ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАҒЫТЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ. Швейцарияға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация ауыл шаруашылығы, экология және инвестициялық ынтымақтастық бағытындағы маңызды кездесулерге қатысты.
Облыс әкімі Берн кантоны Үкіметінің төрағасы Кристоф Нойхауз, Дамыту директоры Симон Эндерле және Сыртқы қатынастар жөніндегі кеңесші Томас Мозермен кездесті. Кездесуде экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Аймақтың Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерінің бойында орналасқаны, ауыл шаруашылығындағы жетекші орны және жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуеті таныстырылды. Өңірде қуаттылығы 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді, сондай-ақ 300 МВт-тан астам жаңартылатын энергия жобалары жүзеге асырылуда.
– «Қызылорда облысы – географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, инфрақұрылымы дамыған және табиғи ресурстарға бай аймақ. Берн кантонымен өзара тиімді серіктестік орнату – біздің ортақ мүддеміз», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Швейцарияның күріш, бұршақ және өзге де дақылдарды өңдеу саласындағы жетекші компаниясы RBL Group SA Бас директоры Ханс Ремундпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты нығайту, озық технологиялар мен тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Қызылорда өңірінің отандық күріш пен тұз өндірісіндегі жетекші рөлі, инвесторларға ыңғайлы әрі дайын инфрақұрылым ұсынудағы ерекшелігі де айтылды. Салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылғаны, инвесторлар үшін тартымды «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағының құрылғаны атап өтілді.
Делегация мүшелері Kanadevia Inova компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Александр Силинмен кездесті. Онда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және энергия көзі ретінде пайдалану бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.
Қазір өңірде 15 кәсіпорын тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеумен айналысады. Кореялық With You E&C компаниясы жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысын бастады.
Швейцарияға жұмыс сапары агроөнеркәсіп, экологиялық технологиялар және инвестициялық ынтымақтастық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
ОБЛЫС ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ШВЕЙЦАРИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ.Қызылорда облысының делегациясы Швейцарияға жұмыс сапары аясында Лауфен қаласына барып, санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін Laufen Bathrooms AG компаниясының даму жөніндегі директоры Фрэнк Либетраумен кездесті және керамика зауытының қызметімен танысты.
Laufen Bathrooms AG – Roca Group халықаралық компаниясының еншілес құрылымы. Бүгінде Қызылорда облысында Roca Group компаниясымен бірлесіп, санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісін салу жобасы іске асырылуда.
Маусым айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі, Roca Group компаниясы арасында үшжақты негіздемелік келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Roca Group компаниясының жобасы таныстырылып, өңірде заманауи өндірісті дамыту жоспарлары ұсынылды. Президент бұл бастаманың аймақ экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудағы маңыздылығын атап өтті.
Жобаның жалпы құны 70 млн. еуро, өндірісті орналастыру үшін инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген «Өндіріс» индустриялық аймағынан 20 гектар жер телімі бөлінді.
Зауыт іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 500 мың санитарлық-техникалық өнім шығару жоспарланған.
Кездесуде тараптар өңір мамандарын Laufen компаниясының өндірістік алаңдарында тағылымдамадан өткізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ, делегация Laufen Forum көрме орталығында және кран өндірісінде болып, инновациялық шешімдерімен танысты.
Сапардың келесі бағыты – Берн қаласы. Мұнда аймақ басшысы су, газ, электр және жылу есептегіш құрылғыларын өндіруде 120 жылдық тарихы бар GWF MessSysteme AG компаниясының басқарушы директоры Марк Нойхауз және техникалық директоры Юрген Скрипалльмен кездесті.
Кездесуде Қызылорда облысында су және энергия ресурстарын есепке алу жүйелерін жетілдіру, «ақылды есептегіш» технологияларын енгізу, сондай-ақ осы бағытта бірлескен өндіріс құру мәселелері талқыланды. Мұндай жобалар аймақтың инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірдегі каналдарға осы компанияның 100 су есептегіші Ислам даму банкінің қаражаты есебінен, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, келер жылдың қаңтар айынан бастап орнатылады.
Сапар соңында облыс әкімі Қазақстан Республикасының Швейцариядағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Саржановпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және швейцариялық компаниялардан инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ – ШВЕЙЦАРИЯ: ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ. Қызылорда облысы делегациясының Швейцарияға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар ірі инвестициялық компаниялар басшыларымен кездесуді жалғастырды.
Сапардың үшінші күнінде Швейцарияның жетекші инвестициялық құрылымдарының бірі Inoks Capital SA компаниясының өкілі Николас Мэлкимен келіссөз жүргізді.
Кездесуде тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті кеңейту, оның ішінде мал шаруашылығын, құрама жем өндірісін дамыту және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Қызылорданың инвестиция тартуға қолайлы жағдайларымен, дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерімен және аграрлық сектордың экспорттық әлеуетімен таныстырды.
Швейцариялық тарап өзара тиімді серіктестік орнатуға және Қазақстан нарығында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев швейцариялық Swiss Choice Holding SA компаниясының басшысы Завье Рей мырзамен кездесті. Онда тараптар балық шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ортақ инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ардақ Темірханұлы Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік және балық шаруашылығы саласындағы әлеуетіне тоқталып, өңірде 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істейтінін, оның 4-еуі халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар екенін атап өтті. Жыл сайын 5 мың тоннадан астам балық өнімі өңделіп, шамамен 4 мың тоннасы экспортқа шығарылады.
Тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және ұзақ мерзімді серіктестік орнату мәселелерін талқылады. Қызылорда облысының әкімдігі жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымдық және әкімшілік қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесулер қорытындысымен швейцариялық әріптестер Қызылорда облысына арнайы сапармен келіп, өңірдің өндірістік, аграрлық және табиғи әлеуетімен танысуға шақырылды.