Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан әкімдері облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыға түсті. Үлкені де, жасы да, озаты да, ел соңында қалғаны да. Жалпы әр тоқсан сайын макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша, жалпақ тілмен айтқанда экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны бойынша аудан әкімдерінің рейтингі бұрыннан да жасалып келеді. Алайда, көбіне ашық айтыла бермейтін, билік қабырғасынан сыртқа шықпайтын. Бұл жолы қай әкімнің деңгейі қандай екені, жарты жылда өзіне сеніп тапсырған аумақта Президент, Үкімет, облыс әкімінің тапсырмасын қалай орындап жатқаны ашық айтылды.

Ашық айтылып қана қоймай, арнайы жиында аудандарда әлгі айтқан көрсеткіштер деңгейі, жоғарыдан жеткен тапсырмаларды орындау міндеттілігі, кадр әлеуеттілігі, қоғамдық саяси ахуал туралы кеңінен талқыланды. Жалпы бұл талқылау аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ел басқарудағы жаңа бір өзіндік қадамы болды десек қателеспейміз. Айта кету керек аудан әкімдерінің жауаптылығын арттыру бағытындағы бұл жиындардың төрағасы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өзі болды. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің іскерлігі, қабілеттілігі сынға түскен осы жиында аймақ басшысы олардың жетістігіне орай қорғаған қорғаушы да, осал тұсына орай айыптаған айыптаушы да, алдағы уақытта міндетіне салғырт қарағандарға тәртіптік шара көріледі деп үкім шығарған сот та болды.

Арал: 12 млн. берешегі бар

Әкім сөзі

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: – Ауданда 2 мыңнан 5 мыңға дейін халқы бар 6 ауылдық округ пен кент бар, бірақ олардың біреуінде қарапайым халыққа қажетті наубайхана, тігін цехы, шаштараз, техникалық жөндеу орталықтары жоқ. Осы қызмет түрлерінің қызметін дамыту қажет.

Ауданға инвестиция тарту мәселесі де мардымсыз. Қолда бар ресурстар толыққанды пайдаланылмайды.

Арал өңірі жер қойнауы сирек кездесетін минералдық ресурстарға бай өлке. Балық пен тұз шаруашылығына сене бермей, неге басқа салаларды дамытуға күш салмасқа?

Негізгі қорларды пайдаланып, осы салаларға әлеуетті инвесторлар тарту қажет. Бүгінгі күні аудан жер қойнауын пайдалануда бар мүмкіндікті пайдаланбауда.

Мұнан бөлек басқа аудандарға қарағанда Арал өңірі мал және балық шаруашылығына көп бейімделген. Дегенмен биылғы жылы су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы мал азықтық және көкөніс, бақша дақылдарын егу қолға алынғанымен, алдағы уақытта олардың көлемін ұлғайу қажет.

Әкім тапсырмасы:

– 12 млн. теңге қарызды өтеу бойынша жұмысты жандандыру қажет, 15 тамызға дейін бюджетті нақтылау барысында жылдық жоспарға әр елді мекеннің мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескеріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек.

Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов

Құрылыс саласында да өзекті мәселелер жетерлік. Қазіргі таңда аудан көлемінде барлық қажетті инфрақұрылым тартылған 711 жер учаскесі әзірленген. Алайда оның 176 жер учаскесінде тұрғын үйлер бой көтерсе, қалған 535 учаске игерілмеген. Ауданды газдандыру бойынша да бірқатар мәселелер бар. Мәселен Арал қаласында газбен жабдықтау нысандарын пайдаланушы мекеменің теңгеріміне өткізу бойынша жұмыстар атқарылмаған, елді мекендерді газдандыру көрсеткіші де өте төмен. Аудан әкімі осы мәселелерді жеке бақылауға алып, олардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Сырдария: Құрылыс қарқыны төмен

Әкім сөзі Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: – Сырдария кәсіпкерлік саласы бойынша кенже дамыған аудандардың қатарында. Көпшілік айтатын негізгі себеп – Сырдария ауданы Қызылорда қаласына жақын орналасқан. Мен бұл себепті кемшілік емес, қайта зор мүмкіндік деп есептеймін. Аудан әкіміне бұл географиялық орналасу ерекшелігін пайдаланып, Қызылорда қаласының айналасынан азық-түлік белдеуін құру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және етке негізделген мал, құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Осы жұмыстар тиімді ұйымдастырылған жағдайда халықты ең толғандыратын мәселелердің бірі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізері сөзсіз.

Әкім тапсырмасы:

– Ел Президенті халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кешенді қолдау көрсетуді үйлестіру мақсатында барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтарын ашуды тапсырғанымен, Сырдария ауданында осы уақытқа дейін «Бақытты отбасы» әлеуметтік бөлімі ашылмаған және облыс әкімінің тұрғылықты халықтың санына сәйкес өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтылуы үшін қосымша 464 гектар егістік жер дайындау туралы тапсырмасы толық орындалмаған.

Сырдария ауданының әкімі М.Ергешбаев

Аудан әкіміне осы бағыттағы жұмысты тез арада қолға алуды тапсырамын. Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге дейін бағаны бірде-бір мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілмеген және азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне заем беру жұмыстары мүлдем ұйымдастырылмаған. Бюджет қаражатын тиімді, әрі сапалы игеру керек, ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды уақытылы пайдалануға беру қажет. Қазіргі таңда азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданатынын ескере отыра, егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңінен ақпараттандырып, келесі егін маусымына қазірден-ақ дайындала бастау қажет.

Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың аудан әкімдеріне берген тапсырмасынан

Арнайы жиын барысында облыс әкімі Н.Нәлібаев аудан әкімдерінің осал-мықты тұстарын зерделеп, оларға ашық сын айтып, мінін көрсетіп, осы кемшіліктерін күзге дейін жөндеуді міндеттеді. Әйтпесе 9 ай қорытындысы бойынша даму көрсеткіштері жөнге келмеген, бүгінгі сыннан қорытынды шығарып, мінін түземегендер күзде қызметімен қош айтысуы мүмкін. Әкім ескертеді, халық қолдайды…

P.S: Сонымен күзде аудан әкімдерін түгендейміз…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған