Кестеленген көркемсөзден жыр жауһарын төккен ақын Қатира Жәленованы «Шиелінің шынары» деп әсте бекерге атамаса керек. Ол масатыдай құлпырған бойжеткен шағында ару Алматыда жыр алыптарымен иық тіресе жүрді. Алғаш кезден асыл өнердің асқарын бағындырған сырбойылық ақынның орамды шумақтары көптің қолдауына ие болды. Уақыт өте поэзиядан жырақ қалып, туған жерінде жеке кәсіппен айналысқан ақынның өткені мен бүгініне үңіліп, сыр-сұхбат құрған едік.

Ақындықтың ауыр жүгін арқалап, ару Алматының көгінде қалықтадыңыз. Білуімізше марқұм әкеңіз де сөз қадірін саралай білетін, өнерден кенде адам болмаған екен.

– Негізі менің өз жағымнан да, нағашы жағымнан да сөз өнері қонған қасиет бар. Отбасында үш қыз болдық. Мен үйдің ортаншысы едім. Үлкен апам ерте тұрмыс құрып, бөлек кетті. Жанұяда мен әкемнің, ал сіңлім анамның қызы болды. Сол кездері марқұм әкемнен алған тәлім-тәрбием маған өмірлік азық болып келеді.

Көзкөргендер әкемнің ақындар айтысына 13 жасынан бастап қатысқанын жиі айтып отырушы еді. Ал әкемнің әкесі, атам діндар кісі болған екен. Әкем көзінің тірісінде өзін оқуға, білім алуға мүмкіндігі болмағанын, оған әкесінің қарсылық танытқанын айтып отырушы еді. Жыр алыбы Әбділдә Тәжібаевпен әкем ауыл молдасынан дәріс алып, медреседе бірге оқыған. Бір күні әкем досымен бірге жоғары оқуға түсіп, білім алуға талаптанып, Алматы қаласына кетеді. Мұны естіген әкесі артынан барып, оқуға тапсырайын деп тұрған жерінен ауылға қайта алып келіпті. Ауылдан аттап шығармаған екен. Сол күйі әкем білім ала алмаған. Бірақ өз бетінше оқып үйреніп, сауатын ашады. Содан да болса керек, марқүм әкем менің оқып, білім алуыма кішкентай кезімнен қарсы болмады.

– Әбділдә Тәжібаевтың әкеңізбен етене жақын араласқанын айтып қалдыңыз. Жалпы сіздің поэзия әлеміне қанат қағуыңызға осы ақын ағамыздың ықпалы болғаны рас па?

– Әбділдә ағамыз арман қуып Алматыға кеткеннен сол жақта тұрақтап қалды. Ауылға ат ізін сала бермейтін. Әкем марқұм болғаннан кейін мектепті тәмамдап, білім алуға құлшынысым артты.

Содан Әбділдә Тәжібаевты іздеп, Алматыға хат жолдауға шешім қабылдадым. Сол кісіден көмек сұрағым келді. Өйткені сол кезде оның атағы шығып, дүрілдеп тұрған еді. Алайда ақынның мекен-жайын білмеймін. Сонда да хат жазып, сыртына Алматы қаласына Әбділда Тәжібаевқа деп почтамен жібере бердім. Әйтеуір хатым қолына бір жетер деген үмітім болды. Үшінші хатымнан кейін көптен күткен жауап хатымды алып, қуанғаным бар. Содан кейін үзбей хат алмасып тұрдық. Өлеңдерімді жіберіп тұрдым. Ол кезде ақын Ғылым академиясының «Әдебиет пен өнертану» бөлімінде жұмыс жасайтын еді. Менің білім алып, ақын ретінде танылуыма көп көмек берді. Алғашында КазГу-дің журналистика факультетіне түсу арманым еді. Бірақ ол кісі менің филология факультетіне түсуіме кеңес берді. Осылайша мен филология факультетінде білімімді шыңдадым.

Осы арадан сәл кейінге шегініп, ақындық өмірге дейінгі кезеңге оралсақ. Бала кезіңізде биге әуес болды деп естідік…

– Оқушы кезімде үнді киносын жиі көретін едім. Соның ішінде оның әуені мен биін елітіп қарайтынмын. Содан болуы керек биге қызығушылығым болғаны рас. Мектебіміздегі көркемөнерпаздар үйірмесінде, ауыл клубында да көптеген пьесаларда ойнадым. Әсіресе ер адамның рөлін жиі сомдаушы едім.

Ең алғаш акробатикамен де айналысқанымды айта кетейін. Кейіннен осы өнерімнің арқасында балеринаға бет бұрдым. Алайда әкем менің бұл өнерімді қолдамады. Соны байқағасын балетте өнер көрсетемін деген арманымды жар ортада қалдырып, биден қол үздім.

Поэзия әлеміне алғаш қадам басқан кезіңіз есіңізде ме?

– Мектепте 7-ші сыныпта оқып жүрген кезімде аудандық «Өскен өңір» газетіне алғаш «Табиғат» деген өлеңімді берген болатынмын. Сол өлеңім басылып шыққан күннен бастап ауылда ақын қыз атанып кеттім.

Ал Алматыда студент кезімде бір топ өлең дерім ді алып, сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне бардым. Мәдениет бөліміне кіргенімде көзіне үлкен көзәйнек киген бір жігіт пен шашы дудыраған бір кісі отыр. Сөйтсем бірі бөлім меңгерушісі Оралхан Бөкеев ағамыз, екіншісі тілшісі Сағат Әшімбаев екен. Сол ара да өлеңдерімді қарап шыққан Сағат Әшімбаев «Қыз монологы» деген лирикалық өлеңімді ұнатты. Ал Оралхан ағам екінші өлеңіме ерекше назар аударды. Сол күннен бастап өлеңдерім осы басылымға да жариялана бастады. Кейіннен телевизия журналистерінің де назарына ілігіп, «Алтыбақан» хабарына да қатыстым. Осылайша менің поэзия әлеміне алғашқы қадамым басталды.

Туған жеріңізге қай жылы келдіңіз? Оған не себеп болды?

– Мен туған өңіріме 1995 жылы қайта оралдым. Оған да өзіндік себеп болды. Сол заманның талабына сәйкес, Тәуелсіздік жылдарының басында жасы қырыққа толған адамдарды жұмыстан қысқарту жүрді. Бәрі қырыққа келгендерді қартайған адамдай қарайтын болды.

Сыр өңіріне қайтып келгесін облыстық «Сыр бойы» газетінің табалдырығын аттап, марқұм сол кездегі бас редактор Жақсылық Рахматулланың алдына кірдім. Сөйтсем бұл жақта да қысқарту жүріп жатыр екен. Осылайша 22 жыл еңбек өтілім бола тұра жұмысқа орналасуым қиынға соқты.

Сол жылдары шағын және орта бизнеске енді бетбұрыс жасала бастаған кезі болатын. Тұрақты жұмыс болмағасын кәсіп бастауға кірістім. Нәтижесінде өңірде алғаш қылардың бірі болып, жеке азық-түлік дүкенін ашып, кәсібімді жүргіздім. Он бес жыл соның нанын жедім. Бүгінде сол кәсібімнің нәсібін көріп отырмын.

Жалпы поэзия әле мінен жырақтап кетсем де, бір кездері үзеңгілес жүрген әріптестерім мен ақын апа-ағаларымның жадынан шыға қоймаған екенмін. Қызылорда қаласына келгесін, біраз жыл өткенде Фариза Оңғарсынованың өзі мені іздепті. Бір күні үйіме телефон шалып, амандық-саулық сұрасып, мені Астананың 10 жылдығына орай өткізгелі отырған «Фариза және сіңлілері» атты шығармашылық кешіне арнайы шақырды. Бұл ұзақ жыл үзілістен кейін халық алдына шығып өз өлеңімді оқыған керемет сәт еді.

Шығармашылық жолында жеткен жетістігіңіз жайында айтып өтсеңіз…

– Негізі кітап шығару оңай шаруа емес екені белгілі. Оның бәрі қаржыға тіреледі. Өзімнің де кітап шығаруға әуестігім болған емес. Деген мен Алматыда жүрген кезімде мемлекеттің қолдауымен өлеңдер жинағы топтастырылған үш кітап шығарғанмын. Елге оралғасын Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен Сырдария кітапханасы аясында тағы бір кітабым жарық көрді. Артынша сол кездегі Мәдениет министрінің орын басары болып тұрған Бауыржан Омаровтың ықпалымен мемлекеттік тапсырысқа өтінім беріп, бесінші кітабымды шығардым. Келер жылы «Сырдың әні» атты кезекті кітабым шығады деп жоспарлап отырмын. Ал нақты уақытта «Қанаттас қаламдастарым» атты прозалық дүние жазу үстіндемін.

Бұл менің ұзақ жылғы шығармашылық жолымда жеткен жетістігімнің бір парасы дер едім. Ақын шығармашылығына сусындаған оқырмандарыма да үлкен сый болады ғой деп ойлаймын.

Ал мемлекет тарапынан берілген марапаттарыма келсем, «Сырдан ұшқан қарлығаш» деген кітабым арқылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атандым. Сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақ радиосының ардагері» ретінде «Құрмет» орденін кеудеме тақты. Сол сияқты түрлі мерекелік, мерейтойлық медальдармен марапатталдым. Осының өзі елімнің еңбегімді бағалағаны ғой деп білемін.

Келелі сұхбатыңызға рахмет!

Ербақыт ТАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған