Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, «Таң» ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Алдымен аймақ басшысы ауылға кіреберіс жолдың бойындағы жобаларды көрді. Елді мекенге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен кіреберіске дейін ағаш отырғызылмақ. «Таң – Жаңақоныс», «Таң – Самұрат» автомобиль жолдары мен «Бозарық» каналының көпірін қайта жаңғырту жұмыстары пысықталды.

Жалағаш ауданындағы «Таң LTD» шаруашылығы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, бірқатар маңызды бастамаларды іске асыруда. Ауыл тұрғындарына арналған екі пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, кәсіпорын 3 өндірістік базаны іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда. Қазір шаруа қожалығының иелігінде күріш ақтау зауыты мен ет өңдеу цехы бар. Күріш ақтау зауыты 5 жыл бұрын іске қосылған, тәулігіне 100 тонна өнім өңдеуге қауқарлы, мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 2019 жылы ауылдық округке қарасты «Жаңақоныс» елді мекенінде «Агролидер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы ашылған. Кәсіпорын тәулігіне 0,5 тонна ет өндіріп, түшпара, манты, қазы, әсіп, бір асым ет және тағы басқа 15 түрлі өнім шығаруда. Мұнда 8 адам жұмыс істейді.

Мұнан әрі облыс әкімі «Таң» ауылындағы күрделі жөндеуден өткен әлеуметтік нысандардың эскиздік жобаларымен танысты.

Серіктестіктің демеушілігімен мұнда балалар ойын алаңы мен кіші футбол алаңы салынып, жарықшамдар орнатылды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың құрметіне «Тағзым алаңы» салынып, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы бір ғасыр бұрын салынған «Әбжәли» мешітінің ғимараты жөнделді.

Сапар соңында облыс әкімі ауылдағы жарықтандыруды қажет ететін көшелерді аралады. Жұмыстарды тиянақты орындап, нысандарды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған