Көпқабатты үй пәтерлеріндегі ыстық су мәселесі – Қызылорда облысы тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Енді біршама уақыттан кейін тұрғындар ыстық сумен қамтыла бастайды. Нақтырақ айтқанда тұрғындарды ыстық сумен қамту екі кезең арқылы жүргізіледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин:

– Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамту мәселесін дер кезінде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыстар қолға алынды. Бүгінге дейін Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілген еді. Бүгінде әр үйде кем дегенде 50 литрлік Аристон бар. Ол құрылғы суды ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді. Оған кететін шығындар айына 1 700 теңге мен 2000 теңгенің аралығын құрайды. Біз осы орайда Аристон пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған пәтердiң төлемақысын салыстырдық. Нәтижесінде, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін жыл басынан бастап құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. Мәселен бүгінде 17 жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау үшін Үкімет резервінен тиісті қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау, Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізіледі, – дейді.

Қызылорда қаласының әкімі С.Қожаниязов:

– Өткен жылдың қазан айында аймаққа арнайы іс-сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына облыс әкімі ыстық су мәселесін осы қала тұрғындарының мұқтажы, сұранысы деп ашық айтып, бұл мәселе Президент тарапынан үлкен қолдау тапты. Алдағы екі-үш жылдың көлемінде осы мәселені шешу үшін Президент Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Үкімет резервінен қажетті қаржы бөлінетін болды. Бүгінде біз жоба-сметалық құжаттарды дайындап болдық. Жалпы қалада 802 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 184-іне орталықтан ыстық су жеткізу мүмкіншілігі жоқ. Ол жертөлесі жоқ ескі үйлер, сонымен қоса апаттық жағдайдағы тұрған үйлер. Қалған 600-дің үстіндегі үйлердің 195-інде бұған дейін де, қазір де ыстық су жіберетін жағдайы бар. 423 үйге 27 млрд.-тай қаржы жұмсап, жұмыс жасаймыз. Тағы бір ерекшелігі үй жертөлесіндегі кемшіліктердің бәрін ретке келтіріп, ыстық суды апарған кезде кәріз құдығын жөндеп, суын жөндеп, басқа да кемшіліктер болып жатса жөндеп кетеміз деген ойдамыз. Осы жұмыстардың барлығын бөлінген қаржы есебінен қарастырып отырмыз. Ол өте тиімді, өте жақсы болады. Бізде қазір қыстың күні ЖЭО жылу беріп тұрған кезде, кейбір көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары батареялардағы ыстық суды пайдалануда. Бұл да шығын, әрі шәйнекке су ысытсаң газ шығыны да бар. Электр қуатын көп қажет ететін “Аристонға” су ысыту да арзан тұрмайды. Ертең құбыр бойымен ыстық су барғанда оның шығыны “Аристонға” қарағанда анағұрлым аз. Оның үстіне ыстық су үшін тұрғындардың төлейтін төлемі Аристонға қарағанда үш есе арзан. Сол себепті барлық жағынан тұрғындарға тиімді болады.

(«Әкім сағаты» хабарынан. 15.02.2024 ж.)

Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай:

– Қызылорда қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету. Облыс әкімінің арнайы тапсырмасы негізінде бірнеше жобалар қарастырылып, ыстық су желілерін орнату жұмыстары басталды. Қазіргі таңда қаладағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Осы қаржыландыру талап ететін тұрғын үйлерді ыстық суға қосу үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленді. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындарды дер кезінде ыстық су желілерін орнатуға өз рұқсаттарын беруге шақырамыз. Бұл өз кезегінде жұмысты дер кезінде орындауға және уақыт үнемдеуге ықпал етеді, – деп жалғастырды.

– Ыстық су желілерін жүргізу тұрғындар үшін өте тиімді болмақ. Себебі Аристон құрылғысы ұзаққа жарамды құрылғы емес. Сонымен қатар электр энергиясы мен қаржы үнемділігін реттейді. Бұдан бөлек ыстық су желілерін жүргізу арқылы көпқабатты тұрғын үйлердегі су қысымы жоғарылайды. Осы арқылы ауыз су мәселесі оңтайлы шешілмек, – деп «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Бауыржан Әбідқаппарұлы да өз ойын айтты.

– Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су желілерін жүргізу электр энергиясы мен электр қондығыларын үнемдеуге және сенімді жұмыс жасауға септігін тигізбек. Мәселен, қала бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 84 МВТ болса, ыстық су желісі орнатылғаннан кейін 14 МВТ-қа дейін жүктеме азаяды, – деп Қызылорда электр тарату тораптары АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шалқар Рахышев та ыстық судың жарыққа кететін қаржыны да үнемдейтінін баса айтты.

Орталықтандырылған ыстық сумен қамтудың артықшылықтары:

 – электр энергиясына кететін шығын 3 есеге азаяды.

Ыстық сумен жабдықтауға жеке есептеу аспаптары бар тұтынушылар үшін 1 текше метрге – 218 теңге.

1 пәтер айына 1,5 текше метр ыстық су пайдаланса 327 теңгені құраса, электр су жылытқышқа (Аристон) 917 теңге шығын кететін болады.

– жыл бойы орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады

– электр қуатының жүктемесі төмендейді.

– жаңа электр су жылытқыш алуға кететін артық шығын азаяды (әр 5 жыл сайын).

– таза өжіре мен барлық инженерлік желілердің жаңалануы.

Ал «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің директорының орынбасары Хасанғали Иманғалиев:

– Жылу маусымында барлығына ыстық су беріле ме деген сұрақ жиі қойылады. Осы орайда қысы-жазы ыстық сумен қамтамасыз етілетінін жеткізгім келеді,- деп ыстық судың үздіксіз берілетіндігіне кейбіреулердің күмәнін сейілткісі келді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған