Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібі мен іскерлік киім үлгісін сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша семинар сабағы өткізілді.
Семинарға Департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев, бөлім басшылары, аудандық және оған теңестірілген соттардың әкімшісінің басшылары мен мамандары қатысты.
Семинарды Е.Бөрібаев ашып, қатысушылардың күн тәртібімен таныстырып, көтеріліп отырған мәселелердің өзектілігіне тоқталды.
Кадр бөлімінің бас маманы К.Ерманова мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібі мен іскерлік киім үлгісін сақтау туралы баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілер қызмет барысында мемлекеттік қызметшінің имиджіне сәйкес келетін іскерлік киім қағидасын қатаң ұстанып, тараптармен және әріптестермен қарым-қатынас барысында әдеп нормаларын сақтау керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, кадр бөлімінің бас маманы М.Шамау Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар және тәртіптік жауаптылық мәселелеріне тоқталды.
Ішкі қауіпсіздік бөлімінің сот приставы Б.Римов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері бойынша түсіндірме жасап, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің атына кір келтіретін жемқорлық көріністерінен аулақ болу керектігін назарға алды.
Ақпараттық қауіпсіздік бойынша бас маман Б.Қошанов жұмыс барысында ақпараттық қауіпсіздік сақтау, қызметтік және жеке мәліметтердің таралып кетуінің алдын алу бойынша баяндама жасады.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі