Қызылорда қаласында демеушілердің қолдауымен көптеген әлеуметтік нысандар салынуда. Одан бөлек, халық көп жүретін қала орталығын абаттандыруда да жеке кәсіпкерлердің қолдауы ерекше.

Осы игі істердің бірі, Қызылорда темір жол вокзалындағы жолаушылар өткеліне «RS жол сервис» ЖШС демеушілігімен асфальт жабындысы төселуде. Жолаушылар өткелінің жалпы ұзындығы 5200 шаршы метрді құрайды. Жөндеу жұмыстары он күн ішінде аяқталады деп жоспарлануда.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шаһардағы Қызылорда темір жол вокзалының жүргіншілер жолына демеушілер есебінен асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Бұдан былай өткел жолдарының қайта жаңғыртылуы арқылы жолаушылардың жүріп-тұруы ыңғайлы болмақ. Одан бөлек, кәсіпкерлердің қолдауымен темір жол аумағы абаттандырылып, ондағы субұрқақты қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

«RS жол сервис» ЖШС 2022 жылдан бері жол желілерінің құрылысымен айналысуда. Қызылорда темір жол вокзалындағы жолаушылар өткелінің қайта жөнделуіне барлығы 10-ға жуық техника мен 15-тен аса адам жұмылдырылған. Жаңа асфальттың қалыңдығы шамамен 5 см құрайды.

– Жолаушылар өткелінің құрылысы басталғалы біздің жұмысшылар мұндағы көнерген жолды тегістеп, жолаушыларға ыңғайлы етіп қайта жөндеуде. Одан бөлек он күн ішінде вокзал аумағындағы автотұрақтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынады. Осы арқылы сапалы қызметімізді халыққа ұсынамыз, – деді «RS жол сервис» ЖШС директоры Руслан Исматуллаев.

Жалпы қалада 815 көпқабатты тұрғын үй мен 281 аула бар. Соның ішінде 44 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Осыған орай бірінші кезекте абаттандыруды керек ететін 17 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның мердігері – «Азамат-Құрылыс» ЖШС.

– Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен шаһарымыздағы 17 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 780 млн.теңгені құрайды. Абаттандырылып жатқан аулалардың барлығына жаңа асфальт төселіп, жарық шамдар мен балалар ойын алаңы салынатын болады. Қайта жөндеу жұмыстарына 7 техника мен 50-ге жуық жұмысшы қамтылған. Жобаны тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Бақтығалиұлы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған