Қоғам – жанұядан құралады. Тек қана отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, ұлттық құндылыққа баулыйды. Бір сөзбен айтқанда, отбасы – барлық рөлдері бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі болып табылады. Демек, отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы.

Оқушылар санасына отбасындағы қарым – қатынас мәдениеті туралы түсінік бере отырып, құндылықтарды берік ұстанған бақытты жанұяның моделін ұсыну мақсатында №140 «Абылай хан» атындағы орта мектепте «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалы мен депутаттық фракция мүшесі Мұсабаева Айгүл Нажмадинқызының бастамасымен «Өнегелі отбасы ұлт тірегі» тақырыбында ашық алаң ұйымдастырылды.Басқосуға «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мусаева Гүлшат Исақызы, қоғамда белсенді Қонысовтар отбасы қатысты.

Ашық алаңның алғашқы бөлімінде бақ пен берекесі келісіп, көпке өнеге бола білген отбасылар отбасы құндылықтарын сақтау, оны бала бойына дарыту мен дәріптеу, жалпы отбасының берік болуы жайлы ой бөлісті. Мектеп театры жобасының қатысушылары «Ана мен бала достығы» – ең қымбат құндылық тақырыбында сахналық қойылым ұсынып, ата-ана сөзі, қолдауы мен демеуі бала өмірінде үлкен рөл алатынын жеткізді. Ұлттық тәрбиемізде орнын ерекшелеп айтар тұсы ол әже тәрбиесі. Әженің орнының құндылығын ескеру – салт-дәстүрді дәріптеу, жаңғырту болып табылады. Осы игі дәстүрді жалғастыра отырып мектеп әжелері ұмыт қалып жатқан «Сірге мөлдіретер» дәстүрін көрсетіп, көпке қымыз ұсынды.

#біртұтас_тәрбие#AMANAT

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған