Көктем келіп қалды. Егін егетіндер қыс ұйқысынан оянып, әзірлікке кірісті. Үкімет те. Қыстың соңғы аптасында өткен Үкімет отырысында көктемгі егіске әзірлік барысы қаралды.

Үкімет басшысы О.Бектеновтің айтуынша биылғы жылы да Үкімет егістен қаржы аяп отырған жоқ. “Егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына бөлінген қаржы 1 трлн. теңге болып отыр”. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд. теңге қаралыпты”. Диқандар үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жағармай бөлінбекші.

Жарайсың, Үкімет! Алайда, Бектеновтің тағы бір айтқаны “үшінші жыл қатарынан қомақ­ты қаржы бөлінуі – Мемлекет басшысының қолдауы».

Биылғы егіске басты талап: көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақыл­дардың егіс алқаптарын кеңейту керек.

Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров:

– «Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті. Ол бидай алқаптарын қысқарту және жоғары сұранысқа ие дақылдардың үлесін ұлғайту бойынша әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруға бағытталған. Биыл жалпы егістік аумағы шамамен 123,8 млн. гектар құрайды, бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде майлы дақылдар алаңы 55 мың гектар­ға, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, ал ұйымдастырылған шаруа­шылықтардағы картоп алаңдары 10 мың гектарға көбейеді. Бұл ретте бидай егіс алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 млн. га құрайды.

Сонымен қатар Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты жүгері бойынша әртарап­тандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Биыл жүгері алқаптарын 265 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға көп», — депті.

Министрдің тағы бір айтқаны “республика­ның оңтүстік өңірле­рінде күріш пен мақта сияқ­ты суды көп қажет ететін дақыл­дар алаңын оңтайландыру жұмыс­тары жүргізілуде. Мысалы су пайдалану лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20 мың гектарға қысқартылады”.

Жақсы жаңалық та бар. Биыл­ғы егін егу және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруге 700 млрд. теңге бағытталады. Министр “ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті көлемдегі сапалы тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары мен техниканы алдын ала және қолжетімді бағамен сатып алу мүмкін­дігіне ие болды” – деп үмітті.

Егін егетіндердің ең бір қиналатын тұсы – жағар май жетіспеушілігі, әрі оның бағасының науқанда қымбаттайтындығы. А.Сапаров “биыл егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу үшін құны нарықтан 15%-ға арзан болатын 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінгендіктен” диқан қауымы жағар майға жалынышты бола қоймас деген кейіпте.

Биылғы егіске өңір әкімдері де жарап тұр, олардың мәліметі бойынша өңірлер “Тұқым дайындауды толық қамтамасыз еткен”.

Су ресурстары және ирригация ми­нистрі Н.Нұржігітов су лимитіне байла­нысты қатаңдық танытып отыр. Ол өз баяндамасында «облыс әкімдіктеріне су алу лимиттерін қатаң сақтау, оның ішінде күріш егісі бойынша белгі­ленген лимиттерді ескеру орынды деп санай­мыз: Түркістан облысында – «Достық» каналы бойында күріш егуді толықтай тоқтату, Қызыл­құм каналы бойында – 3,5 мың гектардан аспау; Қызыл­орда облысында – 70 мың гектардан аспау. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Шар­дара су қоймасы жинақтау режиміне ауысты­рылды. Су беру режимдері келісілген деңгейде сақ­тал­ған жағдайда су қоймасына кемінде 8,3 млрд. текше метр су келуі күтілуде. Бұл Шардара су қой­масын шамамен 5 млрд. текше метрге көле­мінде толтыруға, Көксарай контрретегішін

2 млрд. текше метр көлемге дейін жинақтауға және Қызылорда облысына шамамен 1,3 млрд. текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта өңірлерде ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілері арасында су үнемдеу қажеттілігі, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, сондай-ақ су беру бойынша шарттарды электрондық форматта жасасу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар аясында министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасын қабылдады. Жол картасы шеңберінде министрліктің құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы көзделген. Судың «қара нарығының» тәуекел аймақтары айқындалып, су пайдаланушы мен су тұтынушы арасындағы шарттық қатынастарды цифрландыру басталды, цифрлық және спутниктік мониторинг құралдары енгізілуде. 2026 жылы судың «қара нарығының» алдын алуға, сондай-ақ су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заң бұзушылықты болдырмауға бағытталған бақылау және инспекциялық іс-шараларды күшейту жоспарлануда. Жол картасында цифрландыруға ерекше мән берілген. Осы жылдың басынан бастап Министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электрондық форматта жасасуға көшу жұмыстарын жүзеге асыруда. Аталған жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамтиды, – дейді.

Үкімет отырысында егін егетін өңір бас­шыларының бірқатары өздерінің көктемгі егіске даярлығын баяндады. Жиынға селек­торлық режимде қатысқан Қызылорда облы­­сының әкімі Н.Нәлібаев та өңірде қыс­қар­тылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін дақылдар егу жайын баян етті.

Облыс әкімі сөз басын “биыл Қызылорда облысында барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспар­ла­нуда. Күріш дақылдары 70 мың гектарға егіледі, бұл өткен жылғы деңгейден 10,9 мың гек­тарға аз. Жалпы соңғы 4 жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды” деп бастап, «қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ете­тін дақылдар егу көзделуде. Бұл бағытта өңіріміз­де құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты», құны 51 млрд. теңгеге швейцариялық «Харвест Груп» компаниясының техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасы, «Семеноводство» серіктестігімен су үнемдеу техно­логиясымен жүгері егу жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарлануда», – деп егінді әртараптандыруға тоқталды.

Үкімет отырысында кеңінен талқыланған су үнемдеу мәселесі әрдайым облыс әкімі наза­рында. Мәселен «Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақсатында облыста су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы облыс бойынша тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 мың 100 гектар егіс егілді. Биыл­ғы жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 16 мың 700 гектарға жеткізу межеленген. Егістіктердегі су шығының азайту мақсатында өткен жылы 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өткізілді. Нәти­жесінде диқандар суды 20 пайызға үнемдей отырып, өнімді­лікті арттыруға қол жеткізді. Биыл бұл көр­сеткішті 65 мың гектарға жеткізу көзделуде».

Биылғы көктемгі егіске дайындығымыз да ел қатарлы. Әкім баяндамасында айтылғандай: Бүгінгі күні көктемгі егін жұмыстарына ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті тұқымдармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. 2026 жылға қажетті 65 мың 600 тонна тыңайтқыштардың бүгінгі күні 18 мың 500 тоннасы сатып алынды. Отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялау бойынша тиісті қаражаттар аударылды. Егін егу жұмыстарына қатысатын 3 975 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 наурызға дейін толық дайын болады. Энергетика министрлігі тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына 10 мың 100 тонна дизель отыны бөлінді. Шаруаларға кестеге сәйкес таратылатын болады. Ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде, күріш егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады».

Үкімет отырысы аяқтал­ған­нан соң облыс әкімі Н.Нәлібаев осы тақырыпта облыс әкімдігі­нің мәжілісін өткізіп, тиісті сала басшы­ларына науқанға сай тапсырмалар берді.

– Қазіргі таңда су ре­сурс­тарының тапшылы­ғы жаһандық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу тех­нологияларын енгізу және су жүйелерін цифрландыру жұмыс­тарына ерекше мән береді.

Су лимитіне сәйкес жоспарланған көлемнен артық бірде-бір гектар жерге егін егілмеуі тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет, себебі ол Үкіметтің ерекше наза­рында. Судың магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы егіс алқаптарына жеткізілуіне, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырылсын, – деп Нұрлыбек Машбек­ұлы Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов қатайғандай егінді артық егіп, артық өнім аламын деп лимиттен тыс су пайдаланғысы келетіндерге қатаң ескертті.

Облыс әкімдігі жиналысында бұдан бөлек аймақ басшысы көктемгі мұз жүру кезінде су алу қаупі бар тұстардағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, Қармақшы, Қазалы және Арал аудан­да­рының әкімдіктеріне облыстық төтенше жағдай­лар департаментімен және «Қазсушар» Қызыл­орда филиалымен бірлесіп, өзен арнасына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды, мұздың өту барысын тұрақты бақылауды тапсырды.

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралған облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістен соң жиында көтерілген мәселе бойынша қала, аудан әкімдіктерінде де осындай жиын өтті.

Еліміздегі қалалар арасында ауылдары бар айрықша қала Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов алдағы міндеттерді пысықтады.

Әрине, қазір қала шаруашылықтарында көктемгі дала жұмыстарына дайындық белсенді жүруде. Биылғы жылы қала бойынша күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірнеше гектарға аз егіледі. Оның орнына суды аз қажет ететін дәнді дақылдар орналастырылады. Өйткені, су тапшылығы ерекше сезілуі ықтимал. Осыған байланысты су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданысқа енгізу қажет. Сонымен қатар егістік жерлерді лазерлік тегістеуден өткізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін пайдаланған жөн.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруа­шылығы министрлігі шаруалардың кеткен шығындарын өтеу үшін 10 млрд. теңгені «Инвестициялық субсидиялау» бағдарламасына бағыттады. Бұл бағдарламада су үнемдеу жобасының 50 пайызы және инфрақұрылым жүргізуге кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Осы ретте, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланып, кеткен шығындарын субсидиялау туралы шаруаларға сала мамандарымен бірлесіп, түсіндірме жүргізу қажет,-деді Нұржан Сәбитұлы.

Жиында шаһар басшысы көктемгі дала жұмыстарын күшейтіп, диқандарды қажетті тыңайтқыштармен, жанар-жағар маймен, тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жұмысты жан­дандырып, шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болуын ескертті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған