Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев Ертысбаев Live-ге берген сұхбатында қаза болған Салтанат Нүкенованың отбасына көңіл айтумен бастады.
Оқиға болған күннен, яғни 9 қарашадан бастап БАҚ беттеріне шыққан әрбір жаңалықты Бишімбаев оқып, саралағанын айтты. Конституцияға сәйкес әрбір адамның сөз еркіндігіне құқығы бар екенін айта келіп, қоғамды тергеу құпиялығы бар екенін ескертеді.
Ол осы уақытқа дейін тергеу құпияларын жария етуге болмайтынын жәбірленуші тараппен қоса айыпталушы тарапты да ескертпегенін баса айтады.
Бишімбаев жәбірленушінің ағасы – Қайрат Нүкеновтің түрлі БАҚ өкілдері мен блогерлерге сұхбат беру арқылы тергеу жұмыстарына қысым көрсетіп жатқанын атап өткен. Бишімбаевтың айтуы бойынша марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов және басқа да туыстары тарапынан сараптама қорытындысын шығару үшін тергеуге жаһандық қысым көрсетілуде.
«Бишімбаевтардың ІІМ, прокуратурада таныстары бар екенін ашық айтады. Осылайша ол тікелей эфирде тергеу сараптамасына қысым көрсететінін хабарлап тұр. Оның сөзін басқаша қабылдау мүмкін емес, бұл іске заң шеңберінде іс материалдарымен танысуға құқығы бар жәбірленушінің ағасы Айтбек Нүкенов қатыстырылған.», – деді айыпталушының әкесі.
Оның айтуынша қоғамдық пікірді бұрмалау қажетті тергеу шаралары мен сараптамалар жүргізілмей, Қуандық Бишімбаевтың ісінің аса ауыр айыпқа қайта саралануына әсер етті деп санайды.
Әкесі ретінде ұлы үшін уайымдайтынын айтып, алайда ұлын ақтағысы келмейтінін, сондай-ақ ақтау “үлкен кабинеттердің” есігін қақпағанына сендіреді. Ол сонымен қоса Гиперборей арнасына айрықша тоқталған. Бұған дейін Бишімбаев Борейконың «Қуандық Бишімбаев ақыл-есі дұрыс емес деп танылып, жауапкершіліктен құтылуы мүмкін» деген сөзін «оның ұлын, бүкіл отбасын көпшілік алдында қорлау» деп есептеп, үстінен арыз жазғанын еске сала кетейік.
Бишімбаев ұлының Салтанат Нүкенованы өлтіргісі келмегенін алға тартады.
“Олар отбасын құрып, ары қарай өмір сүргісі келді. Пәтерінде құрылыс жүргізіп, киім бөлмесін Салтанат үшін үлкейтуді қалады. Отбасы болып, бала сүйгілері келді. Сол қорқынышты – 9 қараша күні не болғанын біз де білмейміз. Бірақ біз ұлымыздың өлтіру туралы пиғылы болмағанына сенеміз”, – деп қосты Бишімбаев.
Уәлихан Бишімбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдерін шындыққа жанасатын ақпаратты ғана жариялауды сұрады. Ол тиісті органдарды ашық әрі әділетті тергеу жүргізуге шақырды.