– Бүгінде тіс емханалары өте көп ашылуда. Бір ғана көшенің бойынан бірнешеуін кездестіруге болады. Бұндағы негізгі мақсат қандай деп айтар едіңіз? Бизнес пе, әлде тіс емдеуге бағытталған саланың ілгерілеуі деп білеміз бе?

– Әрине, сұранысқа байланысты тіс емханаларының саны көбеюде. Заман талабына сай қазіргі таңда стоматологиялық көмектің түрлері де артып жатыр. Әркімнің мақсаты әртүрлі ғой. Әйткенмен, әр жеке тіс емханасын ашқан стоматолог әр емделуге келген науқастың алғысына бөленуді көздейтіні айқын. Содан кейін ғана ақшалай табысты мақсат етеді деп ойлаймын. Өйткені, жұмыс сапасы жоғары деңгейде болмаса, қанша жерден мықты деген стоматология ашқанмен, ондағы қызмет сапасы төмен болса, оған пациенттер де көп бармайтыны белгілі.

– Тіс емханаларының көптеп ашылуы, демек сұраныстың соған сәйкес болуы дейсіз ғой?

– Менің ойымша дәл солай. Сұраныс болмаса бұл бағыттағы жұмыстарға аса басымдық берілмес те еді деген ойдамын.

– Дегенмен, сала алға ілгерлеуде деп, барлық жеке тіс емханаларында түрлі қызмет түрлері көрсетілгенмен, жұмыс сапасы қуантарлықтай бола бермейтіні тағы бар. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?

 – Стоматологиялық қызмет түрлерінің сапасы тек дәрігердің жасаған жұмысымен бағаланбайды. Ол келген пациенттің бастапқы кездегі жағдайы мен емдеу шаралары жасалғаннан кейінгі күтіміне, жалпы денсаулығына да байланысты болады. Себебі әр жағдай жеке дара.

– Қызылордада бұл бағыттың алға жылжу барысы қалай деп айта аласыз?

Қаламызда стоматологиялық қызмет көрсетудің деңгейі соңғы 5 жылда біршама жоғарылады. Бұл көрсеткіш әлі де жоғарылайды. Менің ойымша облыс көлемінде саланың даму көрсеткішін өзіңіз айтып өткендей жеке тіс емханаларының көптеп ашылуымен де байланыстыруға болады. Өйткені, әр дәрігерге қаралатын, әрі қалыптасқан жеке емделушілері бар.

-Өзіңіз басқаратын стоматологияның табысы көп пе, әлде шығыны ма? Тіс емханасы арқылы облыс жұртшылығына медициналық қызмет түрін көрсетіп жатқандарыңызға қанша уақыт болды?

– Мен басқаратын тіс емдеуге негізделген клиниканың ашылғанына 11 жыл болды. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді»демекші, қазіргі таңда клиникамыздың дамуын алдыңғы қатарға қойдық. Барлық соңғы технологияларды енгізуге байланысты шығыны да көп. Себебі стоматологиялық құрылғылар мен құрал-жабдықтар, материалдардың көбісі Еуропа елдерінен келеді. Сапалы қызмет үшін құрылғылардың да сапасы басты назарда болғаны дұрыс.

– Тіс емханаңыз қаншалықты замануи құрылғылармен қамтамасыз етілген?

– Біздің клиникамыз соңғы үлгідегі 3Д рентген мен стоматологиялық микроскоппен және де заманауи пломбалық материалдармен қамтамасыз етілген.

– Тіс емханасында күніне қанша пациенттің тісін емдейсіздер?

 – Орташа есеп бойынша күніне шамамен 25-35 емделушіні қабылдаймыз.

– Сіз басқаратын орталықта қандай қызмет түрлері көрсетілуде?

– Біздің клиникамызда стоматологиялық қызметтің барлық түрлері көрсетіледі. Ол қызмет түрлеріне брекетпен және брекетсіз жүйелермен тістерді және тісқатарын түзету, тіс имплантациясы, тіс протездерін салу, жасанды тіс сауыттарын салу, микроскоп көмегімен тістерді емдеу және реставрациялау, соңғы үлгідегі 3Д рентген диагностикасының көмегімен тісті емдеу әдістері де қамтылған.

– Қызылордалықтар көбіне қандай шағыммен келеді және неліктен бұл бағыттағы диагноздар көп кездесуде?

 – Біздің тұрғындар көбіне тісжегі және оның асқынуларына қатысты шағым бойынша көп келеді. Себебі олар тіс гигиенасын дұрыс сақтамайды. Одан бөлек, тәтті сусындар мен тәтті тағамдарды көп қолдану да басты себептердің бірі болып табылады.

– Жалпы, тіс саулығы үшін тамақ[1]танудың маңызы қандай?

– Тіс саулығына дұрыс тамақтанудың маңызы өте зор. Қазір ата-аналар балаларына тәтті сусындар мен тез еритін тәтті тағамдар көп береді. Соның әсерінен баланың тістері шыға сала қарайып, тісжегімен асқынып 2-3 жасында жұлдыртып жатады. Қатты тағамдар ет, алманы бөліп майдалап береді. Ал баланың жағы осы қатты тағамдарды шайнағаннан жақсы өседі. Сол себепті қатты тағамдар ет, алма, сәбіз сияқты тағамдарды балалар өздері жақсылап шайнап жеу керек. Дәрумендер мен минералдарға бай табиғи өнімдермен тамақтандырған жақсы және өздері де дұрыс тамақтану әдісін қолға алған жөн. Бұл тек ішкі құрылыс үшін ғана емес, тіс саулығы үшін аса маңызды. Жалпы, тісті емдегенмен, өзінің табиғи тісіндей болмайтыны айқын. Сондықтан тіс күтіміне әр адам аса мән бергені дұрыс.

– Медицинада жаңа әдістер жыл санап белең алуда. Алайда, жасанды тістердің орнына адамның өз тісін сақтап қалудың мүмкіндіктері неліктен қарастырылмайды? Мәселен, бір тісті емдеу үшін сау тістерді құрбан етуге тура келетін де әдістер кезігеді..

– Уақытылы келген жағдайда біз барынша тістерді сақтап қалуға тырысамыз. Алайда егер тіс ауруы асқынып кеткен болса, ол тісті жұлуға тура келеді. Неге десеңіз, әрі қарай асқынса ол жалпы ағзаға кері әсерін тигізеді. Әйткенмен, медицина әдістері де дамуда. Мәселен, қазіргі таңда бір тіс салу үшін басқа сау тістерге зақым келтірмеу арқылы жеке тіс ретінде тіс импланттарын салу жақсы дамып келеді.

– Тіс дәрігерлері бүгінде біліктіліктерін қанша уақыт аралығында жетілдіріп отыруы керек? Негізі тіс дәрігері болуы үшін қандай қабілет болуы керек?

– Дәрігер жылына кем дегенде 2-3 рет өз білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс. Себебі, қазіргі кезде стоматология қызметі бір орында шектеліп қалып жатқан жоқ. Күнделікті жаңа қарқын белең алып, жаңашылдықтар енгізілуде, яғни қарқынды дамуда.Тіс дәрігері болуы үшін ең алдымен осы мамандықты талапкер өз қалауы бойынша таңдаған дұрыс. Сосын білім, шыдам мен сабыр қажет.

– «Элит-Стом» тіс емханасының дәрігерлерінің білімдерін шыңдауы турасында не айтасыз? Қанша және қандай мамандар жұмыс істейді?

– Біздің клиникамызда барлығы 7 дәрігер стоматолог жұмыс жасайды. Барлығы да жоғарғы оқу орнын бітірген мамандар. Қызметкерлер жылына 3-4 реттен өз біліктіліктерін арттырып отырады. Орталықта біліктілікке аса мән беріледі. Бүгінгі қоғам да соны талап етуде.

– Неліктен тіс емдеу бағасы қымбат?

– Жоғарыда айтып өткендей, тіс емдеудің құны біз қолданатын материалдардың шет елдерден қымбат бағада келуімен тікелей байланысты.

– Тіс дәрігеріне көрінер алдында емделуші нені ескергені жөн?

– Стоматологияда қолданылатын дәрілерге аллергиясы бар болған жағдайда аллергопробаға алдын ала зертханалық талдау жұмыстарын тапсырған дұрыс. Соның қорытындысына сәйкес, емдеуге қарсы көрсеткіш болмаған жағдайда ғана емдік шараларды бастауға болады.Сосын 1-2 сағат бұрын тамақтанып алу керек. Одан бөлек, қарапайым ғана тісті тазалап барғаны өзі үшін де жақсы.

– Тіс күтімі қандай болуы керек? Жүкті әйелдер үшін ше?

– Тіс күтімі ол жалпы тіс гигиенасынан ғана тұрмайды. Адам негізгі денсаулығына жақсы күтіммен қарай білуіне де байланысты. Ал тіс күтіміне келсек, тісті күніне таңертең 2 мәрте, кешке 3 минуттай тазалау керек.Жұмсақ тіс щеткасымен және жақсы деген тіс пастасымен тістің әр бөлігін мән беріп тазалау керек. «Тазалық – денсаулық кепілі» демекші, тіс тазалығының төмен және аз болуынан тістердің тісжегімен бұзылуы жиі кездеседі. Негізі жүктілікті жоспарлар алдында әйел адам тістерін толықтіс дәрігеріне тексертіп, емдетіп алғаны абзал. Сосын жүктілік кезінде гинеколог тағайындаған дәрумендерді уақытылы ішіп және тіс гигиенасын үнемі сақтау керек.

– Тіс емханасының иесі, әрі тіс дәрігері ретінде қала тұрғындарына қандай жеңілдіктер қарастырасыз?

 – Биыл біздің клиникамызда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге тегін тіс емдеу және жұлу қызметтері көрсетіледі. Сонымен бірге, зейнеткерлерге, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» мен көп балалы аналарға, I.II.III.IV топтағы мүгедектерге тегін стоматологиялық қызмет түрлері көрсетіледі.

 – Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған