Өткен аптадан бері президент сайлауына кандидат үміткерлер тізімінде бірқатар өзгерістер орын алды. Орталық Сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрлан Әуесбаев, Қарақат Әбден, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова, Жұматай Әлиев және Бақыт Жаңабаевтың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көрсетілген президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келетінін анықтады.

Заңға сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісі тең дәрежеде әрбір кандидатты қолдау үшін сайлаушылардың 118 273 қолы жиналуы тиіс.

ОСК-ның 26 қыркүйектегі қаулысымен аумақтық сайлау комиссияларының президенттікке кандидатты қолдағандардың шынайылығын тексеру мерзімі он күннен бес күнге қысқартылды.

Кандидаттықтан үміт үзгендер

13 қазанда өткен ОСК отырысында «Асар» қоғамдық бірлестігі ұсынған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Хайролла Ғабжалилов, Қазақстан Құрылысшылар одағы атынан Талғат Ерғалиевтің кандидатурасы, «Практикалық психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Фатима Бизакованың кандидаттығы Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келмеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Хайролла Ғабжалилов Қазақстан Республикасының азаматы болмай шықты. Оның үстіне мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше Хайролла Ғабжалиловтің мемлекеттік қызметте тәжіриебесі де жоқ. ОСК мүшелері оны президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартуға бірауыздан дауыс берді.

Осыған ұқсас жағдай бойынша Талғат Ерғалиевтің де кандидаттығын ОСК комиссиясы қолдамады. Оның мемлекеттік қызметтегі өтілі бар болғаны үш жыл төрт айды құрайды, бұл тіркеуден бас тартуға негіз болып отыр, өйткені президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес мемлекеттік қызметте кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы шарт. Сонымен қатар Әділет министрлігінің мәліметінше президенттікке кандидаттығын ұсынған «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігі «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмейді». Президенттікке кандидат ұсыну құқығы республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі.

Фатима Бизақованың да мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі жоқ, сондықтан оны президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартылды.

Экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевқа қатысты жағдай ерекше. Әлтаевты президенттікке кандидат етіп ұсыну туралы «Мұқалмас» ҚБ жалпы жиналысының хаттамасын тоқтата тұру және осы сот актісін дереу орындау туралы ОСК сот ұйғарымын алды.

Астанадағы Байқоңыр ауданының соты Нұржан Әлтаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну бойынша «Мұқалмас» ҮЕҰ отырысының хаттамасын жарамсыз деп таныды, деп хабарлайды Байқоңыр аудандық сотының баспасөз қызметі.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 21-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады. Осы сот актісін орындау мақсатында ОСК президенттікке кандидат Әлтаевты тіркеуді тоқтатты. Демек, ОСК-ның бұл жағдайдағы әрекеті заңды болып табылады.

Айта кетейік, 7 қазанда Нұржан Әлтаев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенттікке кандидат ретінде ұсынылуы туралы құжаттарын тапсырды. Сол күні Орталық сайлау комиссиясына «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының хаттамасының бұрмаланғаны туралы «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінің бірқатар филиалдары басшыларынан өтініш келіп түскен.

Сонымен, 2022 жылғы 15 қазандағы мәліметке сүйенсек 12 адамның кандидатурасы президентікке ұсынылды. Олар: «Ауыл» партиясынан – Жигули Дайрабаев, Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің халықтық коалициясынан – Қасым-Жомарт Тоқаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» РОП-тан – Мейрам Қажыкен, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» үкіметтік емес ұйымынан – Қарақат Әбден, «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігінен – Талғат Ерғалиев, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҮЕҰ-нан Салтанат Тұрсынбекова, «Мұқалмас» ҚБ-дан – Нұржан Алтаев, «Халық демографиясы» ҚБ – Жұматай Әлиев, «Асар» оралмандар қауымдастығы» ҚБ – Хайролла Ғабжалилов, «Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы» ҮЕҰ-дан Бақыт Жаңабаев, «Практикалық психологиядан» – Фатима Бизакова болатын.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, 12 кандидаттың ішіндегі төрт адамның кадидаттығы қолданыстағы заңнамалық талаптарға сай болмауына байланысты ОСК комиссиясы тарапынан қолдау таппады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған