ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірлерге сапары басталды. Бүгін Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысы, Сырдария ауданында болып, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Айдарлы елді мекенінде егін даласында еңбек етіп жатқан ауыл жастарынан құрылған еңбек бригадасы мүшелерімен кездесті.

Айдарлы жастар еңбек бригадасы 2019 жылы республикада алғашқылардың бірі болып 15 жастың бірігуімен құрылған болатын. Облыс әкімінің қолдауымен аудандағы жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында ауданға қарасты 7 ауылдық округтен (Шіркейлі, Айдарлы, А.Тоқмағанбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл, Қоғалыкөл а/о) жастар бригадалары қайта құрылды. Бүгінде еңбек бригадалары қатарында жұмыссыз, НЕЕТ санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жастар жұмыс жасайды. Ауыл жастарына мемлекет тарапынан тегін уақытша жер, су айдайтын насос беріліп, демеушілік есебінен жер жырту, егін алқабын қоршалау және жанар – жағармай отынымен толыққанды қамтамасыз етілген. Ауданның еңбекқор жастары бүгінде 35 гектар картоп дақылын және 25 гектар жерге бақша дақылдарын егіп отыр.

«Ерте көктемде жұмыссыз жүрген 40 жасты Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округіне жіберіп, тегін егін егу тәсілдері үйретілді. Ол жақта көп мөлшерде егін егетін диқандар түрлі егін егудің артықшылықтарын түсіндіріп, алдағы жұмыстарына бағыт берді.Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын шығаратын «Шіркейлі» жастар бригадалары жұмыс жасайды. Құрамында ауылдың жұмыссыз 30 жасы бар. Олар цемент, әк және т.б құрылысқа қажетті заттарды шығарады»,- дейді бригадалар жұмысымен таныстырған Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрман Абдрасилов.

Кездесу барысында жастар бригадаларының мүшелері халық қалаулыларына өз ризашылықтарын білдіріп, көкейдегі ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, «Айдарлы» жастар бригадасының мүшесі Өмірзақ Есболатов, Мұрат Нәлқожаұлына аудан әкімі болып тұрған уақытта қолдау үшін алғысын білдірсе, «Жетікөл» жастар бригадасының бригадирі Дархан Әзімханов елімізде жастар бригадаларының көп емес екендігін тілге тиек етіп, мемлекет тарыпанан тыңайтқыш мәселесін шешіп беруге көмек сұрады.

Жас еңбеккерлердің жұмысына риза болған халық қалулылары ауыл жастарының ұсынысы бойынша кеңес беріп, назарға алатындықтарын жеткізді.

«Жастардың бос уақытта ішімдік, өзге де зиянды әдеттерге бой алдырмай, мемлекет және демушілер тарапынан көрсетілген көмекті әрі қарай тиімді іске асыруы көңіл қуантып отыр. Болашақта кооператив құрып, партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыстарын жетілдіру қажет. Кооператив құрып, егіс көлемін арттырғанда субсидия мәселесі де шешімін табады», деді ҚР Парламенті Мәжілісі депутатты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев.

Ал, депутат Мархабат Жайымбетов «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, оны ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендету бойынша қолға алынған жұмыстарды атап өтіп, берілген жерді тиімді игеріп, жұмыссыз жастардың басын қосып, сонымен қатар өңірде азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға ықпал ететін ауыл жастарының бұл тірлігі көпке үлгі екенін және басқа өңірлерге тәжірибе ретінде қарастыруымыз керектігін жеткізді.

Мемлекет басшысы атап өткендей еңбек адамына құрмет толастамайды. Өткен жылы жастар бригадаларының бригадирлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары, аудан әкімінің «Ынта» қаржылай сыйлығымен марапатталған. Еңбекқор жастарды көтермелеуге, ең сыйлы адам жасауға бағытталған жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.

Кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов те қатысты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған