанқожа батыр серігі» тақырыбында баяндама жасаған тарихшы-өлкетанушы Б.Қуатов Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтерілісте әділдік пен адалдық үшін күресте қол бастаған Жанқожа батыр мен Бекмырза ханның арасындағы нағыз батырларға тән достық, бауырмалдық байланысты айғақтай түсті.
Конференция соңында Арал өңірінің тарихы мен осы аймақта өмір сүріп, өшпес із қалдырған тұлғалар жөнінде ұзақ жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан тарихшы Болатбек Қыстауұлы Қуатовтың «Халқы қалаған хан Бекмырза» және «Арал ауданындағы қуғын-сүргін зобалаңы» атты екі кітабының тұсауы кесілді.
Көркем бояумен көрікті ой айтқан қылқалам шеберлері Арал аудандық оқушылар үйінде қазақ әдебиетінің асқар шыңы, ұлтымыздың асыл перзенті, көрнекті жазушы, әрі қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Қалам ұшындағы ғалам» атты Халықаралық суретшілер симпозиумы өтті.
Алдымен Оқушылар үйінің фойесінде «Қалам ұшындағы ғалам» атты суретшілер симпозиумына қатысушы суретшілердің көрмесі қойылып, қонақтарға таныстырылыммен басталды. Шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, симпозиумның маңызын және жазушы өмір сүрген аймақты, оның кейіпкерлерін, Әбдіжәмілдің рухани дүниетанымын, жандүниесін, таза болмысын тереңірек атап өтті.
– Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар, бүгін біз «Қалам ұшындағы ғалам» атты Халықаралық суретшілер симпозиумында жиналып отырмыз. Бұл күн – қазақ руханиятының тойы, әдебиет пен өнердің мерекесі. Біз не мақсатта суретшілер симпозиумын ұйымдастыруды таңдадық. Себебі текті өнердің төресі бейнелеу болмысымен бізге етене. Оның үстіне бүгінгі мерейтой иесі әлемге суреткерлігімен танылған тұлға. Әбдіжәміл Нұрпейісов – тек қаламгер ғана емес, халықтың жаны мен тағдырын, оның қуанышы мен қайғысын жүрек тереңінен өткізіп, шынайы бейнелеген суреткер. Әрбіріңізге ұлы жазушының рухы шабыт сыйлап, өнерлеріңізде жаңа белестерді бағындыруға серпін берсін! – деп ізгі ниетін білдірді аудан басшысы.
Халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы суретшілер заңғар жазушы Әбенің шығармаларында айтылған жерлермен танысып шығармашылық шабыт алып өміршең өнерді дүниеге әкеліп, тарту етті. Кәсіби суретшілер жас суретшілер және олардың ұстаздарына шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шарада Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымы сыйлығының иегері Қайырбай Зәкіров аталмыш шараның мазмұндылығына тоқталып, туған жердің құдіретін айтып өтті.
– Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала немесе мен үшін туған кент. Менің туған жерім осы Арал ауданы. Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және бала-бақшаға барған көше әлі есімде. Жалпы, өнер туралы айтатын болсам мынау – жыр, мынау – өлең, мынау – сурет деп бөлген емеспін, өйткені барлығы бір қазандықта жатқан өнер. Ақын болып жүріп бояудың теориясын жазған Гете «Ақын көп сурет салып, аз жазу керек» деген екен. Себебі, бұл өзің жүрген кеңістікке бойлап, өзіңді танытуың үшін керек нәрсе,-деді Қайырбай Зәкіров.
Жазушының ғасырлық мерейтойының маңызы көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген және елімізге танымал, дарынды суретшілердің қатысуымен еселене түсті. Оның ішінде Қазақстан Республикасының суретшілер Одағының төрағасы, «Күміс терек», «Кенесары хан», «Кездесу», «Қозы мен Баян», «Ата жолы» және де басқа көптеген туындылардың авторы Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлы алған әсері туралы бөлісті.
– Бұл – өгей қалған өнер жанры Қазақстан бойынша Арал халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі.
Өнерді түсіну үшін үлкен парасат пен пайым һәм жүрек керек. Суреткер жазушы Ә.Нұрпейісовтің мерейтойы тарихқа өнегелі таңбасын қалдырып жатқаны көңілге серпін береді, – деді ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.
Сондай-ақ Өзбекстан суретшілер Одағының мүшесі Диоров Нартайлақ Сейітқұлұлы және Қырғызстанның танымал суретшісі Орманбеков Шыңғыспен қатар біршама қылқалам шеберлері қатысып, симпозиумның маңыздылығы мен бауырлас елдер тағдырана ортақ Арал туралы ой қозғады.
МЕРЕЙ МӘРТЕБЕСІ МӘҢГІЛІК
«Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты шаралардың жалғасы «Мерей мәртебесі мәңгілік» деген атаумен жалғасын тапты.
Басқосудың басты себебі, кеш қонақтары Арал толқынынан нәр алып, ғылым мен тарихқа ерекше үлес қосып жүрген ҚР «Білім беру ісінің Үздігі» төс белгісінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, профессор Берекет Кәрібаевтың және әл[1]Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосановтың 60 жас мерейтойы.
Рухани бағытта бастау алып, көрермендердің жерлестерге деген құрметтін арттырған шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, мерей-той иелерінің ғылым мен өркениетке қосқан үлесін айрықша атап өтті.
– Қадірлі ағайын, бүгін Аралдың қос ғалымының 60 жас мерейтойына орай бас қосып отырмыз. Биыл атап өтіп жатқан Әбенің 100 жылдық мерейтойынан өзге алты Алашқа белгілі Аралға да ортақ өзге де даңқты тұлғалар бар. Әйтеке бидің 380 жылдығы, Жанқожа батыр мен Сапақ бидің 250 жылдығы, Арал батырдың 200 жылдығы. Бұл ұрпақтар санасына серпін беретін мерекелік іс-шаралар. Қазақ деген тағдырлы халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін шұрайлы тіл, кемел ойымен көркем кестелеген кемеңгердің 100 жылдық мерейтойы аясында шымылдық түрген «Мерей мәртебесі мәңгілік» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер! Бүгін мерейтой иелерінің соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектері мен жыр жинақтарының тұсаукесеріне де куә боламыз. Сонымен қатар бірқатар жерлестеріміз марапат төрінен табылып, ерекше құрметке ие болады, – деп аудан әкімі ізгі тілегін білдірді. Шара барысында ауданды түлету мақсатында қолға алынған байыпты бастамаларды іске асырып, ел дамуына ерекше еңбек сіңірген биология ғылымдарының докторы, профессор, еңбек ардагері Кенебай Қожахметов, құрылыс саласының ардагері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Муфтолла Дабылов және «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағының иегері, журналистика саласының ардагері, «Үздік журналист», II-III Орта Азия Экологиялық фестивальдерінің жүлдегері Жаңабай Кемалов сынды азаматтар ауданның жоғарғы марапаты «Арал ауданының Құрметті Азаматы» атағын алды.
Кешті одан әрі филология ғылымдарының кандидаты, ғылымда өзіндік із қалдырған ғалым, араб және түркі әлемінің мәдениеті мен рухани құндылықтарын зерттеуші Тұрғанбаев Асқар Әбдуәлиұлы тізгіндеді.
Басқосу барысында жұртшылық назарына ҚР «Білім беру ісінің Үздігі» төс белгісінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, профессор Берекет Кәрібаев пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнеролик ұсынылды.
Мұнан соң жиналған жұртшылық мерейтой иелері Берекет Кәрібаевтің «Тұлға мен тұғыр» және Серікбай Қосановтың «Қазақ хандығының басқару институттары» атты кітаптарының тұсаукесер рәсіміне куә болды.
Басқосу соңында мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Саржанов, Берекет Кәрібаевтың туыс ағасы, ардагер ұстаз Қ.Мәлімбаев, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің өкілі, белгілі заңгер Н.Тұржанов және тарихшы Б.Қуатов сынды бір топ азаматтар мерейтой иелеріне ізгі лебіздерін жеткізіп, ерекше құрмет көрсетті.
АРАЛ КӨГІНДЕ ӘН ҚАЛЫҚТАҒАН КҮН
Қазақтың маңдайына басқан шоқ жұлдызы, әлем әдебиетінің абызы мен аңызына айналған Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдық мерейтойы аясындағы танымдық, рухани бағыттағы шаралар аудан жұртшылығының көңіл сарайын сергітіп ерекше әсерге бөледі.
Ертелі-кеш ұйымдастырылған түрлі бағыттағы іс-шаралардың легі кешкілік «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты мерекелік гала концертке ұласты. Арал көгін әсем әнге бөлеген орталық алаңдағы шара бұл жолы елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының ерекше туындыларымен өрнектелді.
Мерекелік кеште аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аралдықтарды мерекемен құттықтап, ерекше лебізін жеткізді.
– Құрметті ағайын, қадірлі қонақтар! Алаштың асыл перзенті, Қазақстанның халық жазушысы, әлем әдебиеті қазынасына мол үлес қосқан қаламгер Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов ғасырға жуық өмір сүрген ғажайып тұлға. Топырағына өлең мен өнер қатар түнеген қасиетті Сыр елінде, оның ішінде Арал топырағында Әбеңдей перзенттің дүниеге келуі бір мақтаныш болса, оның 100 жылдық мерейтойы күллі қазақтың қуанышы. Бүгін сол мерейлі тойдың қарсаңында Сіздермен тағы бір мәрте қауышып отырмыз. Осындай қайраткердің рухани болмысын аша түсу мақсатында өткізіліп жатқан бүгінгі шаралардың қорытындысы ретінде өтетін мерекелік гала концерт көп көңілін көкке көтерсін! Мерейтой баршаңызға құтты болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ортаймас ырыс, мол бақыт тілеймін! Қасиетті Арал топырағынан Әбенің ізін жалғайтын талапты жастар шыға берсін! – деген аудан басшысы мерейтой аясында өткізіліп жатқан шаралар легіне тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз сабақтады.
Мұнан соң Әбенің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Қалам ұшындағы ғалам» атты суретшілер симпозиумында қылқалам құдіретін танытып, Арал өңірінің түрлі көріністерін қиял әлеміне сыйдырған суретшілерге аудан әкімінің Алғысы мен қаржылай сыйақылары табысталды. Қазақ күресінен республикалық турнирдің «Түйе палуан» жүлдегерлері де түрлі деңгейдегі қаржылай сыйақымен марапатталды. Палуандарға марапатты «Аралтұз» АҚ-ның зауыт директоры Дәулет Рахымбаев табыстады. Теңізді өлкенің көк аспанын ән-жырмен көмкерген гала концерт ауданнан шыққан елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының танымал әндерімен жалғасты.
Өнер көгінде қалықтаған әншілер қатарында ақын, сазгер, аралдық Шымберген Сүлейменов, дәстүрлі әнші Өмірқұл Айниязов, көптеген танымал әндердің авторы, әнші, сазгер Үкітай Ерниязов, әнші Маржан Исаева және эстрада әншісі, ел жастарының арасында ерекше танымалдылыққа ие, көптеген хит әндердің орындаушысы Кеңес Әлімжан бар.
Орталық алаңда ерекше сән салтанатпен өткен гала концерттің ең думанды сәті мерекелік от шашу болды.
P.S. Әдебиет әлемінің нағыз жауһары, асқаралы биігі жазушы қолтаңбаларының көшіне ілесу – бүгінгі көзі қарақты оқырмандар мен болашақ ұрпақтың еншісінде.
Ұлы тұлға артында жалғасқан өміршең өркендер қалды. Алғысты-баталы дүйім ел-жұрт қалды. Сол хазіреті қауыммен мәңгілік көзайымда сонау алғашқы қанат қақты дүние «Күткен күн», онан кейін әлем игілік еткен «Қан мен тер», жазушы- азаматтың ел мен жер алдындағы соңғы парызын атқарған іспетті «Соңғы парыз» еңбектері қалды. Ұрпағымен мың жасаған Лұқпан Хәкім өмірі секілді, енді жазушы өмірі осы туындыларымен жалғасады. Ол болмыспен бірге жаса сардай ұзақ та мағыналы ғұмыр болмағына ел сенімді.
Мұхаммедшах Каюп