Сыр елінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды.
Күзгі науқандағы мерзімді әскери қызметке шақыру аясында 850-ге жуық Қызылорда облысының жастары әскерге аттанады. Күз мезгіліндегі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Мерзімді әскери қызметке шақыру облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының қатысуымен жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 18-27 жас аралығындағы 350-ге жуық жас Қарулы күштердің қатарына, 310-нан астам бозбала Ұлттық ұланға, 150-ге жуық адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне шақырылады.
– Облыс көлеміндегі барлық жиын пункттері күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру барысына дайын. Әскерге шақыру SMS-хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына дербес шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді, – дейді Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы подполковник Дмитрий Жерегя.
7 қыркүйектен бастап шақырылушылардың алғашқы легі жинау пункттерінен әскери бөлімдерге жіберілетін болады.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров