Жыл басынан бастау алған Қоғам ТВ арнасының “Ақмешіт ақшамы” газетімен бірлескен «Әкім сағаты» бағдарламасының екінші шығарылымында қаламызда өзекті болып тұрған жер мәселесі туралы айтылды. Қала әкімі Қожаниязовпен сұхбатты телеарна тілшісі Н.Қалабеков жүргізді.

– Серік Салауатұлы, қай кезде де жер мәселесі өте өзекті. Қазір тіпті күйіп тұр. Жер айналасында әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. Жасыратын несі бар, сонау 2005 жылдан бері жер кезегіне тұрғандардың кезегі әлі күнге дейін баяу жылжып келеді. Бұған басты себеп не?

– Шынымен де қаланың өзекті мәселелерінің бірі – жер. Бүгінгі күнге қала бойынша 70 мыңнан астам адам кезекте тұр. Өздеріңіз білесіздер, «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 980 гектарға жер ашылып, барлық инфрақұрылым дайындалды. Бұл мөлтек ауданнан 2016 жылдан бері 5000-нан астам жер учаскесі дайындалды. Бұл учаскелер иелеріне табысталды. Арада 7-8 жыл өтсе де, сол 5000-нан астам жер учаскесінің 2800-дейі ғана игерілді. Заң талаптарына сай үйлер салынды. Бұл ол ауданнан жер алғандардың 35-36 пайызы ғана. Қалған 3500-ден астам жер учаскелері түрлі себептермен игерілмей, пайдаланылмай тұр. Ал енді жерге әлі күнге қолы жетпеген тұрғындар жер кезегіміз жылжымады деп ренжиді. Неге деген сұрақ қояды. Мәселенің ұшы иесі бар, әлі игерілмей тұрған 3500 жер учаскесіне келіп тіреледі.

Мемлекеттен қаншама қаражат бөлініп, инфрақұрылым жасалған жердегі учаскелер игерілмейінше кезекте тұрғандарға басқа жерден жер берілмейді. Бүгінгі талап бойынша инфрақұрылым жасалмайынша жер берілмейді. Енді басқа жерден инфрақұрылым жасау үшін қаражат алуға әлгі 3500 жер расында да кедергі. Игерілмеген осыншама жер учаскесі бола тұра тағы да инфрақұрылым жасауға неге қаражат сұралады деген сұрақ заңды. Сол себепті де игерілмей, пайдаланылмай тұрған жер учаскелерін біржақты етуіміз керек. Ол жерлерді игеруге, баспана салуға расында да алған жандардың қалтасы көтермеуі мүмкін. Бұл бір себеп. Одан бөлек бір отбасындағы бірнеше адам өз құқығына орай бас-басына бірнеше учаске алуы мүмкін. Алайда отбасындағы жандардың бір жерді ғана игеруге шамасы жетеді. Содан да қалғанын көре жатармыз деп шешім қабылдаған болуы мүмкін. Заң бойынша жер телімін алғаннан кейін, оны 3 жыл ішінде игеру керек. Дәлелді себеппен игере алмаса мерзімді тағы бір жылға созып беретін мүмкіндік бар. Тағы да соза беруге мүмкіндік жоқ. Жер телімі берілген 2016 жылдан бері есептегеніміздің өзінде кемінде 8 жыл уақыт екен. Демек, заң бойынша игерілмеген жерлерді қайтарып алуға толық негіз бар. Кейбір жер иелері бұл талапқа келіспей, сотқа жүгініп жатыр. Сот шешіміне орай 500 учаскенің мерзімін тағы да ұзартып беруге мәжбүрміз. Сонда 500 учаскені алып тастағанда қазір 2700-дей инфрақұрылымы жасалған, игерілмеген жерді кезекте тұрғандарға табыстаймыз. Осы жылдың соңына дейін 2005 жылдың кезегін жауып, әрі қарай кезек-кезегімен 2006-2007 жылдардың кезегіне көшсек деген үмітіміз бар.

– Серік Салауатұлы, айып етпеңіз. Сөзіңізді бөлейін. Жаңа өзіңіз айтып өткен «Бәйтерек» тұрғын ауданын енді арнайы экраннан көрсек. Біз көріп отырған картада мамандар бос жатқан жер учаскелерінің барлығын белгілеп қойыпты. Демек, белгіленген, игерілмеген жер аумағы көп көрінеді.

– Бұл карта «Бәйтерек» тұрғын ауданының жоғарыдан қарағандағы жалпы көрінісі. Салынған мектеп тұр, жол бар, қанша жерлер бос тұр. Су, жарық бәрі келіп тұр. Көріністе көрініп тұрғанындай бос жатқан жерлерді игермей тұрып, басқа жерлерді ашуға мүмкіншілік жоқ. Мына бос жерлердің иесі салып болмай, бұлардың кезегін басқаларға бере алмаймыз. Сол себепті инвентаризация жасап, игермеген жағдайда заңды тарапта қайтып алып, кезекте тұрғандарға беруге мүмкіншілік болады.

– Серік Салауатұлы, бірінші кезекте жер учаскесін алған тұрғындардың жауапкершілік мәселесі тұр ғой. Бұдан бөлек осыдан бірнеше жыл бұрын әртүрлі кәсіпкерлік нысандарын саламын деп. жер учаскесін алған азаматтар жауапкершілігі де бар. Өйткені олар әлі күнге дейін алған жерін игермеген. Жердің игерілмегендігінен бөлек, бос жатқан жер тұзды көлге, немесе үлкен қоқыстың алаңына айналып жатыр. Бұл мәселе де қаламызда өзекті болып отыр. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Өкінішке орай мұндай келеңсіз көріністер қаланың әр бөлігінде де бар деп айтуға болады. Орталықта да, шетте де. Жер табыстау конкурстары немесе аукциондар арқылы жеке менші\ гіме алдым, шамам келгенше игеремін, әйтпесе сәті түскенге дейін тұра тұрады деген жер иелерінің көзқарастары бар..

– Бас қатыратын менмін, өзгелердің не шаруасы бар деп ойлайды дейсіз ғой.

– Жер Кодексінде жеке меншік иесіне қатысты жауапкершілік бар. Жерді алдың ба, бірінші алған мақсатыңа сай игеруге тиіссің. Тағы бір талап экологиялық, санитариялық, қауіпсіздік шараларды да сақтауға тиіссің. Жерді қоралап, таза ұстап, жұрттың қоқыс төгетін алаңына айналдыруға жол бермеу керек. “Менің жерім еді, әзірге шамам келмей жатыр. Көрші, не басқа біреу келіп төгіп жатыр, бүлдіріп жатыр” деген әңгіме болмайды. Өздеріңіз де экраннан көріп отырғандай, «Саяхат» мөлтек ауданында 2013-тен бері, 11 жыл өтті, әлі көл болып жатыр. Бұл тұзды көлге тұрғындардың балалары түсіп кетпейтініне ешқандай кепіл жоқ. Бала түгілі, үлкеннің де майып болу қаупі бар. Сонымен қатар экологиялық, санитариялық зияны да бар. Сенбілік кезінде тұрғындар, әрдайым «Тазалық» қызметкер-жұмысшылары бар тазалап тұрамыз. Енді жер иелері өздері тазаламаса, заң талабын сақтамаса тиісті шара көреміз. Айыппұл саламыз, жерді игермеген соң талаптарды сақтамады деп қайтарып аламыз. Келіспеген жағдайда сотқа барып, өзіміздің дұрыстығымызды дәлелдеп, мәжбүрлеп тартып аламыз.

– Кейбіреулер жерін көтеріп, немесе іргетасын құйып қойған. Бірақ әрі қарай толыққанды игермеген. Әлгі жерімді алып қайтарып алып қоймаса екен деген әрекеті болса керек. Бірақ учаске айналасы қоршалмаған, немесе тазалығы сақталмаған.

– Ондай жағдайлар да бар. Жер учаскесі берілгеннен бері арада 8 жыл уақыт өтті. Бірақ иесі бар алайда мақсатына сай пайдаланылмаған жерлер жетерлік. Ол жерлерге инвентаризация жасап, егелеріне ескерту беріп, міне білмесең айтып отырмыз өзіңнің осындай жауапкершілігің бар. Ретке келтірмесең, игермесең әрі қарай талап қойып, айыппұл саламыз, жер қажет болмаса қайтарып алуға жұмыс жасаймыз деп талап қоятын уақыт жетті.

– Серік Салауатұлы, біздің білуімізше Бас жоспар 2007-ші жылы әзірленген екен. Бұл Бас жоспар нақты қашан бекітілді және сол Бас жоспарды жаңалаудың уақыты жеткен жоқ па? Егер де Бас жоспар жаңаланатын болса, жаңалығы қандай болады?

– 1976-шы жылы жасалған Бас жоспардың мерзімі өткен. 2009 жылы Үкіметтің қаулысымен Бас жоспар бекітілді. Оған өзгерістер, 2019 жылы соңғы өзгерістер енгізілген. Үкіметтің қаулысымен қайтадан бекітілген. Бірақ, 2007 жылы басталып, 2009 жылы бекітілген жоспардың мерзімі 2025 жылы бітеді. Сол себепті биылдан бастап, жаңадан Бас жоспар жасауға кірісуіміз керек. Қаржы керек, Бас жоспармен бірге егжей-тегжейлі жоспар жобасы да, инженерлік жүйе мен коммуникацияның орналасу схемасы да жасалуы керек. Әрі мұның бәрін өзектендіруіміз керек. Осы инженерлік жүйелердің өзектенбегенінен де қалада түрлі олқылықтар орын алуда. Мәселен электр жүйелерінің кей жерде арасы жақын, кей жерлерінде тіпті өте жақын. Бұл жүйенің өзінің қорғау аймағы болуы тиіс. Белгілі талаптарға сай қаланың кей жерлерінде тұрғын үй немесе басқа да нысандар салуға тыйым салынған. Бізде өкінішке орай жоғары кернеу астына қарамай жер табысталған. Ол жерлерде тұрғын үйлерден бөлек, басқа да нысандар салынған. Өкінішке орай ондай жағдайлар көп. Кейбіреулер су құбыры үстінен, кәріз құдығы үстінен үй, басқа да құрылыс салған. Көп жағдайда инженерлік жүйенің базасы болмаған. Бос тұрған жер астында не тұрғанын кім біледі? Содан да бос, таза тұрған жер екен деп беріліп кеткен. Осындай олқылықтар орын алмасын деп, инженерлік жүйе жоспарын өзектендіріп, электронды нұсқасын жасап жатырмыз. Мына жерде су кетіп жатыр, мына жерде кәріз құдығы бар, су құбыры бар дегендей нақты ақпарат белгілі болып тұрады. Мәселен бос тұрған бір жерді беру үшін маман алдыменен ол жер астында қандай жүйе бар екенін қарайды, егер инженерлік жүйелер болса онда ол жерлерді табыстауға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Ешкім су жүйесіне бармайды, жарық жүйесіне бармайды, тек компьютердің бір кнопкасын басып қажетті ақпаратты біліп отырады. Бас жоспарға жер астындағы жүйенің құбырлардың бәрін кіргізіп қоямыз. Әлгі айтып отырған инденерлік жүйелер мен коммуникацияның орналасу схемасы дегеніміз осы. Бұл бізде қазір өзектендірілмеген. 2007-2009-жылдары Бас жоспар жасалған кезде болған. Одан кейін қаншама уақыт өтті. Қаншама жаңалық болды. Жаңа құрылыстар салынды, инженерлік жүйелер жөнделді, жаңарды, тіпті Сол жағалаудан жаңа қала салып жатырмыз.

– Демек бірыңғай базаның қалыптасуы – алдағы уақытта белгілі бір жағдайда проблемалардың алдын алу.

– Жерді табыстайтын аукциондар арқылы жерді біреумен таласып, ақшаға сатып аласыз. Демек жеріңіздің мақсатына сай пайдалануға қолайлы болуы өзіңізге де пайдалы. Сол себепті де бұл жаңалық жер алушыларға да жақсы. Бір кнопканы басу арқылы кез-келген ақпарат қолжетімді. Қазіргі талап осындай. Цифрландыру заманы.

Бас жоспардың бірден-бір бөлігі қызыл сызық. Қызыл сызық дегеніміз меншік иесі шекарадан аспау керек. Яғни жер иесі қанша жер алды сол көлемге ғана жайғасуы қажет. Қалада кейбір үйлер тұрғындары қызыл сызыққа қарамай, өз шегінен өтіп кеткенінің салдарынан көшелер қисайып тұр. Қызыл сызықтан аспағанда, көше де түзу болар еді. Бұдан бөлек ортақ пайдалануға жататын жерлерді қоршап, өзіне тиесілі нысандарын салып алған жәйттар да орын алуда. Мәселен іргежағы ортақ, тротуардың қасындағы жерге үйшік салып алған, ол дұрыс емес. Қызыл сызықтан асып кеткендерге заң аясында шара қолданамыз, міндетті түрде бұздырамыз. Өйткені ол мемлекеттен табысталмаған жер. Тіпті көпқабатты үйдің астында балабақша бар. Теплотрасса айналасын қоршап алып, балалар ойнайтын алаң жасап қойған. Бірақ ешқандай рұқсат жоқ.

– Серік Салауатұлы, әңгіме басында айтқандай жер мәселесі өте өзекті. Осыған орай нақты сұрақ қойылды, нақты жауап берілді.

– Әрине бұл мәселенің шешім табуына бәріміз де жауаптымыз. Билік те, жалпы мемлекеттік қызметшілер де, тұрғындар да. Әсіресе жер иелерінің жауапкершілігі маңызды. Әркім өз ісіне, өзінің әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі есіме түсіп отыр. Біз тәртіпке бағынуымыз керек. Біз жалпы адами құндылықтарды, обал, сауапты да ұмытпауымыз керек. Өзіміздің әрекетімізбен өзгелерге кедергі келтірмеуіміз керек. Оның ішінде адам денсаулығына, өміріне қауіпсіздікті ойлауымыз керек. Жоғарыда айтып өткендей менің жерім, жеке меншігім, өзім білемін деген болмайды. Өткенде де қала біздің – ортақ үйіміз дегенмін. Ортақ үйде тұрып жатырмыз. Соны ұмытпасақ деймін.

Газет бетіне ықшамдаған Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған