Қазір көбі өз денсаулығына шүкір етіп, барды бағаламайды. Керісінше, сәл нәрсеге буырқанып, кемнен мін іздеуге құмар. Көз жанары сыр берсе, аздаған сынық-шығымға ұшыраса, Құдайдың сынағына шыдас бере алмастай әрекет жасайды. Бірақ, осы денсаулығымызға мән беріп, барды бағалап, сап-сау күн кешіп жүргеніміз үшін шүкіршілік етуге тиіспіз. Мұны неге айтып отыр десеңіз, жақында өмірде сынақпен дүниеге келген, бір емес, бірнеше сырқатты амалсыздан серік еткен жандардың өмірге деген ынта-ықыласына, құлшынысына, ниетіне куә болдық. Олар өмірге біз секілді қарамайды, өзін сол күйінде қабылдап үлгерген. Жаратқанның қазіргі сынағы кейінгі өмір үшін тосынсый болатынын санасымен түйсініп, қиыншылыққа қарсы тұрған. Алайда, жанына үмітті жамау еткен, дидарлары мейірімге толы жандар бұл өмірде де сый-құрметке, бар жақсыға лайық. Туабітті дерттен көз ашпаған қиын тағдырдың иелері де жұп атанып, өмірге дені сау ұрпақ алып келуге мүмкіндігі бар. Тағдырдың тартысына тап болғандар қоғамның үн-зарын, мұңын естігенде біздегі «тәжге» көз салып, бақыттың не екенін сезінбейтіндерге таңдана қарайды. Қайтейік, қазіргі күйіміз осындай. Баз біреулер жарымжан жандардың жағдайына жатсына қарайды, дегенмен, олардың бізден де қайратты екенін ұғына бермейді.
Санасына «жаратқанның сынағын күліп қарсы алу» деген ұғымды сіңірген жандарды қоғамнан шеттетуге болмайды. Қазір мұндай тағдыр иелерін оқытатын, өмірге деген құлшынысын арттыруға жағдай жасайтын орталықтар көбейіп келеді. Соның бірі – Қазалы ауданындағы «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығы. Экологиялық апат аймағы болып саналатын өңірде 1995 жылы құрылған «Шапағат» орталығы – қазіргі таңда облыс жұртшылығына белгілі, аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтырумен қатар, оқу-тәрбие саласында айтарлықтай жетістікке жеткен іргелі шаңырақ. 2001 жылдан бастап «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясының тікелей демеушілігімен жұмыс істейтін бұл орталықта қазіргі таңда 25 мүгедектігі бар бала тәлім-тәрбие алуда.
Құрылғанына 29 жыл болған бұл орталыққа аудан халқының алғысы зор. Орталықта тәрбиеленуші мүмкіндігі шектеулі балалар денсаулығына байланысты үш топқа топтастырылған «Үміт» тобы–орталық нерв жүйесі зақымданған, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балалармен жұмыс істейтін топ. «Тілашар» және «Балдырған» тобы – құлақ және тіл мүкісі зардабын тартып отырған балаларды мектепке даярлау тобы.
«Шапағаттықтардың» атқарып жатқан жұмыстары білім және денсаулық саласының және үкіметтік емес ұйымдарды жүзеге асырып жатқандарға үлгі. Өйткені 1995 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған аудан, облыс қана емес, республика көлемінде нақты жолға қойылған бағдарламалар жоқтың қасы болатын.
Жоқты бардай, барды нардай етіп көрсеткен «Шапағаттықтар» «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» мұнай компаниясының қамқорлығына балалар атынан ризашылығын білдіреді.
«Жүйіткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай, зулап өтіп жатқан уақыт-ай», -деп кемеңгер Абай атамыздың қысқа тұжырыммен дәл айтқанына риза боласың. Шындығында бұл өмір қағидасы, өмір заңдылығы. Уақыт ағымымен ілесіп «Шапағат» орталығында 2002 жылы «Тілашар» тобы құрылды. Топ мақсаты – орталықтағы 3-7 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар балаларды мектепке даярлау. Биыл «Тілашар» тобына 22 жыл толып отыр.
2002-2023 оқу жылы аралығында орталықтан 68 бала тәрбиеленіп шығып, қазіргі таңда олар республика көлемінде арнаулы және арнайы мектептерде білімдерін жалғастыруда. Сондай-ақ әр салада қызмет атқаруда.
Өткен аптаның дүйсенбісі күні дәстүрлі түрде орталықта тәрбиеленген екі бүлдіршін орталық өмірімен қош айтысып, жаңа өмірге қадам басты. Игілікті іс-шараға «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясының вице-президенті Болат Көшербаев пен Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
– Құрметті балаларым, құрметті қонақтар! Ең алдымен мен «Шапағат» орталығының қызметкерлеріне өз алғысымды білдіргім келеді. Бүгін міне екі бүлдіршіндеріміз үлкен өмірге қадам басып отыр. «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясы 2001 жылдан бері «Шапағат» орталығымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау білдіріп келеді. Осы жандар үлкен өмірге аяқ басса, мектеп табалдырығын аттаса, жұп болып, отбасын құрып жатса, біздің компания әрдайым қуанышпен бөлісуге дайын,- деді компания вице-президенті Болат Көшербаев.
Сахна төріне шығып, орталықтан алған білімін ортаға салып, балалық балдәуреннің қызықтарын жиналған көпшілікке жеткізген «Тілашар» тобының сүйкімді бүлдіршіндерін, орталыққа 2001 жылдан бастап тікелей демеушілік жасап келе жатқан «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ мұнай компаниясының вице-президенті Болат Көшербаев пен аудан әкімі тілашар мерекесімен құттықтап, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған өрендерге мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтарын табыс етті.
– Құрметті ата-аналар, құрметті бүлдіршіндер мұндай ерекше жандардың өмірі біздің қоғамдағыларға үлгі-өнеге болады деп есептеймін. Мекеменің басшылығы сөз алып, құттықтауды маған жүктеді, әрине, оған қуаныштымын. Тек ғана өмірдің салған сынағына қарсы тұрып ғана қоймай, оны ары қарай да қабылдап, отбасын құрып, көбейіп жатқандарыңызды сыртта жүрсек те естиміз, қуанамыз. Әр қазақтың баласының қуанышына да, қайғысына да ортақпыз. Жаңа өмірге қадам басып жатқан екі қызымызға сәттілік тілеймін. «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ-ына аудан халқы атынан алғысымды білдіремін,-деді Мейрамбек Шермағанбет.
Айта кету керек «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ компаниясы орталықтың асхана бөлмесіне үстел және орындықтар сыйға тартты. Қуанса балалар қуансын.
Кеш соңында орталықтың ата-аналар комитетінің төрайымы келген қонақтарға «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясына өзінің атынан және ата-аналардың атынан алғыс білдірді.
– Құрметті қонақтар! Алтын уақыттарыңызды бөліп, балаларымыздың қуанышына келгендеріңізге алғыс білдіремін. «Шапағат» орталығының ұжымына да алғыс айтамын. Қаржы[1]лай көмек керсетіп, орталықты өздерінің қамқорлығына алған «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ-ына ерекше алғысымды айтамын. Мектепке баратын екі бүлдіршінімізге сәттілік тілеймін,-деді Есжанова Гүлдана.
Бүгінгі таңда бұл орталықта балалардың оңалуына барлық жағдай жасалған. Массаж, тренажер, сенсор бөлмесі, физиотерапия бөлмесі, электротерапия бөлмелері жұмыс істейді. Балаларды әлеуметтік бейімдеуге әртүрлі секциялар мен үйірмелер көмектесуде.
Сонымен бірге мүгедек балалар арасында спорттық секциялар ашылып, қолөнер үйірмелері, би бөлмесі, кинозал орталықтағы балаларға қызмет жасауда. Осы жоба аясында «Шапағат» орталығы Қазалы ауданындағы мүгедек балаларды сауықтыру мақсатында жаңа технологияда ашылған кабинеттердің иегері болып табылады және ол кабинеттерде реабилитолог дәрігер, ысу маманы, логопед, дефектолог сынды білікті мамандар аудандағы мүгедек балаларға тегін жұмыс істейді.
Бүлдіршіндердің өздерінен кейінгі ізбасарларына аманат тапсыру рәсімі орындалып, жиналған көпшілікке «Шапағат» орталығы өнерпаздарының ән-шашуы тарту етілді.
Қорытынды сөз сөйлеген «Шапағат» орталығының басшысы Шынаркүл Жеңсікбаева бүлдіршіндерге жақсы тілектерін білдіріп, тілашар тойына қатысушы қонақтарға алғысын жеткізді.
P.S Адамзат өмірінде үлкен бақыт екі жолмен келеді деген тәмсіл бар. Бірі еңбекпен болса, бірі – сынақпен. Сынақпен келген бақыт бұл дүниеде сезілмесе де, кейінгі өмірде зейнетін көреді дегенді естіп жатамыз. Иә, бүгінгі іс-шарадан нағыз мейірімге толы жүрегі мен өмірге деген көзқарасы қалыптасқан жандардың әрбір әрекетіне зер салу арқылы олардың парасат-пайымының, таным түсінігінің жоғары дәрежеде екенін ұғындық. Мұндай жандарды қолдау Жаратқанның сүйген амалдарына кіреді. Қолдаушы мен қамқоршы барда еліміздің болашағы жарқын боларына сенім мол.
Мұхаммедшах Каюп