Жылдың басы игі дәстүр бойынша өткен жылға көз салып, атқарылған жұмыстарды саралайтын кез. Әдетте облыс әкімдігіндегі Өңірлік коммуникация алаңына басқарма, департамент, бөлім басшылары келіп есеп беріп, жүргізілген жұмыстар жайлы баяндайтын. Бұл жолы қала әкімі Асылбек Шаменовтың өзі келді. Көбіне қала әкімдері орталыққа келе бермейтін еді. Бұдан Шаменовтың БАҚ өкілдеріне, халыққа қалада атқарылған жұмыстардың бір сыпырасын жеткізгісі келгенін түсіндік.

Әрине, жиынның басы біз жиі еститін демеушілер есебінен салынған ойын алаңдары, демеушілік есебінен бой көтергелі отырған әуежай, «Анаға тағзым», «Оқушылар сарайы» секілді ғимараттардың құрылысы жайлы әңгімеден басталды. Сол жағалауда жүргізілмек құрылыс жұмыстары жайлы да сөз болды. Одан қалса қалаға жаңадан келген автобустар жайы да қозғалды

Шет аймақ судан қысылмайды?..

Осы мәселелерді сөз ете отыра қала әкімі елдің аузында, көптің көкейінде жүрген жұмыстардың атқарылу барысын жеткізді. Шаменовтың айтуынша республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 195 млн теңгеге қуаттылығы 7200 текше метр болатын 7 ұңғыма, 3 резервуардың құрылысы жүрмек. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы «Бәйтерек» және Шанхай, КБИ тұрғын аудандарында орналасқан жеке секторларда су қысымы ретке келмек.

«Ақсуаттың» орындалмақ басты арманы

Сонымен қатар қала маңындағы ауылдардың көгілдір отынға қосылуы да сөз болды. Оның ішінде көптің тілегіне айналған «Ақсуатты» газға қосу күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Ауылға көгілдір отын кіргізуге республикалық бюджеттен былтыр 4,4 миллиард теңге бөлінсе, биыл 1,7 миллиард бөлінген. Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін «Ақсуат» көгілдір отынға қосылмақ.

Келер кезек Қосшыңырау ауылдық округіндегі Абай және Досан елді мекендеріне тиесілі. Бұнда да көгілдір отын тарту жұмыстарына Ұлттық қордан 662,7 миллион теңге қаралып отыр. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында көптен күткен газ тарту жұмыстары бастау алмақ.

Тағы да 150

Сондай-ақ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 1,4 миллиард теңгеге қаламызға үлкен сыйымдылықтағы 150 автобус алдық. Соның жүз автобусы бүгінде жолаушылар тасымалын жандандыруда.

Қалған автобустар келер айда жетпек. Осы орайда қала әкімі ағымдағы жылы да тағы 150 автобустың келетінін атап өтті. Аталған автобустарға қазірдің өзінде шамамен 1,4 миллиард аталған қордан бөлінді. Қалған ақшасы несиелік түрде жылма-жыл өтеліп отырмақ.

Айтпақшы, автобустардың жүру қарқыны төмендеген, интервалы сақталмайды, кеш тоқтайды деген ел аузындағы сөздерге үлкен нүкте қойылды. Қала әкімінің айтуынша алдағы уақытта автобус паркіне тиесі қоғамдық көліктер жазғы уақытта түнгі 11-ге, қысқы уақытта түнгі 10-ға дейін де жүріп қалуы мүмкін. Бұл үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

Алайда, көпшіліктің ойынша автобус паркі өз ережесін бекітіп, автобустың интервалы мен уақытын реттегенімен жеке тасымалдаушылар білгенін істеуде. Бұл бойынша да қала әкімі тиісті бөлімнің жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Ұлттық қордың қолдауы

Әкімнің айтуынша биылғы жылы Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 48,0 млрд. теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге асатын болады.

Атап айтқанда апатты үйлердің тұрғындары үшін 140 пәтерлі, Жаппасбай батыр көшесінде екі 40 пәтерлі және 60 пәтерлі бір үйдің құрылысына 1,0 млрд. теңге бөлінсе, апаттық тұрғын үйде тұратын отбасыларды баспанамен қамту үшін 40 пәтерлі тұрғын үй сатып алуға 562,5 млн.теңге, барлығы 1 млрд 562,5 млн. теңге бөлінді.

Оған қоса, биылғы жылы сол жағалаудан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады. СПМК-70 ауданындағы №3 тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымын толығымен аяқтауға республикалық және облыстық бюджеттен 379 млн. теңге бөлінді.

Жайлы мектеп жайында

Мемлекет тарапынан маңыздылыққа ие «Жайлы мектеп» жобасы аясында бюджеттен бөлінген 13 млрд. 416,7 млн. теңгеге Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық, сол жағалаудан 400 орындық 300 орындық жатақханасымен физика- математикалық мектеп-интернаты, сол жағалаудан 900 орындық, Арай мөлтек ауданынан 2000 орындық, КБИ мөлтек ауданынан 600 орындық, СПМК 70 мөлтек ауданынан 2000 орындық және Қызылжарма ауылдық округінен 900 орындық мектеп құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек қаладағы 264,3,1 мамыр, 101 секілді мектептер жанынан қосымша құрылыс нысандарын салу арқылы оқушылардың орын тапшылығы шешілмек.

Жолымыз болмақ…

Биылғы жылы қаланың және қалаға қарасты ауылдар мен кенттердің жолдарын жөндеуге, тас төсеуге де аса көп көңіл бөлінуде. Қаладағы Астана даңғылының бойын жаңғырту жұмыстары және Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойын да жаңғырту жұмыстары күтілуде. Сондай-ақ, Ана мен Бала орталығының бүйірінен өтетін, жаяулар жолы жоқ, өзі тар Тараз көшесін кеңейту де жоспарда бар. Аталған Тараз көшесі арқылы Астана, СПМК-70 ықшам аудандарының оқушылары 264,278 мектептерге жаяу қатынайды. Бұл орайда жаяулар жолының жетіспейтіні үлкен кемшілік болатын. Алайда, көшенің басынан «Салтанат сарайының» бой көтеруіне байланысты аталған көшені кеңейту жоспарланған көрінеді.

Желілер жаңғырады!

Шаһардың біраз аумақтарында құбыр жиі жарылып, одан қалса кәріз желілерінің әсерінен жағымсыз иіс пайда болуда. Құбырлардың апаттық жағдайға әкелуін Универсам шағын ауданында көп байқауға болады. Бұл тұрғыда қала әкімінің айтуынша ауыз су және кәріз су желілерін жаңғыртуға, автоматтандыруға, инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 791,1 млн. теңге бөлінді.

Қызылорда қаласындағы кәріздік сорғы станцияларын қайта құру және жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 1 млрд. 593,0 млн. теңге бөлінсе модульді биологиялық тазарту станциясын жаңарту және автоматтандыруға, электр және газбен жабдықтауға республикалық және облыстық бюджеттерден 1 млрд. 634,1 млн. теңге бөлінді.

№13 «Гагарин» кәріз сорғы станциясын реконструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттерден 255,0 млн. теңге, «Универсам», «Шымбай» аумағында ауыз су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттерден 309,0 млн. теңге бөлінген.

Өз кезегінде қала әкімі алда атқарылар жұмыстардың біраз бөлігіне тоқтала отыра, алдағы жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың да облыс орталығына жоғары деңгейде мән беріп отырғанын байқап отырмыз. Содан болар жиын сайын әкімдердің ішінде қала әкімі Шаменовке талап ерекше.

Дамир АМАНГЕЛДІ

(Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған