• Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ. Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек.

• Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр.

• Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады.

• Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан.

• Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет

• Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады.

• Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі.

• Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді.

• Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды. Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз. Бұл – бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз. Оны пайдалана білуіміз қажет. Аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылау керек. Бірақ популизм мен дау-дамайға жол беруге болмайды.

• Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деп ойлаймын. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.

• Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор. Ғалымдарымыз малдың тұқымын асылдандырумен айналысып, климатымызға бейімделген, мол өнім беретін әрі қуаңшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын шығарып жатыр. Бұл жұмысты барынша күшейту қажет.

• Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған.

• Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл – қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр.

• Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ.

• Су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселенің бірі. Бұған дейін Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруді тапсырған болатынмын. Бізге су шаруашылығының, гидромелиоративтік және экологиялық тұрақтылықтың қазіргі мәселелерін шешуге қабілетті мамандар дайындайтын, осы саладағы ғылыми базаны нығайтатын жоғары оқу орны қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын.

• Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр. Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады.

• Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек.

• «Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын мен мұқият қадағалап отырамын. Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды.

• Әлеуметтік желі балалардың мінез-құлқына кері әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бірақ бәрін әлеуметтік желіге жаба салуға болмайды.

• Білім беру жүйесінде кемшіліктер көп. Отбасы тәрбиесінде де олқылық бар. Әрбір ата-ана баласына дұрыс тәлім-тәрбие беруі қажет. Үлкендер өзінің күнделікті іс-әрекетімен балаларға үлгі болуы керек.

• Ана ұлтты тәрбиелейді. Әйелді құрметтей білетін қоғам, шын мәнінде, өркениетті, мәдениетті қоғам болмақ.

• Мен еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен бес жылдың ішінде бұл бағытта көп шаруа атқарылды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Жалақы көтерілді. Басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынды. Мемлекеттік марапаттар нағыз еңбек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі мамандық иелерінің беделі арта түсті. Мамандықтың жаманы жоқ. Еліміз үшін барлық кәсіп иелері қажет. Өз ісінің хас шебері атанған адам міндетті түрде табысқа жетеді. Түптеп келгенде, бұл – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті жаппай дәріптеу деген сөз. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін қоғамда осы құндылықтар орнығуы қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым ордасында сөйлеген сөзі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған