Ақпараттың ашық заманында, үлкен мен кішінің қолынан ұялы телефон түспейтін сәтте адам миын керексіз мағлұматтар толықтыруда. Оның өз өміріне қаншалықты септігін тигізетінін, күнделікті көңіл күйіне қалай әсер етіп жатқанын көпшілік біле бермейді. Одан бөлек, адами құндылықтар тыс қалып, түрлі теріс қылықтар белең алған кезеңде келеңсіздіктер тап болатыны тағы бар. Жалпы, адам өміріне айналадағы әрекеттерден бөлек, мидағы қалыптасқан үрдістер де әсер етеді. Бүгінде барлығын жақсылыққа негіздеп, адам өмірін жеңілдетіп, оң өзгерістерге куә болу үшін түрлі бағыттарды негізге алған психологтардан тыс, әдістер де қолданысқа енгізілуде. Соның бірі – «Аксесс барс» әдісі. Аталған әдістің біздің өңірде белең алуы да қуантады. Әйткенмен, бұл массаж түрінің пайдасы мен қажеттілігін бірі білсе, бірі білмейді. Осы орайда, «Аксесс барс» турасында кеңірек ақпарат беру мақсатында арнайы маманмен сұхбат жүргіздік.

– Соңғы уақытта жылдам, әрі кең таралған терминдердің біріне «Аксесс барс» ұғымын жатқызуға болады. Жалпы «Аксесс барс» деген не?

– Аксесс барс – бұл бастағы 32 нүктеге тікелей әсер ету арқылы жасалатын процедура. Аталған терапиядан соң, ми тета күйге еніп, босаңсып демалады. Стресс, депрессия, агрессия, шаршаудан құтылып, энергияңыз артады. Негізі адам денесі нүктелерге толы. Сол нүктелер сіздің ойыңызға, эмоцияңызға, идеяңызға, жеке өміріңіз бен ақшаға деген сенімділігіңізге жауап береді.

– Адамның ішкі жан дүниесіне ғана емес, денсаулығының қалыпты жағдайда болуына септігін тигізеді дейсіз ғой?

 – Әрине. Негізі деннің саулығына алдымен адамның ішкі хал-ахуалы тікелей әсер етеді. Бойдағы түрлі келеңсіз әрекеттер нақтырағы реніш, өкпе, ашушаңдық, іштен тыну секілді қылықтар деннің саулығына кері әсерін тигізеді. Шығыс медицинасы Аксесс барс әдісін жақсы меңгерген. Қарапайым тілде түсіндірсем, ми флешка сияқты ғой. Жылдар бойы қаншама естеліктермен негатив жиналатыны тағы бар. Сеанста адамның бас сүйегіндегі нүктелерді басу арқылы, ми кеңістігіндегі керек емес ақпараттарды өшіріп, тазалануына сеп болады. Адам қандай да бір танысына ұзақ уақыт ренжіп жүрген болса, оған деген реніш бір сеанстан соң тарқайды. Одан бөлек, ұйқысыздық, энергия жетіспеушілігі, сенімсіздік, еңсенің түсуі, стресс, депрессия, шаршау, психикалық, физикалық энергетикалық блоктар белең алса,отбасылық және жеке қарым-қатынаста мәселе туындаса, ақша, бизнес саласындағы проблемалар өршісе, денсаулықта кінәрат орын алса кез келген адамға Аксесс барс массажының көмегіне жүгінген тиімді.

– Бұны ем түрі ретінде қарастыруға болады ма, әлде психологиялық бағыттың бір бөлігі деп ұғамыз ба? Қандай ауруларға ем?

– Екеуін бөліп жаруға болмайды. Егіз ұғым ретінде қарастырған дұрыс. Аксесс барс әдісін қабылдаған адамда көп ұзамай жеңілдік сезіледі, жан тыныштығына куә болып, миы демалып, негативті ойлар ыдырай бастайды.Ақша, энергия потологы ашылып, айналасындағы адамдарға деген көзқарас та өзгеретін болады. Одан бөлек, қуат көзі көбейіп, жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастайды. Проблеманың барлығы мида. Адам алдымен ми қыртысына енген негативтерден арылу керек. Шаршаған кезде адамда жолым болмады, бизнесім жүрмеді, ойлағаным орындалмады, жоспарларым бәрі кері кетеді деген ойлар туып, адамда сенімділік жоғалады. Одан өзін кінәлау сезімі пайда болады. Осындай сәттерде ауру-сырқау дендеп алып, ұйқы режимі бұзылады, жүйке жұқарып, артық салмақ пайда болады, бір айналдырғанда шыр айналдырып табыстың да берекесі кетеді. Бұл кез келген адамда орын алатын жәйт. Әр адамда әртүрлі жағдай орын алғанымен, тіршілікте әрбірінің жаны тыныш бола бермейді. Сол себепті де мен маман ретінде алдымен миды да таза ұстау керек деп айтамын. Ми кеңістігі тазаланғанда адамның өмірі реттеледі. Жұмыс алға басып, табыс берекелі болып, ойлағаны тез әрі, оңай орындала бастайды. Сенім артуы мен жеңіл сезінуі үшін таза ми септігін тигізеді.

– «Аксесс барс» терминінің жүйеге енгізілгеніне, оның ішінде біздің елге қолданысқа түскеніне қанша уақыт болды?

– Америкалық ғалымның бұл әдісі шет мемлекеттерде 90-шы жылдардан бастап қолданысқа ие. Бүгінде пайдасына куә болғаннан болар, әлемнің 179 елі «Аксесс барс» әдісінің көмегіне жүгінуде. Соның ішінде біздің Қазақстанға келгеніне 4-5 жыл.

– Аталған әдістің қызмет түріне жүгінетін қызылордалықтардың саны артуда ма? Қызығушылық танытушылар көп пе?

– Әрине, бұған менің жұмыс уақытымның тығыздығы да дәлел деп айта аламын. Аталған саланың біздің облыста белең алуы мен жоғары деңгейде дамуы да байқалады. Қызылорданың тұрғындарына бұл терминнің таныс болғанына 4-ші жыл болуда. Бұл уақыт ішінде жергілікті халық Аксесс барсты бірден түсіне қойған жоқ. Уақытпен ұғып, массаж алып, нәтижесін көрген соң, күннен күнге сұранысқа ие болуда. Өмірлеріндегі оң өзгерістерді байқап, бұрынғы және бүгінгі айырмашылықтарға куә болып,жеңіл өмір сүріп, мойындағы ауыр жүктен арыла бастаған соң, Аксесс барс әдісіне сүйенетін қызылордалықтардың саны әлдеқайда артты.

– Өз тәжірибеңізде өмірі жақсы бағытқа өзгерген келушілеріңіздің саны қанша?

– Емдік курс арқылы өз өмірін қолға алып, өміріндегі әр сәтті бағалау арқылы жақсы нәтиже мен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген тұрақты клиенттерімнің саны күннен күнге артуда деп толық айта аламын. Жоғарыда атап өткен адамға кері әсер ететін әрекеттерден арылып, әрқайсысы өз салаларында дәрежелері өсіп, жұмыстары алға басып, денсаулықтарында жақсы көрсеткіштерге куә болуда. Массажды уақытылы, әрі жақсы ниетпен қабылдап бастаған адамда өзгеріс кем дегенде үш аптадан соң байқалатыны ғылыми әдіспен айқындалған.Шаршап, уайымдап, түңіліп келген келушілер Аксесс барсты қабылдаған соң араға уақыт салып, ұйқылары реттеліп, жүрегі мен миы тынышталып, өкпе реніштен арылып, жолы ашылып, өмір сүрулері жеңіл әрі оңай бола бастауда.

– Бас нүктелеріне массаж жасау арқылы адам өмірі өзгереді дегенге қаншалықты сенуге болады? Әлде, бұл тек түпсанадағы сенім күші ме?

– Кез келген істі бастар алдында әйтпесе күнделікті тіршіліктегі әр жұмыстың оң бағытта реттелуіне алдымен мидағы сенімнің күші жоғары екенін бірі білсе, бірі білмейді. Жоғарыда атап өткендей ішкі қабылдаудың өзі тіпті денсаулыққа әсер етеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөйле немесе үндеме» дегендей, адамға әркез жақсы ой ғана қонымды бола бермейтінін мойындау керек. Түпсанадағы сенімге ғана бағыттап қоя салуға болар еді, егер бала кезден қалыптасқан түрлі кері қылықтарды назарға алмағанда. Өйткені, әр сәтті жеңіл қабылдап, бала кезден ми кеңістігі таза күйде сақталған адамдар сирек. Сондықтан, кішкентай кезден қалыптасқан түрлі келеңсіз ойлардан арылтудан бастау арқылы, түпсанада бүгінге дейін жасырылған тіршілікке кері әсерін тигізетін әрекеттерді реттеуге ден қойған жөн. Түптеп келгенде, түпсананы тазарту арқылы адамның ішкі дүниесін жақсартуға бағытталатынын түсінген жөн. Демек, арнайы массаж жасау арқылы да түпсананы тазартуға болатын әдіс екенін айғақтайды. Бұл бас нүктелеріне массаж жасау арқылы компьютерге салынып, зерттелген, әрі дәлелденген тәсіл.

– Бір сеанс қанша уақытқа созылады және әр емделуші қанша курс қабылдайды?

 – Бір сеанс уақыты 45-50 минутқа созылады. Бір курс кем дегенде 10 күнге негізделеді. Мидағы өмір бойы жиналған түрлі ақпарат бір сеанс, не бір курс арқылы жойылмасы айқын.Әр келушінің денсаулық шамасы мен ішкі жағдайына байланысты. Бір кісіге 10 күн, бір кісіге 15 күн қажет болады. Қарапайым ғана мысал, адам ауырса бір дәріні ішкеннен жазыла салмайды ғой. Арнайы уақыт пен емдік әдістерге жүгінеді. Алайда, оның әсері болғанымен, уақытша екеніне зер салған жөн. Сол секілді Аксесс барс арқылы нәтижеге қол жеткізу үшін диагнозға сәйкес емдік курстың уақыты бар. Уақытылы ем алып, өзінде сенімділік болса жақсы көрсеткішке қол жеткізуге болады. Менің тәжірибемде нәрестені де дертінен айықтырған сәтім болған. Анасымен бірге қоса емдегендіктен де болар, бүгінде шүкір, ол балапанның дені сау. Ондай дәлелдер менде көп. Оны мақтанышпен айта аламын. Сондай нәижелерге жеткен соң, өз еңбегімнің еш кетпей жатқанына қуанамын.

– Сеанс алушылардың жас мөлшеріне шектеу бар ма?

– Сеанс алушылардың жас мөлшерінде шектеу жоқ. Бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін Аксесс барс курсын қабылдауға болады. Қаншалықты сеансқа жиі келеді, өмір сүрулері соншалықты жеңіл болады.

– Курс бағасы қарапайым тұрғындар үшін қаншалықты тиімді?

– Бүгінде бір сеансы 15 мың теңгені құрайды. Арасында жеңілдіктер де жасаймын. Әр адамға берілетін жаңа энергияның құнын төлеген есепті болады ғой.

– Адам бойында кезігетін өкпе-реніш секілді келеңсіз қылықтардың жойылуына да аталған әдіс септігін тигізеді деп қалдыңыз. Бас нүктелеріне жасалған массаж қаншалықты адам бойындағы келеңсіз әрекеттерді жоя алады? Түптеп келгенде адамның сеніміне байланысты әрекет секілді?

– Әрине, адам бойына жиналатын бүкіл өкпе-реніш секілді жаман әдеттер жойылады. Өйткені, бүкіл ауру содан пайда болады. Бүгінде психологтардың өзі Аксесс барс әдісін мойындаған. Қай психологты алсаңыз да Аксесс барс әдісін қолданады, бірақ адамды қабылдау барысында ол әдіске жүгінгенін айтпайды. Оны өз көзіммен көргенмін. Қызылордадағы психологтардың басым көпшілігі өзіме келіп, сеанс алады. Психологтар жер­дің бетіндегі шөбін жұлса, Аксесс барс әдісі сол жердің астындағы тамырын да қоса жұлады деп айтар едім. Өйткені, сеанс алған адам жаңа туған сәбидей болады. Жалпы, адамның миы компьютер секілді ғой. Компьютерге вирус кіргенде жөнді жұмыс жасамай, түрлі кедергілерге тап болады. Сол секілді адам миына «вирус» енсе, әртүрлі келеңсіздіктерге кезігіп жатады. Қалай компьютер тазаланса, жаңа программаларды енгізе бастайсыз ғой, адам да сол секілді ми кеңістігін керек емес ақпараттардан тазартқан соң, жаңа жарқын мағлұматтарды енгізуге орын босайды.

– Бұл әдіс шыққалы көпшіліктің психологтардың көмегіне жүгінуі қай деңгейде деп айта аласыз?

– Психологтар жазу, сұхбаттасу әдістерін қолданса, Аксесс барс сеансында адам тек демалып, еркін жатады. Бастағы нүктелерді басқару арқылы, адам анасының құрсағынан бастап қалыптасқан шектеулермен, кейін кезіккен келеңсіз әрекеттерден айығып, өмірге деген көзқарас қалыптасып құлшыныс пайда болады. Шыны керек, массажға келушілер де психологтардың көмегіне жүгінгенімен, нәтиже белгілі бір уақытқа ғана созылады дейді. Ал Аксесс барс арқылы түпкі ойдың тазаратынын жеткізіп жатады. Заманына сай әдістерді игеру мен оның көмегіне жүгіну адамның таңдауы мен ізденуіне байланысты екенін де айта кеткен жөн. Әрбір адамның өмірі жақсы бағытқа бұрылып, жақсылыққа ғана кенелулеріне тілектеспін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған