Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 Қабылдауға келгендердің басым дені жұмыспен қамту, шағын кәсіпті қолдау және тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Мәселен, екі жұмыссыз азамат шағын кәсіп ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұраса, Қызылорда қаласы мен аудандардан келген азаматтар баспаналы болуға ықпал етуді сұрады.

Аймақ басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсібін ашам деген азаматтарға барынша қолдау көрсету қажет екенін, сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар әділ, әрі ашық түрде берілуі керектігін айтты. Бұл ретте салалық орынбасары мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қабылдауға келген азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият зерделеп, заңдылыққа сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Ал, тұрғын үй мәселесі тек заң аясында, яғни, өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен ғана табысталады. Уақытша баспана аса мұқтаж тұрғындарға ғана берілетінін айтты.

Соңғы уақытта Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы СПМК-70 тұрғын ауданынан 500 пәтерлі 10 тұрғын үйдің, жалғыз үйлері апатты деп танылған тұрғындарға сол жағалаудан 50 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысын аяқтап, 550 отбасы немесе 2 750 адам баспаналы болады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар аудандарда да ұйымдастырылуда.

Аймақ басшысының жеке қабылдауына келген азаматтардың бірі жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, тұрақты жұмысқа орналастыруды сұрады. Бұл ретте бос жұмыс орындарының тізіміне қарай шешім табатыны айтылды.

Осы уақытқа дейін аймақ басшысы 19 жеке қабылдау өткізіп, 163 азаматтың мәселесін тыңдады. Көтерілген әр мәселенің шешімді әрқалай қажет етеді. Әкімнің қабылдау барысында айтылған тапсырмалары белгіленген мерзімде орындалады. Мәселелер әкімнің тұрақты бақылауында.

Азаматтар облыс әкімінің қабылдауына жазылу үшін egov.kz порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы мен жазбаша нысанда әкімдікке келіп өтініш бере алады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған