Әкімдер рейтингісі деген де бір аламан бәйге десе де болады.
Әр ай сайын «біздің әкім нешінші орында екен?» Кімнен ілгері, кімнен кейін деп рейтингі аңдыған ел өз әкімі өзгелердің алдына шыққанда өзі озып келгендей мәз болып қалады.
Мәз болып отырмыз. Toppress-те жарияланған тамыз, қыркүйек айларындағы әкімдер рейтингісінде қай кездегідей Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев 1-ші, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов 2–ші, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев үшінші орынға шығыпты. Өткендегі маусымшілде айларындағы рейтинг бойынша төртінші орында тұрған Ж.Қасымбек бесінші орынға жылжып, оның орнына төртінші орынға Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев көтеріліпті.
Бұдан сәл бұрын тамыз айының басында да мәз болғанбыз. Алдыңғы айлардағы рейтинг бойынша, ең соңынан санағанда екінші орында тұрған аймақ басшысы бірден бірнеше өңір әкімдерінен секіріп өтіп, бесінші орынға жайғасқанда алда мұнымен тоқтамаймыз деп тоқтам жасағанбыз.
Рейтинг эксперттерінің бағалауынша Нұрлыбек Мәшбекұлы соңғы айларда облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерін біраз көтерді. Инвестиция 6 пайызға жоғарыла[1]ған. Сондай-ақ аймақта жолдың жөнделуі қарқынды, 347 км жөнделген. Әкімдердің рейтингісін жолдары анықтайды деген Президенттің сөзі бар. Жол жақсарды, рейтинг те жақсарды. Үкімет деңгейінде “халықтың табысы өте төмен” деп Президент пәрмен бергеніне де біршама уақыт өтті. Әкімнің өзі бас болып, командасы қоштап үлкенді-кішілі бизнес өкілдерімен кездесудің, жұмыс берушілермен жұмысшылардың жалақысын көтеруге келісімдер жасаудың, үлкенді-кішілі жобалардың қарқын алуының нәтижесінде елдің табыс көзі – жалақы деңгейі 31,3%-ға артып, облыс еліміз бойынша бұл жөнінде алдыңғылардың біріне айналды. Күдік пен күмән қатар жүретіні рас. Алайда Ұлттық статистика бюросы өткен жылмен салыстырғанда жалақы деңгейі биылғы екінші жартыжылдықта 24%-ға артты деп отыр.
Көктемгі егіске дәлме-дәл әкім болып келген Н.Мәшбекұлы су тапшылығына қатысы бар мемлекеттерменен Сырдарияның төменгі ағысын реттеу бойынша дереу келіссөздер жүргізуі, жылу беру маусымына жүз пайыз дайын болуы, елімізде екеудің бірі болып 215 млрд теңгеге түріктер салатын ЖЭО-ның жарнамасы да жалпақ жұртқа жағымды жаңалық болғаны анық. Жаңадан салынатын Неке сарайы, Өнер орталығы, Қан орталығы, “Аналарға тағзым” кешенді ескерткіші, теміржолдың арғы жағындағы елді байланыстыратын “Найман” жоласты өткелінің салынатындығы да сырбойылықтарға серпіліс берді.
Нәлібаев іскер, қатал басшы болумен қатар қыркүйекте қайырымды, жомарт әкім ретінде де жүректерге жол тапты. Құдықтан екі жасар сәбиді құтқарған жас балаға екі бөлмелі пәтер сыйлады. Үздік мектепке бұрынғыдан екі есе көп 34 млн теңге қаржының сертификатын табыс етті. Қаржылық жағдайы қиын, бірақ дарынды мектеп түлектеріне 100 білім грантын тағайындады.
Елге қамқор әкім ретінде орынбасарларына дамыл бермей арғы басы Аралдан бастап Жаңақорғанға дейін қоғамдық қабылдаудар өткізуде. Құқық орындарының басшыларымен бірге жүргізілетін сол қабылдаулар қазір қайта жүруде.
Айтпақшы ашылуына ел сенбейтін болған шыны зауытының қарашаға дейін қосылатыны шындыққа айналар түрі бар…