Қаңқасы қалған «ЦКЗ». Қала әкімі болып тағайындалғанына бірер күн болған С.Қожаниязов қала аралауды бастап кетті. Мәселен өткен аптаның сенбісінде қаланың шет жағында орналасқан бірнеше нысанды аралап көрді. Сол түні қармен араласып жаңбыр жауып, жер тайғақ болғаны бәрімізге мәлім. Бірақ та қала әкіміне бұл жайт кедергі келтірмеді. Алғашқы нысаны – Целлюлоза-картон зауыты. Халық арасында «ЦКЗ» аталып кеткен зауыттың жерін құрылыс нысанын салу мақсатында 2004 жылы жалға алу құқығымен жеке кәсіпкер иемденген. Дегенмен, осы уақыт аралығында кәсіпкер жерді нысаналы мақсатында пайдаланбағаны былай тұрсын, тіпті құрылыс алаңын қоршауға бағытталған қандай да бір шараларды қабылдамаған. Осыған байланысты кәсіп иесіне ескерту жасалды. Бүгінде ескі зауыттың тек қаңқалары қалған. Сондықтан да қала әкімі зауыт қаңқасын жедел сүру бойынша қажетті шараларды пысықтады. Өйткені ескі зауыттың қаңқасы тұрғындарға қауіп төндіріп, қаланың келбетіне нұқсан келтіруде.

Зауыт орнына келіп тұрған топты көрген «ЦКЗ» қаңқасы иесінің әйелі қасымызға келді. Ол ескі зауыт қаңқаларының иесі қалада жоқ екенін айтты. Бірақ та Серік Салауатұлы мұның сылтау екенін айтып, зауыт қаңқасы бәрібір сүрілетінін және бұл мәселе өз бақылауында болатынын ескертті.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен ғасырдың ортасында облыс орталығында Целлюлоза картон зауыты жұмыс істеді. Өндіріс 2000 жылдың басында ыдырап, осы зауыттың қызметкерлері дүние-мүліктің барлығын бөліп алған. Сосын бірнешеуі дүние бөлістен алған үлестерін сатқан. Ол кезде Талғат Абишев деген азамат сатып алып, осы жерге құрылыс нысанын саламын деген ойда болған. Бірақ, жер мемлекет меншігінде. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерге ешқандай құрылыс жүргізілмеген. Қазір осы ғимаратты сатып алған адамды шақырдық, бірақ белгілі бір себептермен келе алмады. Мұндай ескі ғимараттар, біріншіден, қауіпсіздігімізге кепіл бере алмайды. Екіншіден, шаһардың кіреберістерін абаттандырып, көркейтіп жатырмыз, бұл ретте мұндай ескі ғимараттар көзге оғаш көрінеді. Сол үшін бұл зауытты біржақты ету қажет,-деді Серік Салауатұлы.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған