Күнделікті сотқа түрлі сипаттағы талап қоюлар түсіп жатады.
Өмір болған соң бұл қалыпты құбылыс. Себебі біреу отбасымен жанжалдасып, некесін бұзуды сұраса, келесісі көршісімен жер теліміне қатысты таласуы мүмкін. Қарыз ақша өндіру жайлы талап қоюлар да қазіргі нарық заманында көптеп түсуде. Олардың басым көпшілігін азаматтардың шағын несие бойынша қарызын өндіру жайлы талап қоюлар құрайды. Кейде ағайынды адамдардың мұраға қатысты дауларын, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуді сұраған дауларын да шешуге тура келеді.
Бұрынғы сот жүйесінде аталған даулар бойынша көбіне сот қай тараптың әрекетінің заңдылығына баға беріп, істі негізінен қарап, түпкілікті шешім қабылдайтын. Бұл дегеніміз дауласушы тараптың бірі ұтып, екінші тарап жеңіліс табатын.
Ал қазір соттар тараптың бірін ұтқызып, келесі тарапты жеңілдіруге, яғни соңғы нүктесін қоятын шешім шығаруға емес, оларды бітістіруге, татуластыруға, яғни дауды тоқтатуға ынталы.
Талап қою өндірісіндегі талап қою арыздарын бұрын талап арыз түскен соң бес жұмыс күнінің ішінде соттың іс жүргізуіне қабылдап, істі сотқа әзірлеу барысында ғана тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеу құқығын түсіндіретінбіз.
Қазір татуластыруға бағытталған шаралар талап қою сотқа алғаш түскен күннен бастап қарқынды жүргізіледі.
Осы мақсатта азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасына өзгерістер енгізіліп, республика соттарында арнайы белгіленген татуластырушы судьялар дауласушы тарапты талап қою түскеннен бастап келесі күннен кешіктермей татуласуға шақыру жолдап, татуласудың тиімді тұстарын түсіндіреді.
Тараптарға дауды өзара бейбіт жолмен шешудің үш түрі, яғни өзара келісіп, татуласу (бітімгершілік) келісімін жасау, медиаторға жүгіну арқылы дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау және егер екі тараптың да адвокаты немесе заңгерлер палатасының мүшесі құқығын қорғау жүргізгенде аталған тұлғалардың жәрдемдесуімен партисипативтік рәсім негізінде келісім жасау ұсынылады.
Сондай-ақ тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеудің тиімді тұстары, яғни олардың екі тарапқа қолайлы келісімге қол жеткізетіні, келісім шарттарын әр тарап онда белгіленген мерзімде ерікті түрде орындайтыны, дауласып уақыт жоғалтпайтыны, бір-бірімен жақсы қарым қатынастарын сақтап қалатыны, сот шығындарынан арылатыны түсіндіріледі.
Егер тараптар жоғарыда аталған келісімдердің бірін жасап, сотқа ұсынған жағдайда, сот бірінші кезекте келісімнің заң талаптарына сәйкестігін, ешкімнің заңды мүдделерін бұзбайтынын тексереді.
Татуластырушы судья тараптарға, егер сот тараптармен ұсынылған келісімді бекіткен жағдайда осы іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылатынын, оның құқықтық салдарын түсіндіреді. Бұл дегеніміз іс жүргізу тараптардың келісімін бекіту негізінде тоқтатылған жағдайда нақ осы тараптар арасында нақ осы дау бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
Соттың тараптардың татуласу, медиция немесе партисипативтік келісімін бекіту негізінде іс жүргізуді тоқтату жайлы ұйғарымы істі негізінен қарау нәтижесінде қабылданған шешімге теңестіріледі.
Себебі егер келісімде белгіленген мерзімде екінші тарап өз міндеттемесін ерікті түрде орындамаған жағдайда, сот келесі тараптың өтініші негізінде атқару парағын шығарып, ұйғарымды мәжбүрлеп орындауға жолдайды.
Жаңақорған аудандық сотына ағымдағы жылдың 9 айында түскен талап қоюлар бойынша да татуластырушы судьялармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 108 іс бойынша дауласушы тараптар татулыққа қол жеткізген.
84 іс бойынша тараптар медиация тәртібімен дауды реттесе, 16 іс бойынша өзара татуласып, келісімге келген. Ал 8 іс бойынша дау олардың адвокаттарының жәрдемдесуімен тараптардың татуласуы негізінде тоқтатылған.
Осы татуласу негізінде тоқтатылған істердің 86-ы, яғни 79 пайызы татуластырушы судьялармен жүргізілген қарқынды жұмыстардың негізінде сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы, яғни талап қою соттың іс жүргізуіне қабылданғанға дейін шешімін тапқаны қуантады.
Біз өз тарапымыздан дауласушы тараптарға келісімге келу, татуласу кез-келген уақытта маңызды екенін айтудан жалықпаймыз.
Халқымызда «Әділдік бар жерде, татулық та бар. Татулық бар жерде, бақыт та бар. Бақыт бар жерде, керемет өмір бар» деген даналық сөз бар. Татулық-табылмас бақыт екенін естен шығармасақ екен.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған