Кореяда жай қыдырып жүрген жоқ…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 16-17 тамыздағы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуда генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстардың орнауына және дамуына зор серпін берді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінен облыс делегациясының Кореяға сапарын қолдайтыны туралы хаттар, биыл Корея Республикасы Тэчжон қаласының мэрінің және Чоллабук-до провинциясы губернаторының шақыру хаттары келіп түскен еді.

Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы 22 мамырда Корея Республикасының Сеул қаласына іссапармен барды. Делегация құрамында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б. Кәрімова бар.

Іссапардың алғашқы күні делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Шинхан универ­ситетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті. Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша маңдайалды ЖОО-лардың бірі Шинхан университеті 1960 жылы құрылған.

Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Осы ретте алдағы 20- 30 жылдықта өңірдің еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы мәселелерді әрі қарай пысықтау үшін алдағы шілде айында Шинхан университеті президентінің Қызылордаға іссапарын ұйымдастыру көзделген. Еңбек нарығының болашақтағы бағыты зерттелгеннен кейін Шинхан университетінің филиалы қандай мамандықтар бойынша ашылатыны нақтыланады.

 * * *

Облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған делегацияның Корея Республикасындағы іс-сапары Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің Президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесумен жалғасты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

Корея – білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Делегация мүшелері білім және ғылым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатынымызды атап өтті. Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін биыл Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба әзірленді. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министрлігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді. Жоба аясында Қорқыт Ата университетінде жасанды интеллект мектебінің құрылуы – Қызылорда облысының ғана емес, жалпы еліміздің білім саласындағы үлкен жетістік. Нәтижесінде өңірімізде IT технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім беріледі. Облыс әкімдігі өз кезегінде бұл жобаның өңірімізде сәтті іске асырылуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Облыс әкімі екі білім ордасы арасындағы ынтымақтастық білім және ғылым саласындағы жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашатынын атап өтті.

* * *

 Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация 23 мамыр күні Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен кездесті. Қызылорда облысы мен Тэджон қаласын ерекше тарихи байланыстар біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэджон қаласының Ұлттық зиратына жерленген болатын. Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы Тэджон қаласымен тиімді ынтымақтастық орнату орны ерекше.

Өзара байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында тараптар келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың бағыттарын айқындады.

Кездесу нәтижесінде Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырза мен Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаев өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум аясында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген. Тэджон қаласы жетекші білім және ғылым орталығы екендігін ескере отырып, Қызылорда облысының үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу мәселесін қосымша қарастыру ұсынылды. Бұл екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді.

* * *

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен кездесуден кейін Тэджон ұлттық зиратына қайта жерленген генерал Хон Бом До мемориалына барып, тағзым етті.

Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Генерал өмірінің соңғы жылдарын Қызылорда қаласында өткізгені белгілі. Туған жерінде батырдың ерлік даңқы ұмытылмаған. Ал Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған және қала көшелерінің бірі оның есімімен аталады. Қызылорда қаласында жерленген генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы Қызылорда облысы мен Кореяның өңірлері арасындағы байланыстардың орнатылуына және дамуына зор серпін беруде. Облыс әкімі Н.Нәлібаев және делегация мүшелері Тэджон қаласында орналасқан ұлттық зиратқа барып, «Отан үшін құрбан болған боздақтарға арналған мемориал» кешенінде болды. Генерал Хон Бом До зиратына Қызылорда халқының ыстық ықыласын білдіретін гүл шоқтарын қойды.

* * *

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Корея Республикасына іссапары жалғасуда. Іссапардың басты мақсаты – өңірге, өндіріс саласына шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу. Аймаққа озық технологиялар әкелу және тәжірибе алмасу бағыттарында өзара ынтымақтастық орнату. 24 мамырда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Чоллабук-до провинциясының губернаторы Ким Гван Ён мырзамен кездесті. Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Кореялықтар ұсынылған ақпараттарға қызығушылық танытып, қолдау ниетін білдірді.

Чоллабук-до — күріш өсіру және азық-түлік өндіруден Оңтүстік Кореяның басты ауыл шаруашылығы аймағы. Облыс басшысы осы саладағы озық инновациялық технологияларды зерттеуге, “ақылды” фермалар құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатындығын жеткізді. Сондай-ақ Қызылорда қаласында Корей күріш егу технологиялары мен әдістері зерттелетін демонстрациялық алаң құру ұсынылды.

Жоба аясында арнайы егістік жер бөлініп, кореялық күріш егу әдістері, су үнемдеу технологиялары мен суды мониторингілеу бойынша тәжірибе алмасу көзделуде.

Бастамалардың барлығын жүйелі іске асыру үшін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен Чоллабук-до провинциясының Халықаралық ынтымақтастық орталығы арасында Меморандумға қол қойылды. Бұл іс-шаралар өзара қарым-қатынастарды дамытуға негіз болады.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған