Қалаға қарасты білім беру ошақтары жақсы жаңалықтармен толығуда. Білім беруде, оқушылар арасындағы олимпиадалық кезеңдерде және ұстаздар арасындағы конкурстарда бірқатар жетістіктерге жетіп, тек қала емес республикалық сайыстарда облыс мәртебесін асқақтатып келеді. Бұл – аталған саладағы оң өзгерістер мен оған жасалып жатқан жағдайдың жоғары деңгейде екендігін айқындайды. Аталған сипаттамаға лайық мектептердің бірі – Әли Мүсілімов атындағы 101 мектеп-лицейі. Тәжірибелі басшы мен білікті ұстаздарды тоғыстырған білім беру мекемесінде бүгінде білімді, зияткер және заман талабына сай әр бағытқа тиесілі қабілетке ие креативті жеткіншектер біліктілік қоржындарын толықтыруда. Мектеп басшысының сөзіне мән берсек, ұжым жетістігі тек бір басшыға емес, ондағы әр кадрдың сауаттылығына тікелей байланысты. Осы ұстаным нәтижесін беріп, Облыс басшысы «Ұстаздар күні» қарсаңында 34 миллион теңгені аталмыш білім ошағына табыстаған болатын. Бұл –кезекті жетістік. Мектепке тиесілі атқыралған және енді атқарылар жұмыстар мен жоспарлар, жобалар жайында басшы Айгүл Өткелбаева сұхбат арқылы баяндады.

– Биылғы оқу жылы сіз басқаратын мектеп үшін жағымды жаңалықтармен бастау алуда. Жалпы, қалай ойлайсыз ұжымның жетістігі басшыға тікелей байланысты ма, әлде алдымен ондағы мамандардың біліктіліктері басты рөл ойнайды ма?

– Мектептің стратегиялық жоспарына сәйкес жетістіктерге жету үшін ұжымның рөлі маңызды деп есептеймін, мектеп үлкен генератор тәрізді үнемі қозғалыс үстінде болады. Сондықтан ұжымға қолдау білдіріп, мотивация беріп жол көрсететін директор – ол көшбасшы менеджер. Қазір мектепті басқару стилі де өзгерген, басшы көшбасшы болуы тиіс. Барлығын дұрыс үйлестіретін менеджер болу керек. Бұның барлығы заманауи директордың келбеті.

– Бұлай сұрауыма себеп, жасағы мықты болса да, көшбастайтын, сол жасақтың сауаттылығын танытып, көшке қосуға басшының біліктілігі де жетпей жатады. Дегенмен, директор болуға қызығушылық танытатындар аз емес… Мектеп басшысы қандай болуы керек, неге мән беруі керек?

– Басшы өзінің командасынан талап етпес бұрын, өзі сол талаптарға сай болуы тиіс. Басшы өзі білімді, жан-жақты, креативті болса, ізінен ерген командасы да сондай болмақ.

– Өз тәжірибеңізбен бөлісіңізші. Қай пәндерден сабақ беріп, неше жыл ұстаздық еттіңіз?

– Ұстаздық еткеніме осы жылы 24 жыл болады, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіргем. Педагогика ғылымдарының магистрімін.

– Басшылықты сөз еттік, бүгінгінің жас ұстаздарының білім деңгейіне қандай баға бересіз? Және балаға білім беретін мұғалімдер үшін қандай қабілет жетіспейді деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастардың қабілетіне немесе білім деңгейіне баға бере алмаймын, себебі олар дипломы бар мамандар. Сондықтан басшы жастарға тек қолдау білідіріп, білмеген жерін үйретіп, қанатын қомдап әдістемелік көмек беріп отыруы қажет деп білемін. Теория жүзінде білім алып келген жас мамандар мектепке келгенде түрлі ситуацияларға кездесуі мүмкін, ол біздің өз басымыздан да өтті. Көш жүре келе түзелмек, алайда, біздің де жастардан үйренеріміз көп.

– Кадр таңдауға алдымен неге мән бересіз?

– Сауаптылығына, шығармашылығына, креативтілігіне қараймын.

– Ұстаздардың сенбілікке шығып, көше сыпыру фактілері азайған болар?

– Ұстаздар сенбілікке шығады деген қате пікір, педагог мәртебесі заңы қабылданғалы бері мұғалімдер сенбілікке шықпайды. Бес күндік жұмыс, сенбі күні ұстаздар жұмыс жасамайды. Сенбілікке шығатын ол техникалық кіші қызметкерлер, жұмысшылар.

– Жақында ғана «Үздік мектеп» атанып, 34 миллионды мектептін менш гіне иелендіңіздер. Қаржы қандай қажеттіліктерге жұмсалуда?

– Облыс бойынша «Үздік орта білім беру ұйымы» конкурсының жеңімпазы атандық. Соңғы үш жылдағы жетістіктер қоржынын толтырып, республика, облыс көлеміндегі байқаулар мен ғылыми жоба, олимпиадаларға қатыстық. Нәтижесінде осындай жеңімпаз мектеп атандық. Экология министрлігі ұйымдастырған «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» Ұлттық байқауының 1 орын иегері атандық. Мектептің грантын оқушылардың әлеуетін көтеретін, білім сапасы мен тәрбие жұмыстарын жүргізуге арналған материалдық техникалық базаны жетілдіру бағытына жоспармен жұмсалатын болады. Атап айтсам, замауни Led экрандар, жаңа модификацияланған кабинеттер мен биотехнология лабораториясын ашуды жоспарлап отырмыз. Мектебіміз «Жасыл мектеп» жобасы аясында жұмыс жасауда. Соған сәйкес оқушылармызға ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге лаборатория ашуды жөн көріп отырмыз. Болашақта биология пәні мұғалімері мен медицина саласының білікті мамандарын даярлау басты мақсатымыз деп білеміз.

– «Үздік мектеп» атануға қаншалықты лайықтымыз деп айта аласыз? Және қандай ерекшеліктерді алға тартар едіңіз?

– «Үздік мектеп» атану үшін соңғы үш жылдағы мектеп жетістіктерінің мониторингі жасалды, ҰБТ нәтижелері, мемлекеттік грант иегерлерінің саны, халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі конкурс, байқаулардың нәтижелері арқылы жеттік. Қала, облыс мектептерінің арасында тапсырылған құжаттардың нәтижесі мен мониторингінің нәтижелері арқылы қол жеткіздік деп мақтанышпен айта аламыз, ол үштік одақтың үлкен еңбегімен келген жеңіс. Конкурсқа қатысу үшін 11 бағыт бойынша материалдар жинақталды. Әрине, бұл жеңісті ұжымның жеңісі деп білеміз. Мектеп жыл сайын жаңа материалдық техникалық база қамтылуда. Жаңа модификацияланған биология, химия кабинеттері ашылды. Робото техника үйірмесіне арналған кабинет жабдықталды. Өлкетану кабинеті ашылды. Мектеп түлектері алыс-жақын шетелдердің түлектері атануда. ҰБТ нәтижесінде жоғары балл көрсетіп, жыл сайын
түлектерді 70 пайызы мемлекеттік гранттармен иегері атануда. Мектеп оқушыларының 90 пайызы қосымша білім мен қамтылған. Мектепте спорттық үйірмелер, ІТ үйірмелері, домбыра, вокал, хор үйірмелері, робототехника, дебат клубы жұмыс жасауда. Мектеп ұстаздары 3 жыл сайын біліктілігін арттырып келеді. Қала, облыс,
республика көлемінде ұйымдастырылған кәсіби байқауларда да жеңімпаз атануда. Атап айтсам, Республикалық «АЛТЫН ТҰҒЫР» математикалық олимпиадасында бастауыш сынып мұғалімі Жұмаділдаева Жанат Ибрагимқызы І орынды иеленді. «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2022» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы ағылшын тілі пәні мұғалімі Садирбаева Дина Медетбекқызы 918 900 теңге сыйақы иеленді. Математика пәні мұғалімі Құлжанова Сәуле Акрамқызы, химия пәні мұғалімі Оспанова Жайна Әбдімәлікқызының оқушылары халықаралық ғылыми сайыстар байқауының жеңімпазы атанып, «Жыл үздігі» номинация иегерлері атанды. Қалмақова Мадина Темірханқызы Қазақстан Республикасының орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларына арналған «Русский язык в Казахстане — новые горизонты» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Жармахан Алтынай Бағланқызы биология пәні «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығының иегері. Жаңалықова Назерке, Жұмағали Айжан ағылшын тілі пәні мұғалімдері «Teacher’s Debut Cup» қалалық дебат ойындарының І орын иегері. Мангулова Гүлнұр Қожантайқызы математика пәні мұғалімі «Үздік мтематика-2023» қалалық байқауының І орын иегері. Оқушыларымыз жыл сайын халықаралық, республикалық байқаулар жеңімпазы атанып, мектебімізді шетелге танытуда. 2022-2023 оқу жылында 2 оқушы Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының жеңімпаздары атанды. Математика секциясы бойынша 10-шы сынып оқушысы Тобаш Ердәулет ІІ орын иеленсе, 11 сынып оқушысы Отарбаев  Дәулетхан физика секциясы Алғыс хатпен марапатталды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 17 оқушы І,ІІ,ІІІ орынмен және 8 оқушы Алғыс хатпен марапатталды. 2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеніңде 32 оқушы жүлделі орын иеленсе, 3 оқушы Алғыс хатпен марапатталды. Облыстық кезеңде 5 оқушы жеңімпаз атанып, республикалық кезеңде 2 оқушы жүлделі орынға ие болды. 5-ші сынып оқушысы Тұрмахан Айша биология секциясы бойынша ІІ орынды, Әбжаппар Айзере математика секциясы бойынша Алғыс хатпен марапатталды. Басқа да қалалық байқауларлардан 62 оқушы жеңімпаз атанса, облыстық байқауларда 16 оқушы, республикалық байқауларда 2 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Аталған жетістіктер негізінде конкурс жеңімпазы атанып, грант иелендік.

– Оқу жылының басында қосымша ғимараттарыңыз да пайдалануға берілді. Баланың сыйымдылығы қалай?

– Аймақ басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен мектебіміздің жанынан қосымша ғимарат салынды. Оқушыларымыздың, ата-аналар мен ұстаздардың қуанышында шек жоқ. Үш ауысымды оқудан, екі ауысымды оқуға көштік. Яғни, балалардың оқып білім алуына жайлы жағдай жасалды деп айтуға толық негіз бар. 375 орындық мектепте екі ауысымда 800 бала білім алуда.

– 101 мектеп бүгінде жасыл мектептердің қатарында. Өзіңіз де атап өттіңіз. Қателеспесем, бұл бағытта жұмыс жасап келе жатқандарыңызға да аз болмады. Нәтиже және жұмыс қарқыны қалай? Бүгінде қанша сынып, қанша оқушы және қанша ұстаз бар?

– Бүгінде мектебімізде 2377 білім алушыға 260 педагог-ұстаз тәлім-тәрбие береді. Мектеп бойынша 98 сынып кешені бар. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын қолдаумен қатар, экологиялық білім беруді дамыту мақсатында Қызылорда қаласындағы №101 мектеп-лицейі Қызылорда облысының білім басқарамасының бұйрығына сәйкес, «Жасыл мектеп» пилоттық жобасын ендіру бойынша тірек білім беру ұйымы ретінде бекітілді. «Жасыл мектеп» жобасы – педагог қызметкерлердің, оқушылардың белсенді қатысуымен білім берудің экологиялық бағыты саласында тиімді білім беру моделін енгізу табылады. Жоба 7 бағытта жұмыс жасап келеді.

«Биоалуантүрлілік» бағыты бойынша мектеп жылыжаймен қамтылған. Жылыжайда көкөністер, әртүрлі өнімдер өсірілуде. «Жасыл сақшы» эковолонтерлер тобы гидропоника әдісі арқылы аквапоника құрылғысында жасылдар өсірілуде. Мектебімізде арнайы бидай сабан субстратында «Вешенка» саңырауқұлағын өсірдік.

«Энергияны үнемдеу» бағыты бойынша жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын ҒТ-400 маркалы механикалық қондырғы орнатылды, электрлік қуаты 400 ваттық, қалақшаларының айналдыру жылдамдығы 12-17м/c, диаметрі 48мм, 1200-1300 мм құрайды. Қазіргі таңда іске қосылды, жұмыс жасап тұр. Оқушылар мен мұғалімдер мектепте қалдықтарды бөлек жинауға дағдыланған.

«Қалдықтарға сараптама жасау» бағыты аясында қалдықтардың пайда болу көлемін азайтуға жұмыс жасаудамыз. Мектептің әр бұрышында қалдықтарды бөліп тастауға арналған эко-жәшіктер орналастырылған. Ең көп жиналатын қалдық қағаз, картондарды өңдеу арқылы жеңіл және тиімді биоотын жасалды.

«Дұрыс тамақтану» бағыты бойынша оқушылар мен ұстаздар қауымы пайдалы тамақтармен тамақтану жолдарын үйренеді. «Салауатты өмір салтын сақтау» бағыты аясында оқушылар мен ұстаздар арасында спорттық ойындар мен сайыстар өткізілуде.

Тірек мектеп ретінде «Жасыл мектеп» жобасы аясындағы тәжірибемізбен бөлісіп, өзге білім ошақтарында да жобаның ауқымын кеңейтуге үлес қосып келеміз. Бұл жоба аясында әрбір тәрбиеленушінің бойына экологиялық сананы қалыптастыру маңызды. Өңіріміздегі «Сыр бөбегі» балабақшасымен «Жасыл балабақша», «Жасыл мектеп», Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен «Жасыл университет» арасында тығыз сабақтастық орын алды.

«Жасыл мектеп: Экологиялық бағыт талған оқытудың инновациялық шешімдері» тақырыбында халықаралық ғылыми практикалық конференция өткізілді.

Минск қаласындағы «Жасыл мектеп» жобасымен жүйелі айналысып, жоғары нәтижелерге жеткен 19 гимназиясымен Белорусь мемлекеттік университетімен екіжақты меморондумға қол қойылып, бірлесе жұмыс жасауға келісімге келдік.

Белорусь елінің «Creen Office BSPU»ресурстық орталығы мен «Creen office schools»желісі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе ұйымдастырылған халықаралық марафоны үздіксіз ұйымдастырылып келеді.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Астана ботаникалық бағы филиалы мен өзара ынтымақтастық туралы меморондумға қол қойылды. Жаңа оқу жылын да Жасыл мектебіміз флорының сан алуантүрлілігімен толықтыру жоспарлануда.

Upshift – бұлжастардың әлеуметтік ин но вациялары мен кәсіпкерлігінің жаһандық бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты – жасөспірімдермен жастардың әлеуметтік инновациялар мен кәсіпкерлік, болашақ мүмкіндіктерін нығайту және жұмыс орындарын құру үшін қажетті дағдыларын дамыту. Осы орайда, аталған бағдарлама мектебіміздің «Жасыл мектеп» жобасы аясында 3 жоба жеңіске жетті. Олар «Экологиялық биосабын», «Табиғи антисептик», «Экологиялық таза өнім» жобалары.

Былтырғы оқу жылында 2 оқушы Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының жеңімпаз атанды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 17 оқушы І,ІІ,ІІІ орынмен және 8 оқушы Алғыс хатпен марапатталды.

Тіпті, 2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеніңде 32 оқушы жүлделі орын иеленсе, 3 оқушы Алғыс хатпен марапатталды. Облыстық кезеңде 5 оқушы жеңімпаз атанып, республикалық кезеңде 2 оқушы жүлделі орынға ие болды.

Жалпы алғанда, «Жасыл мектеп» пилоттық жобасының облыстық тірек білім беру ұйымы – № 101 мектеп-лицейі базасында ғылыми негізделіп, сараптамадан өткен жобалар облысымыздың басқа білім беру ұйымдарына таратылып отыратын болады. Облыстағы «Жасыл мектептер» желісі қалыптастырылып, жетекші ғалымдарының қатысуымен мазмұндық толықтырулар бағытында нысаналы жұмыстар жүргізіледі. Сол арқылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының облыс көлемінде жүзеге асуына білім беру саласының да үлесі қосылатын болады.

– Мектеп ішінде бір емес, бірнеше үйірме түрлері қамтылған екен. Оқушылардың жетістіктері де аз емес. Қоғамдық өмірге белсенді болулары олардың білім алуға деген ыждағаттылықтарына кедергі болмайды ма, қалай ойлайсыз?

– Мектептің тәрбие жұмысы бір жолға қойылған, төрт жоба бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дебат, театр жобасы, оқушылардың өзін-өзі басқаруы, оқуға құштар мектеп жобалары аясында әр түрлі жас ерекшелігіне қарай жоспарға сай шаралар ұйымдастырылады. Ең басты мақсат – оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттыру, өмірге бейімдеу болып табылады.

– Бүгінде білім жүйесінің жандануына мектеп басшысының бірі ретінде қандай ұсыныстар айтасыз?

– Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде білім саласы халықаралық стандарттарға сай болуымыз қоғам мен заман қажеттілігі. Ғылым мен техниканың дамыған тұсында оқушыларымыз әрқашан бәсекеге қабілетті болуы үшін аянбай еңбек ете береміз. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға деп,- ұстаздар қауымына үнемі ізденіс үстінде жүру және сұранысқа сай болуын тілеймін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған