Достық үйінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге кезектілік тәртібімен жеке қабылдауға жазылған қала тұрғындарымен кездесіп, өтініш-пікірлеріне құлақ асты.
Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде БАҚ-та және әлеуметтік желілерде хабарландыру беріліп, жеке қабылдауға 250-ге жуық азамат келді. Оның ішінде аймақ басшысына келген 80-ге жуық тұрғын 100-ге тарта мәселесін жеткізді. Жеке сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу немесе қаржылай көмек сұрау және бала денсаулығына қатысты ем алуға көмектесу бағытында болды. Облыс әкімі мен құқық қорғау орган басшылары келген азаматтардың мәселелерін жан-жақты қарап, заң аясында тиісті түсіндірме жасады. Жеке қабылдауға келген мүгедектігі бар азаматша көптеген жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрғандықтан, үкіметтен алған қаражаты пәтерақыдан артылмайтынын алға тартып, баспана алуға жәрдем сұрады. Облыс әкімі тұрғын үй тек заң аясында кезектілік тәртібімен берілетінін түсіндіріп, қала әкіміне көмек сұрап келген әйелдің тұрмыстық жағдайын зерттеп, оған уақытша баспана беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл ретте жуырда ғана көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 110 пәтер берілді және алдағы уақытта да бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталады.
Аймақ басшысына бір топ тұрғындар үйлеріне күрделі жөндеу жасаған компанияның жұмысты сапасыз жүргізгеніне шағымданды. Облыс әкімі мәселені зерттеп, мердігердің жауапкершілігін қарауды тапсырды. Жеке қабылдаудан кейін Нұрлыбек Нәлібаев қала тұғындарымен кездесіп, жыл қорытындысымен қол жеткізген жетістіктерді тізбектеп, алдағы кезеңде аймақтың даму барысын талқылады.
«Қала тұрғындары үшін ашық қабылдау өткізіп, келген әрбір азаматтың жеке мәселелерін мұқият қарадық. Бұған дейін 7 ауданға барып, 800-ден аса азаматтың өтінішін тыңдап, бағыт-бағдар бердік. Мезетінде шешілгендері де аз емес. Бүгінгі қабылдауда да ешқандай шектеу болған жоқ, бұйымтайын айта келген барлық адамның ұсыныс-пікірлері тыңдалып, назарға алынды. Біз мұндай кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыратын боламыз», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, биыл облыс әкімі 27 жеке қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғындарды қабылдап, өзекті мәселелерін қарады.