Жаңа жылының алғашқы айының онкүндігінде облыс әкімінің өкімімен бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Күні кешеге дейін қала әкімі болып келген Асылбек Шаменов ҚР Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымына тағайындалды. Оның орнына шаһардың жаңа басшысы болып Серік Салауатұлы Қожаниязов тағайындалды.

Тағайындауға байланысты қала әкімдігінде өткен актив отырысында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өткен жылы жүзеге асқан жобаларға, атқарылған жұмыстарға, қабылданған шешімдердің маңыздылығына тоқталды. Халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс-тіршілігіне арқау болған бастамаларды соңына дейін жеткізу үшін уақытпен санаспай, жұдырықтай жұмылып еңбек еткен жанашыр азаматтарға, А.Шәменовке алғыс білдірді. Асылбек Өмірбекұлына аймақ дамуына елеулі үлес қосқаны үшін облыстың ең жоғары марапаты Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстады. Сондай-ақ қаланың жаңа басшысы С.Қожаниязовқа үлкен сенім білдірді.

– Серік Салауатұлы облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде мойындалған білікті маман, тәжірибелі басшы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде ол жетекшілік еткен салалардың макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасты. Жыл қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі 3,6 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 33,5 пайыз, ауыл шаруашылығы 3,7 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 40,4 пайыз, тұрғын үй 8,4 пайыз, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,2 пайыз артты. Серік Салауатұлының көп жылғы тәжірибесі мен түрлі салаға жетекшілік еткен кезеңдердегі сапалы жұмысын, жедел әрі жүйелі шешім қабылдайтын, кез келген іске жоғары талап қоятын қабілетін ескеріп, Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадық. Мемлекет басшысының, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, қызылордалықтардың әл-ауқатын арттыруға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін. Облыс тұрғындарының басым бөлігі қалаға қоныстанып, шаһар аумағы ұлғаюда. Қызылорда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, жайлы ортаға айналып, барлық аудандарға үлгі болуы керек. Жаңадан тағайындалған қала әкіміне экономиканың барлық салалары бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде нәтижелі жұмыс көрсетуді тапсырамын. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар,-деді Нұрлыбек Машбекұлы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған