Республикалық бюджеттен қаржы тарту көлемі биылғы жылға былтырғыдан да едәуір көбейді. Мәселен, биыл республикалық бюджетте құрылыс, жол, энергетика салаларының өзіне 62,8 млрд.теңге қаражат қаралмақ. Алдағы уақытта 100 млрд.теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Ал, облыстық бюджеттен елді мекендерді дамытуға 15-20 млрд. теңге аралығында қаржы бөлінеді.
2022 жылдың алғашқы айларындағы инвестиция қарқынымен салыстырғанда биылғы өсім 5 есеге ұлғаймақ. Нәтижесінде аймақта ауқымды жаңа жобалар бастау алады.
Биыл өңірде жаңадан 131 нысанның құрылысы жүргізіледі. Бір ғана білім саласында 22,3 млрд.теңгеге 22 нысан салынбақ. Оның 10-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы жаңа мектептерге тиесілі.
Сырдарияның сол жағалауынан 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орынға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысы – ірі нысандардың бірі.
Денсаулық сақтау саласында 16 нысан салуға 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде 12 дәрігерлік амбулатория, онкологиялық орталық, қан орталығы, Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана салынады және Арал қаласында туберкулезге қарсы орталық қайта жаңғыртылады.
Мәдениет саласында да ауқымды жобалар іске асады. Құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын 11 нысан құрылысы биылға жоспарланған. Жаңадан 8 ауылдық клуб, Қызылорда қаласында көпсалалы кешен, Неке сарайы, Әйтеке би кентінде 600 орындық клуб құрылысы салынады.
Спорт бағытында жаңадан салынатын 7 нысанның басым бөлігі ауылдық жерлерде салынады. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілмек.
Аймақта тұрғын үй құрылысында да сәтті бастама бар. Биыл 23 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 12 үй, 11 кредиттік тұрғын үй салынады. Мұнан өзге сол жағалау бойынан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үй бой көтереді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта туған жеріне жанашыр демеуші азаматтарды ортақ іске біріктіріп, 9 млрд. теңгеден асатын ауқымды жобалардың жүзеге асуына жол ашты.
Жыл соңына қарай құны 3,7 млрд. теңгеге 1000 орындық Өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы да есігін айқара ашады.
Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылыс жұмыстары жүруде. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы салынуда.
Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы алынған 150 автобустың 100- і келсе, биыл қосымша тағы 150 автобус алуға қаржы бөлініп, автобус паркі 300 жаңа көлікпен толығады.
Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Ақпан айында шамамен құны 12 млрд. теңгені құрайтын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы құрылысы басталады. Терминалды салуға Болат Өтемұратов қоры ниет білдірді.
«Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорнымен келісім нәтижесінде облыс орталығында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы жүзеге асады. 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының құрылысы басталады. Жаңа стадион құрылысына «Саутс Ойл» компаниясы демеушілік етуге ынта білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда.
Өңірде әр жыл сайын бірнеше елдімекенге табиғи газ тартылып, қаншама отбасы көгілдір отынның қызуын сезінді. 2022 жылы 7 ауылдағы 15 мың халық көгілдір отын игілігін көріп, отын жағып, күл шығару бейнетінен арылды. Нәтижесінде аймақ тұрғындарының табиғи газбен қамту үлесі 68 пайызды құрады. Биыл өткен жылы бастау алған 7 жоба мен жаңадан 8 жаңа жоба іске асады. Осылайша жыл соңына дейін тұрғындардың газға қол жеткізу көрсеткіші 72 пайызға жетеді.
Бүгінгі күні Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Өңірдегі 230 ауылдық елді мекен тұрғындарының 98 пайызы орталықтандырылған ауыз су тұтынады. Биыл ауылдық жердегі 20 елді мекенді топтық су құбырына қосу, ішкі су жүйелерін салу және су тазарту қондырғысын орнату жұмыстары жасалады.
Биыл қала аумағын толықтай жылумен қамтитын түрік инвесторларының қолдауымен іске асатын құны 215 млрд. теңгелік жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталады.
Осы жылы 2,1 млрд. теңге сомасына 5 жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынылып, оның 2 жобасы 923 млн. теңгеге қолдау тапты. 9 жоба республикалық бюджетті нақтылау кезінде ұсынылатын болады.
Жол сапасын жақсартуда жаңа жобалар аз емес. 2022 жылмен салыстырғанда жолға бөлінетін қаржы 2 есеге артты. Биыл ұзындығы 440 км құрайтын автомобиль жолдары мен көшелерді жөндеуге және 11 көпірді салуға және жөндеуге 14,8 млрд теңге бөлінді.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласына қарасты 6 елді мекеннің көшесі және 7 ауданның орталықтары мен бірге 25 ауылдағы 100- ден аса ішкі көшелер толықтай жөндеуден өтеді.
Жөндеу жұмыстарының нәтижесімен жыл соңына қарай өңірдегі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық көрсеткіші 87,5 пайызға жетеді.
Өңірдегі әрбір жобаның уақытылы әрі сапалы түрде іске асырылуы облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.