Өскелең ұрпақтың кемел келешегі оқушыларды білім нәрімен сусындатып, жас шәкірттердің кеудесінде ақыл-білімнің отын жағуда ұстаздар қауымының үлесі мол. Тарыдай болып келгеннен, таудай болып кеткенге дейін олар шәкірт бойына ілім-ғылымды үздіксіз құяды. Баланың баянды болашағы үшін өмірдің оңы мен солын үйретіп, білімнің қайнар көзімен сусындатуда мектептің алар орны ерекше. Мектеп қабырғасында өткізген 11 жылында ұстаздар баланың зерек болып өсуі үшін аянбай еңбек етеді. Ал жас ұрпақтың ұстаз артқан үмітті ақтауы уақыт еншісінде.

Шаһардағы мақтаулы білім ордасының бірі – Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектеп. Іргетасы 1958 жылдың 4 қарашасында қаланған білім ордасының тарихы тереңде. Мыңдаған шәкіртті түлетіп ұшырған байырғы білім ордасы – Ғани Мұратбаев мектебі шежіреге толы. 1958 жылы 4 қарашада жаңа ғимараттың ашылу салтанаты болып, Қызылорда қаласындағы мектеп қатары ұлғайды. Оған №6 мектепті көшіріп, мектепке «Октябрь революциясы» атауы берілген. Кейінгі уақытта мектепке Тұрар Рысқұлов есімі берілсе де №6 мектеп-интернаты аталып кеткен. Содан кейін Комсомолдың 40 жылдығына орай мектепке Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі Ғани Мұратбаевтың есімі берілген.

Білім ошағының қызметі жаңалыққа жаны құмар, білгенін өзгеге үйретуді мақсат еткен Жанәбіл Нұрмановтың басшылығымен басталған. Кейін мектепті ағартушылыққа зейін қойған жандар, яғни қарт ұстаз Қайырбай Әшімов, Социалистік Еңбек Ері Рыскүл Махатова, Республикаға еңбегі сіңген Әділбек Айзонов пен Мариям Хусайынова сынды ұстаздар басқарған. Сондай-ақ бұл мектепте білікті математиктер Жақия Төлепов, Әділбек Айзонов, Запия Байқасынова және қазақ тілінің жанашырлары Балқия Жарқынбаева, Бақытжан Айтмамбетова, Меңдияр Киікбаев есімді ұстаздар қызмет еткен.

Осындай білікті ұстаздардан тәлім алған шәкірттер қатарында ғылым докторы Байзақ Момынбаев, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Алтынбек Ерназаров, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлжан Жаңбыршиева, биология ғылымдарының кандидаты Жібек Әбілдаева мен белгілі ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Әнипа Тапаловалар бар. 65 жыл тарихы бар мектептен қаншама түлек үлкен өмірге аттанды. Өзі қалаған мамандықты меңгеріп, қызметте абыройлы болғандар аз емес. Жалпы бұл мектептен шыққан талантты шәкірттер қатары көп. Соның бірі – «Қазақстанның құрметті журналисі» Болат Омарәлиев.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Ғазиза Әбдінәбиева да Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің 1966 жылғы түлегі.

Бұл күндері білікті ұстаз Ибраев Бекзат мектеп директоры. Сұқбат аламыз дегенді естіп, ойланбастан қуана келісе кетті. Алдымен мектептің тарихына қысқаша тоқталып, қойған сұрақтарымызға жауап берді.

– Былтырғы оқу жылы қанша бала мектепті бітірді? Барлығы грант иегері атана алды ма?

– Қазіргі таңда мектепте 500-ге жуық бала білім алады. Өткен оқу жылына көз жүгіртсек 26 оқушы мектептен түлеп ұшты. Бәрі де ЖОО-на түсіп, қазіргі таңда білім алуда. 26 оқушының 20-ы мемлекеттік грантты иеленді. Түлектер қатарында 2 Алтын белгі, 1 Үздік аттестат иеленген оқушыларымыз бар. Мектептің міндеті ЖОО-ына түсіруге жеткілікті толық білім беру. Біз міндетімізді орындадық деп айта аламыз.

– Мектепте бастауыш сыныптың балалары толық ыстық тамақпен қамтылған ба?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1-4 сынып аралығында білім алатын оқушыларымыз толық ыстық тамақпен қамтылған. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген оқушылар да қосымша ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бастауыш сыныптар арасында 163 оқушы, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген 90 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Тамақ сапасы жақсы. Мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері арасында кезекшілік қойылған. Оқушылардың ыстық тамақ ішуіне барлық жағдай жасалған.

– Бүгінде мектепте қанша мұғалім сабақ береді?

– Қазіргі таңда мектепте 71 мұғалім сабақ береді. Педагог-зерттеушілер педагог-сарапшылар, педагог-модераторлар бар.

– Соңғы жылдардағы мектептің жетістіктерін атап өтсеңіз..

 – Үлкен жетістіктеріміздің бірі өткен жылы Алихан Асқар атты оқушымыз «Республикалық Дарын ғылыми жобасынан» 2-і орын иеленді. Жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Насырова Бахыт. Қалалық олимпиадалардан оқушыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде мектебімізден барлығы 7 оқушы қатысып, жүлделі III-орынмен 4 оқушы, Алғыс хатпен 2 оқушы марапатталды. Мүмкіндігі шектеулі жан дардың арасында «Менің қолымнан бәрі де келеді» атты облыстық олимпиадасының қалалық кезеңінен жүлделі II-орын алып, облыстық кезеңіне жолдама алды. «Алаш Арыстаны» спорт орталығының 2 жыл толуына орай дзюдодан жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған қалалық ашық турнирде 35 кг салмағында жүлделі I орынды Алтай Заңғар иеленді. Тағы бір мектебіміздің мақтанышы 9 сынып оқушысы Еңсепов Ғалымжан республикалық «Махамбет оқулары» байқауының «Ел құтқарар ер едім…» атты мәнерлеп жатқа оқудан қалалық кезеңінен 1 орын алып, облыстық кезеңінен Алғыс хатпен марапатталды. Мектебіміздің басқа да оқушылары жеңіс төрінен көрініп жүр.

– Мектептің материалдық техни калық базасы туралы айта кетсеңіз.

– Бүгінде физика және биология кабинеттері толық жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау үшін дефектолог кабинетіміз де бар. Өткен оқу жылында заманауи steam кабинеті ашылды. Кабинет толық компьютерлермен жабдықталды. Жетекшісі жас маман Акбар Назерке. Қалалық, облыстық сайыстарда жетістіктерге жетіп жүр.

– Мектептегі оқушылар арасында зорлық-зомбылықты болдырмау үшін қандай жұмыс атқарып жатсыздар?

 – Мектебімізде қауіпсіздік шаралары толық сақталған. Қалалық білім бөлімімен, қалалық полиция басқармасымен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Күнделікті жоспарға сәйкес іс-шаралар атқарылуда. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жакупова Гулайна мен мектебіміздің психологы оқушыларымыздың арасында зорлық-зомбылықты болдырмау үшін өздерінің жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруда. Зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында оқушыларымыздың отбасыларымен байланыстамыз.

– Соңғы кезде мектепте қылмыстық оқиғалар тіркелді ме?

– Қуанышымызға орай мектебімізде қылмыстық оқиға тіркелген жоқ. Балаларымыздың барлығы құқықтық сауат­­тандырудың арқасында заңсыздыққа жол бермейді. Қылмыс жасап жатқан оқушыларымыз жоқ. Сынып жетекшілеріміз тәрбие сағаттарын өткізеді. Қалалық полиция басқармасымен тығыз байланыстамыз.

– Ешқандай мәселе жоқ па?

– Білім сапасы жақсы. Туындап жатқан мәселелер жоқ. Ата-аналар тарапынан да мәселелер айтылып жатқан жоқ.

– Балаларға арналған қандай үйір[1]мелер бар?

 – Мектебімізде қосымша үйірмелер жұмыс жасауда. Домбыра үйірмесі жұмыс жасайды. Дене шынықтыру пәнінен беретін 4 мұғаліміміз үйірмелерді бөліп алған. Атап айтатын болсақ бес асық үйірмесі, тоғызқұмалақ үйірмесі, футбол, волейбол үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен қатар теннис үйірмесі жұмыс жасайды. Оқушыларымыз теннис ойнауды жақсы көреді.

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

– Алдағы уақытта қалалық олимпиада келе жатыр. Оқушыларымыз дайындық үстінде. Осы оқу жылында 11 сыныпты 17 оқушы бітіреді. 2 Алтын белгі, 1 Үздік аттестатқа үміткер оқушыларымыз бар. ҰБТ-ға дайындық жақсы. Пән мұғалімдері оқушыларды ҰБТ-ға дайындап жатыр. Айына бір ҰБТ-ға дайындық есебінде оқушыларымыз тест тапсырып тұрады. Алға қойған жоспарымыз оқушыларымыздың ҰБТ-дан жоғарғы нәтиже көрсетуі.

– Мектептің 65 жылдығына қандай іс-шаралар ұйымдастыру ойда бар?

– Биыл мектебіміздің 65 жылдығына 65 түрлі іс-шара ұйымдастыру ойда бар. Оның ішінде қалалық мектеп оқушылары арасындағы дебат сайысы, ақындар мүшәйрасы бар. Мектептің 65 жылдық мерейтойына және 16 желтоқсан-Тәуелсіздік күніне орай қалалық мектептер арасында ұйымдастырылған «Өнерлі- ұстаз» тақырыбында ұстаздар арасында патриоттық ән байқауы өтті. Байқаудың мақсаты өнерпаз ұстаздардың талантын ашу, ұстаздардың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, қоржындарын жаңа әндермен толықтыру. Мектепішілік олимпиадалар ұйымдастырудамыз.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған