Наурыз мерекесіне орай облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сауда орындарын аралап, тұрғындармен пікірлесті.

Жәрмеңке Қызылорда қаласының халық көп шоғырланған 3 аумағында ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сауда-саттық қатарлары «Шанхай» мөлтек ауданында Жанқожа батыр мен Құлтекенов көшелерінің қиылысында, «Мерей» мөлтек ауданында Журба көшесі мен Саламатов көшелерінің қиылысында және Астана даңғылының бойында Жеңіс көшесіне дейін орналасты.

Қала тауар өндірушілері мен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның кәсіпкерлері 90 жүк көлігіне тиелген 150 тоннаға жуық тауарды тұтынушыларға ұсынды. Оның ішінде 15 тонна күріш, 30 тоннадан астам ет пен балық өнімдері, 20 тонна картоп, 13 тонна сәбіз, 20 тонна пияз, 30 тоннаға жуық көкөніс пен жеміс, 1 тонна күнбағыс майы, 7200 жұмыртқа, 6 тонна кондитер өнімдері, 4 тонна сүт өнімдері, 3 тонна ас тұзы және тұрмыстық заттар бар.

Мерекелік жәрмеңкеде жұртшылық наурыз көжеден дәм татты. Сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тұрғындардың көңіл-күйін көтеру үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек жәрмеңкеде аймақта өндірілетін отандық өнімдерді қолдау үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Сыр маржаны – ақ күріш, сүт өнімдері, жемістер мен көкөністер, кондитерлік өнімдер ұсынылды.

Мұндай жәрмеңкелер облыс орталығынан бөлек барлық аудандарда да өтті.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 40 жәрмеңке өткізіліп, азық-түлік өнімдері тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен сатылды.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған