«Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру шеңберінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен тағылымды семинар-кеңес өткізілді.
Шара аясында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің рухына тағзым ретінде олардың құрметіне орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл – батырлардың ерлігін мәңгі есте сақтау мен жас қызметкерлердің бойында отансүйгіштік пен кәсіби жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған игі дәстүр.
Кеңес жұмысы Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан «Өлкетану» музейінде жалғасын тапты. Іс-шарада ардагерлер полиция қызметінің қалыптасу тарихы мен тәжірибелерімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңестерін айтты. Музейдегі экскурсия арқылы қатысушылар өңірдің құқық қорғау саласындағы тарихымен танысты.
Шара соңында қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов туралы түсірілген көркем фильм көрсетіліп, қатысушылар батырдың ерлігіне құрмет білдірді.