Далада күн суық. Есік алдындағы дүкенге шыққанның өзінде дірдек қағып, үйге қайта кіргенше асығасың…

Пәтер іші жып-жылы. Жарық жанып тұр. Газ келіп тұр. “Аристон” болсын, әйтеуір ыстық суға да қол жетіп тұр.

Әншейінде кішкене жел тұрса жарық өшті, немесе су ақпай қалды, болмаса үй суып кетті, көлік келмей жатыр деген тұрғындардың ашулы талабы толы әлеуметтік желі де тып-тыныш…

Демек, қала билігі қалалықтарға қолайлы жағдайды қамтамасыз ете бастағандай. Әрине бұл бір күннің, бір айдың нәтижесі, бір әкімнің біліктілігі дегеннен гөрі жылдар бойғы еңбектің, бұған дейінгі де жасалған жұмыстардың жемісі деген дұрыс шығар.

Қала болғалы бері мәселесі мың-сан, әлі қаланың мәдениеті қалыптаса қоймаған деп айта беретін Қызылордаға осыдан бір ай бұрын жаңа әкім келді. Жұрт үшін оның кім екені маңызды да болар, алайда оның елге етер қызметі, соңғы кездері біраз мәселелері шешіліп қалғандай қалада тындыратын ісі одан да аса маңызды…

Бір қарағанда, Қызылорда қазір мусордан бірсыпыра тазарып, таза қала деңгейіне жетті. Экономикасы да жаман емес. Былтырдың өзінде бюджеті 2 есе өсті. Жаяу жүргіншілерге мүмкіндік жасайтын тротуарлардан бөлек, теміржол үстінен аспалы көпірлер де салынуда. Көшелер жөнделуде, жаңадан автобустар сатып алынып, көлік мәселесі де бірқатар жолға қойылды. Бәрінен бұрын жаңа қала салынып жатыр, тіпті салынып жатқан үй биіктігін 7-ші қабатқа дейін көтердік. Күні кеше келген әкімге жан қинар жұмыс жоқ. Қаладағы барға қанағат етіп, бірдеңені бүлдіріп алмай, қарауыл болып отырса болғаны…

Бірақ, қазіргі заман талабы мұны көтереді ме? Талабы мен талғамы күшейген тұрғындар тыныштыққа отырғызады ма? Осының өзінде де күн сайын бір проблема шығып, тұрғындар әрнәрсені талап етіп жатады. Одан бөлек әкімнің өзінің де қарап отырғысы жоқ, аймақ басшысының да қарап отырғызатын түрі жоқ. Күнделікті қала тірлігін көз жазбай қарап отыр…

Сонымен биылғы жыл басында қала басшылығына келген С.Қожаниязовтың қалалықтардың тұрмысын жақсарту бағытында қандай ойлары бар? Сондай-ақ Қызылорданың қай бағытта бағы жанар деген көпшілік сұрауын аманат етіп, Қоғам TV телеарнасының “Әкім сағаты” хабарында арнайы сұхбат жүргіздік. Сұхбаттың газетте, теледидарда жарияланғанына да бір жетіден астам уақыт өтті. Көрермендер мен оқырмандар әзірге жақсы пікір білдіруде.

Сұхбат басын қызылордалықтар үшін “ыстық” тақырып ыстық судан бастадық. Өйткені жаңа әкімнің жаңалығының бірі де көпқабатты үйлерге ыстық су әкелу. Жалпы Қызылорда қала болғалы қызылордалықтардың үлкен арманының бірі болған ыстық су мәселесі шешілгелі тұр. “Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елге сапары кезінде аймақ басшысы Н.Нәлібаев оған елдің ыстық сәлемін жеткізді». Бұл мәселеге орай қаржысын шешуге Президент Үкіметке тапсырма берді. Мәселе шешіліп-ақ тұр. Бірақ алда қыруар жұмыс бар.

Мәселен қала әкімі С.Қожаниязовтың айтуынша: “Жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, Үкіметке тапсырдық. Осы құжат бойынша ыстық су беру үшін өжірелердегі бойлер, жылу жүйелерінің барлығын жөндеп, нақтылағанда орнында тұрғанын жаңартамыз, жоғын жаңадан қоямыз».

Қалаға ыстық су берудің алғашқы кезеңі биыл басталады. Демек, “бір оқпен екі қоян атып алғалы” тұрмыз. Ыстық су бергеннен бөлек, үй өжірелеріндегі жылу, су, жарық желілеріндегі ақауларды да жөндеп, жаңартып аламыз. Бір қызығы сұхбатты көрген, оқығандардың көпшілігі осы өжірелердің жөнделіп, тазаратындығына қуанып жатыр. Өйткені, қазіргі өжіре тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер етіп отырғаны, оны жөндеу үшін қалталарынан біраз қаржы шығарып отырғаны анық.

Тазарған өжіре, үйге кірген ыстық судан бөлек бүгінде қат дүниенің біріне айналған электр энергиясына да, газға да үнем болып, әрі батериялардан ағатын жылы су шығыны да азайып, жылу электр орталықтарының суды жылытуға кететін қаржыны да үнемдейтіндігі жарық, жылу беретін орталық үшін де үлкен олжа екені анық. Сөз жоқ, технарь әкімнің өз сөзімен айтар болсақ бір ыстық сумен бірнеше мәселені қатар шешкісі келетінінің түйіні тариф түспесе, қымбаттамайды.

Бүгінде Қызылордада ерінбегеннің бәрінің айтар бір әңгімесі көгалдандыру. Қаладағы өсіп тұрған кәрі ағаштармен қатар, өспей қалатын жас шыбықтар, көктемде егілмей, жазда әрең көрініп, күзде гүлдейтін әралуан гүлдер тақырыбы. Осы тақырыпқа тағы бір тамызық – аяқ су мәселесі.

Сұхбат барысында сұхбатты жүргізушінің бірі Ш.Әбдікәрімов осы мәселені қалың қызылордалықтар атынан қала әкіміне сұрақ етіп төтесінен қойды. Себебі де белгілі. Қалалықтардың үйіргелік бақшалығына, жалпы есікалды көгалдандыруға аяқ су жетпейтін болғандықтан да қызылордалықтар қазір ауыз суды аяқ суға да пайдаланады. Есесіне көпқабатты үйлердің жоғарысына су жетпейді, көп тұрғын мотор насос пайдалануға мәжбүр.

Қаланың демалыс орындарында, көшелерінде тал, гүл егіп, көгерте алмай отырғанымыз аздай қызылордалықтарды ауыз суға жарытпай да қойғанымыз қалалықтар үшін қолайсыздық тудыруда. Содан да қала әкімі аяқ суды реттеуді басым бағыттағы міндеттердің бірі, онда да бірегейі етіп отыр. Ол үшін ең бірінші кезекте қала арықтары, каналдары түгенделіп, оларды күтіп-ұстауға қаржы бөлінеді. Көзі бітелгендердің көзі ашылады, құм астында қалғандар қайта қазылады. Мүмкіндігінше бұрыннан барлары қайтадан іске қосылады.

Бұрыннан аяқ су жүйесі қалыптаспаған Сол жақ жағалау, Сәулет, Саяхат сияқты мөлтек аудандарда аяқ су баратын арығы жоғы анық. Тәуекел етіп, ол жақтарға жаңадан суландыру жүйесін жүргізуді ойлаған жаңа әкімнің өз сөзімен айтар болсақ: еш жаңалық ашып отырған жоқ. Тек өзіне дейін басталған жұмыстарды әрі қарай дамытып, жалғастырады.

Қаланы көгалдандырумен қабат, аяқ су мәселесін шешумен де айналысатын “Жасыл Қызылорда” деген мемлекеттік мекеменің ашылуы жұрт үшін биылғы жылғы жаңалық болып тұрғанымен, С.Қожаниязов облыс әкімінің орынбасары болып жүрген кезде басталған іс. Былтырғы жылы аймақ басшысының тапсырмасымен Түркістан қаласының көгалдандыру бағытындағы жұмыстарымен танысқаннан кейінгі қабылданған шешім бойынша құрылған. Тендерге тәуелсіз “Жасыл Қызылорда” арқылы да бірнеше мәселе бірден шешім таппақшы.

Тал, гүлді өзі егеді, өзі суғарады, өзі күтіп баптайды, өзі қадағалайды. Шынын айту керек, сұхбат барысында қала әкімі ұзақ жасаған кәрі талдарды емдейміз дегені біртүрлі естілді. Адамды дұрыс емдей алмай жүргенде, қартайған, құрттаған, ауырған ағаштарды “Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдары келіп, талдар бұтақтарын қию, жалпы емдеу жолдарын айтса, “Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” мамандары жаңадан тал егілетін жерлердің құнарлығын қарап, қандай талды қай жерге, қай кезде егуге болатындығына бағдар береді екен. Ғалым дәрігер айтқанымен ағаш басын кесіп, ғалым маман кеңесімен тал еге бастасақ жылдар бойы көгермей тұрған жерлерді әп-сәтте көлеңке етіп жібереміз. Қалай болғанда да, көктесін, көктемесін қаламшаларды қадап кете беруге шеберміз. Кей-кейде суы жоқ жерлерге де сықитып егіп кеткенімізді көріп өзіміз де өзімізге күліп жүреміз. Ал, енді жерге өкпе жоқ, суы науадай құйып тұрса бірінен кейін бірін қадап кеткен көшеттеріміз қаулап шығып тұрғаны да рас. Қала әкімі өткенде Экология министрі келгенде, ол “Талды бұлай ретсіз еге беруге болмайды. Бір-бірінен қашықтығы сақталмаса бой алмайды, айналасына көлеңке бермейді” дегенде “Біздің бұл талдарды еккенімізге 20 жыл болды” деген жауапты естігенде Министр ұқсамайды деп бас шайқады дейді.

Білместікпен талай талды тапал еткеніміз анық. Ендігі жерде аурудан ада, құрты жоқ ағаштар айналаға таза ауа берсе қала әкімінің құрығанда бір қадамының құтты болғаны да.

“Жасыл Қызылорда” – көгалдандырудағы жалғыз бағыт емес. Қаланың “Бәйтерек” мөлтек ауданынан өтетін үлкен трасса бойынан питомник жасалмақшы. “Астана” жақ кірер жол бойын көгалдандыруда трасса бойы бойлап ағаш отырғызғаннан бөлек, осы тұста сыр талынан бастап Сыр бойына бейім талдардан аллея десек пе екен, әлде парк, әкім айтуынша питомник жасалады. Тұқымбақ қалаға “Астанадан” кірер жолға көрік беріп

“Бәйтерек” мөлтек ауданына таза ауа таратқанынан бөлек, көшеттерді де содан алатын боламыз. Негізі, Қожаниязовтың ойға алған әр ісі кемі үш нәрсені қамтиды.

Сондай-ақ тоқтамдарының қатаң тұсы да бар. Мәселен қалалықтарды газбен қамту мәселесін айтқанда сұхбат барысында Шакизада Өтетілеуұлы, “Біз осы уақытқа дейін көзшамамен қарап отырсақ, Қызылорда қаласы газбен толық қамтамасыз етіліп отыр” деп тоқкөңіл танытып келе жатыр еді, Қожаниязов “сұрағыңыздың басында өзіңіз газбен толық қамтамасыз етілген дедіңіз. Шындығында олай емес. Қаланы толық қамтамасыз ету мүмкін де емес” деп қойып қалды. Бұлай деп ел айтса, біз айтсақ дұрыс. Әкім айтқаны қалай? – деп дағдарып та қалғандаймыз. “Алайда, қалада жаңа құрылыстар салынып, жаңа қоныстар пайда болып жатыр. Қаланы газдандыру тұрақты түрде жүргізіле береді” дегенде көңіл шіркін жұбаныш тапқандай болды.

Қаланы газдандыру мәселесіндегі түйткілді мәселелерге орай, мәселен газдың үйге келіп тұрып, бірақ тұрғындардың тоңып отырғанына әкім де ренжулі екен.

От жағып, күл шығарудан құтылдық деп қуанған қызылордалықтар күн суытып, аяз қысса салқын үйде маңдайы жылымай, “тоңдық, газды дұрыстап беріңіздер” деп талап арызды борататыны бар. Әкімнің өзі бұл мәселеге газдандырудағы “ақтаңдақтар” деп ат қойыпты. Онысы елді газдандыру жұмысындағы техникалық талаптардың сақталмайтындығына көңіл толмастығы. Расында да, Қызылордада бір үйді газға қосу үшін нақты ақша болса 500 мың, әйтпесе несиеге рәсімдесе 600 мыңның үстіне шығады. Жасыратын несі бар, қалтасынан бірден 500 мың суырып беретіндер некен-саяқ, содан да 600 мыңның үстінде несие алып, газға қосылғандар күн суықта жылына алмағаннан соң қала әкімін іздейді.

Қала қала болғалы бері газсыз да өмір сүрдік. От жақтық, күл шығардық. Тәуекел, енді бір шамалы уақыт шыдайық деп тұрғындарға тілек артқан Қожаниязов газ жеткізушілер мен таратушыларға “техникалық талапқа сай келмейтін болса, халықты құр алдап, газ кіргізбей-ақ қояйық. Тоқтата тұрайық” деп талап қойып отыр. Расында да сан қуалап, бәлен үйді газға қосып, артынан ел ренжіген жаман әкім болғанша, сапаға жұмыс істеп ел алғысын алған дұрыс-ау. Тұрғындардың өздерінің де бүйтіп алдап газ бергенше көмірімізді жағып неге отырмадық дейтіні де осы шешімге себеп.

Қызылорданы әрқайсымыз әрқалай мақтаймыз. Көбіміз алғашқы Астана болғанын көп айтып жатамыз. Әкім Серік Салауатұлы келер жылы сол Астана болғанымыздың 100 жылдығы дейді. Соны өз ойында тойдан бөлек басқаша атап өткісі де келеді. Көшелер кеңейе жатар, үйлер жөнделер, тағысын тағы. Бірақ, 100 жылдықты қалай лайықты қарсы аламыз? Ел тарихында өз қаламыздың тарихи мәнін қалай сақтай аламыз? (Кей кезде Қожаниязов технарь әкім ғана емес сияқты).

Жасыратын несі бар, бұдан 100 жыл бұрынғыдан сақтағанымыз деп көзге көрсетер де қалмай бара жатыр. Қаланың кіре беріс теміржол қақпасы вокзалының 100 жылдан астам тарихы бар. Астана болған кезде талай Алаш арыстарының осында ізі қалды… Вокзалды жөндеп, ретке келтірдік. Енді вокзал алаңын, Әуелбеков көшесінен Тағзым алаңына дейін ескіні қайтадан жаңартсақ деген ойын да Қожаниязов жасырмады.

Егер де Қожаниязовтың айтқанындай дизаинкод жасап, сол бойынша вокзалдан бері қарайғы теміржолға тиесілі ғимараттарды, тағы да басқа жекесі бар, мемлекеттікі бар, ғимараттардың барлығының сыртындағы қапталған сайдинг, алюкабондтарын сыпырып тастап, тарихи кезеңдегі қалпына қайта келтірер болсақ ескіден сыр шертер көненің көздерінің жаңаруы мүмкін болар еді.

Сұхбат барысында Ш.Өтетілеуұлы қала аумағындағы саяжайларға инфрақұрылым жеткізу жайын сұрады. Реті де бар. Осыдан сәл уақыт бұрын “Сабалақ” саяжайы тұрғындары облыс әкімдігі алдына жиналып, талап арыздарын білдірді.

Кеңестік кезеңде елдің жаз мезгілінде қосалқы шаруашылығымен айналысып, өз-өзін көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтуын қамтамасыз етуден бөлек, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатымен де құрылған қала маңындағы бірнеше саяжай урбанизация есебінен көп жұрттың тұрғылықты жеріне айналды. Әуел баста қалалықтарға тән қолайлы жағдаймен қамтылмаған бұл саяжайлар урбанизация дәуірінде қаладан пана іздеген көп қазаққа жазда сая, қыста қоныс болғанымен жол, көше, газдандыру, аяқ су, ауыз су, айта беретін несі бар, нағыз мың бәленің қордаланған тұсы болып тұр.

“Жоқтық жомарттың қолын байлайды” дегендей көп саяжайлардағы күрмеулі мәселелердің шешім табуына олардың судан қорғау аймағында орналасқаны да себеп болып тұр. “Ягодка”, “Пищевик”, т.б. басқа саяжайлар су қорғау аймағында орналасқандықтан біз онда қаржы жұмсап, инфрақұрылым жеткізе алмаймыз” дейді әкім. Ал, “Сабалақ” жайы басқаша. 4000-5000 тұрғыны бар, қаланың бір бөлігіне айналған саяжайды газдандыру, көше салу, жарық жайы бір демде шешіле қойылатын мәселе емес. Содан да болар облыс әкімі алдына жиналған сабалақтықтарға Серік Салауатұлы «мен қала әкімі болмай-ақ қояйын. Сіздердің қалауларыңызбен бүгін қызметтен кеткеніммен мәселе бәрібір бүгін шешілмейді” деп ашық айтты.

Алайда, облыс әкімі Н.Нәлібаев пен қала әкімі С.Қожаниязов тандемінің “Сабалаққа” газ жеткізу жоспарының жүзеге асуына көп қалған жоқ. Өйткені аймақ басшысының қолдауымен демеушілердің қаржысы есебінен “Сабалаққа” газ апарудың жоба-сметалық құжаты жасалып, дайын тұр. Бұл – бір істің біткені. Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың биылғы жылға қалай болғанда да “Сабалаққа” газ апарамыз деген құлшынысы қаржы мәселесінің оңтайлы шешілуінің кепілі болса керек. “Сабалақтағылар” өздерінің тұрғылықты жеріне газдың баруын қалай сабырсыздана күтсе, “Сабалаққа” газ апаратын жобаны тезірек жүзеге асыруға облысы, қаласы бар жергілікті биліктегілер де тағатсызданып отыр.

Қаладағы 80-дей саяжайдың басым дені “су қорғау аумағында”, инфрақұрылым апаруға, күрделі құрылыс жүргізуге болмайды деп, алаңсыз отыруға қала басшылығының да ары бармайтын сияқты. Дарияда судың азаюына орай әлде де кей саяжайларды су қорғау аймағы тізімінен шығару барысы, тағы да басқа мүмкіндіктері қаралып жатқан көрінеді. Ең қиыны мүмкін еместі мүмкін деп елге жалған уәде беру. Сол үшін де барды бар, жоқты жоқ деген де дұрыс болар.

Жалпы Серік Салауатұлы үшін қала әкімі болу соншалықты бір қажеттілік болды десек қателесер едік. Бұған дейін де 2007-2008-ші жылдары қала әкімі болғанын айтпағанда қызметтің бұдан да тәуірін көрді. Үкіметте, Президент әкімшілігінде де қызмет атқарды. Тіпті, облыс әкімінің бірінші орынбасары болып отырған жерінен қалаға келуі де мансапқорлықтан емес, елге қызмет етсем деген жүректен шыққан тілек екені анық. Содан да осыған дейінгі жиған[1]терген тәжірибесін, көрген-білген жақсы дүниесін Қызылордаға жаратқысы келеді. Қала әкімі қалалықтардан кеш жатып, ерте тұрып, демалыссыз режимде жұмыс жасап жатқаны да осы тілектің айналасында болса керек.

Жаңа әкімнің қалада жүзеге асырар жаңа жобалары туралы білмек болып алғаш жүздескенімізде Серік Салауатұлы біршама ойларын ортаға салды. Соның бірі – қаладағы апатты үйлер мәселесі. Кешегі сұхбатта бұл мәселе жалғасын тапты. Қала әкімі болып келгеннен кейін қала аралағандағы алғашқы нысандарының бірі Тасбөгеттегі апатты үйлер болды. Жасыратын несі бар, бүгінде қалада 500-ден аса адам апатты үйлерде тұрып жатыр. Содан да жалпы ескі, апатты үйлер бойынша жасалатын жұмыстар қалалықтар үшін маңызды. Бұрынғы Автовокзал маңындағы бүгінгі өркениеттен өткен ғасырдың 60-70- ші жылдары деңгейінде қалып қойған екіқабатты үйлер тағдыры талайды алаңдатып келеді. Алдында айтқандай олар қала көркін бұзып қана тұрған жоқ. Адам өміріне де қауіп. Бірақ, ескіден әбден көңіл қалғанша, үстімізден құлап түскенше ажырамайтын әдетімізбен сол жерде тірлік етіп, тапжылмай отырмыз. Тіпті бірінші қабаттан әралуан кеңселер ашып та қойдық. Демек, мұны сүріп тастау билікке оңай емес. Қаржы жағынан қымбатқа түсетіні де бар.

Қаладағы апатты үй тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз етуде мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын үйлерді көбейтіп, айналдырған 3-4 жылда осы мәселені шешу жоспары бар қала әкімі пайдалану мерзімі әлі бітпеген, бірақ тозған, ескірген үйлерді де естен шығармай отыр. Ол үшін тұрғындардың келісімін алып, модернизация жасалса біраз үйдің әбден жаңарары анық. Ал, енді қаладағы Бөкейхан көшесіндегі сияқты өркениеттен көш қалып қойған, тарихы өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарынан да әріге кеткен екі қабатты көне үйлерге қатысты технарь әкім техникалық жағынан оның да тиімді әдісін тапқан сияқты. Бұл тұсқа үй салуға қызығып отырған инвесторлар, құрылыс компаниялары жоқ емес, бар. Алайда канализацияның жоқтығы кедергі. Дегенмен “Аэропорттың” ескі жатақханасы, немесе өрт сөндіру қызметі тұстарынан канализация жеткізуге болады. Бұл жағдайда құрылыс компаниялары мен пәтер иелері сатып алу – сату туралы ортақ келісімге келуі де мүмкін. Немесе, пәтердегілерді уақытша басқа жерге қоныстандыра тұрып, құрылыс біткеннен кейін сол үйден оларға пәтер беруге де болады. Қала құрылысы да жүреді, көне үйдегілер де баспаналы да болады, бюджеттен қыруар қаржы да кетпейді. Құрылыс компанияларына да жұмыс, тұрғындарға баспана, қала билігіне бір мәселе азаяды. Әдеттегідей бір шешімнен бірнеше мәселе шешімін табады. Бірте-бірте осылай ескі үйлерді жаңартсақ деген әкім жобасының да жаны бар сияқты.

Қызылордаға сырттан кірер жол көп. Қалаға сапарлатқан жолаушыға Сыр өңірінің сән салтанатын байқататын қала қақпаларын – аркалар жасап-ақ тастадық. Дегенмен ішкі жол саналатын Тереңөзектен кірер жолда қаңқайып ЦКЗ қаңқасы тұр. Қала әкімі болғаннан кейін оның аралаған нысанның бірі болғандығы Серік Салауатұлының осы тұсты көрер көзге көрікті етсем деген көркем ойымен қатар, жылдар бойы мүжіліп, қаусап тұрған қаңқа адам өміріне қауіп төндірмесін деген қамқор көңілі де.

Көлікті халықтың көп кіріп шығатын Шымкент жақтан кіреберіс әдеміленді, сол жақтан кіре бергенде көркем бір қалаға келдім-ау деп көтеріліп қаласың. Алайда, Жаппасбай батыр көшесінен бері қарай әдемілік жоғалады. Бұл да – қала әкімінің ойға алған бір тұсы.

Бұл сұхбатта қаланың осал, мықты тұстарын түгел қамти алмағанымыз сияқты, қала әкімінің де қаладағы ірілі-ұсақты проблемаларды шешуге қатысты барлық ой-жоспарын тізбектей алмадық. Әлі жалғасы болады деген үміттеміз.

Қала деген біздің ұғымымызда, тұрғындар түсінігінде тұратын жері, белгіленген мекен-жайы. Өзі тұратын пәтерінің есігінен, немесе үйінің қақпасынан шыққаннан-ақ бөтен біреудің территориясына өткендей болатын қалалықтар үшін сол қаланың қандай кірпіштен өріліп, қабырғасының қандай түске боялып жатқаны бәрібір сияқты. Қалалықтар қабылдауында қала көшесі де, тротуары да, тек өзі жүріп өткені болмаса бөтеннің мүлкі. Үйі жекешеленгенімен пәтері өзінікі, подъезін де өзгенікі көретін көпқабаттыдағылар үшін үй ауласы да мүлдем жат. Өзінің пәтері, немесе үйінен басқаның бәрі де өзінікі емес, бөтендікі, бөтен болғанда да биліктікі, әкімдікі сезінетін қалалықтарға қала әкімі “Қызылорда – ортақ үйіміз”, “Бірігіп тазартайық, жаңартайық, дамытайық” деп тұрғындар мен билікті өзара ынтымақты әрекет етуге шақырып отыр.

Дайынбыз ба?..

Сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын “Ақмешіт ақшамы” газетінің 15 ақпанда жарық көрген 7 номерінен оқуға болады. Толық нұсқасы Қоғам ТВ арнасының ютуб каналында

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған