Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшы С.-ның тұрғын үй комиссиясы шешімінің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс қаралды.
Талап қоюшы 2013 жылы әскери бөлімнің тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне енгізілген.
Талап қоюшы сотқа берген талап қоюында өзіне 2018-2023 жылдар аралығындағы тұрғын үй төлемдері берілуге жататынын көрсетіп, тұрғын үй комиссиясы шешімінің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп танып, аталған кезеңге тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеуді сұраған.
Жауапкер аталған талап қоюмен келіспей, бұл кезеңде талап қоюшы сатып алу құқығымен пәтерді жалға алғанын, тұрғын үйге мұқтаж деп танылмағанын және тұрғын үй төлемдері тағайындалмағанын көрсеткен.
Сотта анықталғандай, талап қоюшы акционерлік қоғаммен пәтерді кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу шартын жасасқан. Алайда, аталған пәтер оның және отбасы мүшелерінің жеке меншігіне өтпеген, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілмеген.
Бұл кезеңде талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартуға негіздер болмағаны анықталды.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғын үй комиссиясы шешімінің талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп танып, талап қоюшының 2018-2023 жылдар аралығындағы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы өтінішін қайта қарауды міндеттеді.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты