Тамыры терең, тарихы кенен Жалағаш ауданы қашан да қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тірліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Жалағаш ауданында жоспарланған ауқымды шаралар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жұмыстар атқарылып, жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Ауданда атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аудан экономикасын көтеруге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп жатқаны бәрімізге мәлім.
Өткен аптаның жұмасында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов жыл басынан бергі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңалықтармен бөлісті.
Биыл өз бюджетін 9,2 млрд теңге етіп бекіткен Жалағаш ауданы оны 1,1 млрд теңгеге ұлғайтып, аудан бюджеті 10,3 млрд теңге болған. Сондай-ақ былтыр барлық ауылды аралаған аудан әкімі халықтың талап-тілегін тыңдап, нәтижесінде «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық іс-шара жоспарын» әзірлепті. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салалары, жолдармен және ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрайтын 137 жоба енген.
– Жалпы ауылдардағы ахуалды жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінді. «Ақсу» ауылына кіреберіс, «Жаңаталап-Аққыр», «Есет-батыр Жаңадария» бағытындағы жолдарды күрделі жөндеу, аудан орталығындағы көшелерді дұрыстау, Бұқарбай батыр, М.Шәменов елді мекеніндегі ішкі көшелерді жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Ауызсу мен аяқсу мәселесі де шет қалмайды. Кенттегі теміржол үстінен аспалы көпір салуға 184 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сырдария өзені арқылы өтетін көпір де жөнделеді. Инфрақұрылым мәселесінде ең маңызды газдандыру жұмыстары да қарқын алды. «Ақсу», М.Шәменов ауылдарына «көгілдір отын» апару үшін бюджеттен бастапқы қаржысы қаралды. Қосымша әлеуметтік нысандарды да газдандыру жұмыстар жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Жалағаш ауданында халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысы да жүріп жатыр. Биыл «Аламесек» және Мырзабай ахун ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал абаттандыру жұмыстары бойынша 8 жобаға 131 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар, аудан бойынша құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 35 нысанның жобасметалық құжаты дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылған. Ауданда 3300-ден астам кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Сала бойынша жыл басынан 1 млрд 494,2 млн теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыс[1]пен қамтылған. Биыл мамыр айында ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адам жұмысқа тұрыпты.
– Ауданда «Серпін» аграрлыиндустриялды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100 млн теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жоба аясында биыл 1 млрд 30 млн болатын екі жоба іске асырылмақ. Біріншісі «Бақдәулет-57» фермер қожалығының 100 бас ірі қараға арналған сүт фермасы, ал екіншісі «АВ-AGRO» ЖШС-ның тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының ауылдағы тұрғындардың табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. Жоба аясында қаржыландыру үшін құны 1 млрд 50 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаты дайын, – деді Асқарбек Есжанов.
Аудандағы автожолдарды жақсарту жұмыстары да жолға қойылған. Жалағашта жалпы ұзындығы 240 шақырымнан астам жол болса, оның басым көпшілігі аудандық маңызда. Биыл мұнда облыстық бюджеттен 2 млрд 258 млн теңге қаржы бөлініп, жол жөндеу бағытында 10 жоба іске асуда. Ауыл арасынан бөлек, Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 19 көшесіне жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Мұнан бөлек аудан әкімі білім саласына да тоқталып өтті.
– Ауданның білім беру саласында барлығы 60 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2022-2023 оқу жылында мектеп оқушыларының саны 7044 оқушыны құраса, 2023-2024 оқу жылын 20 мектеп 7150 оқушымен бастағалы отыр. 2023 жылы аудандағы №123 мектеп-лицейге қосымша 200 орындық ғимарат салуға және №31, №33 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасына 1 млрд. 971 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жалағаш кенті орталығынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда – деп марқаяды А.Есжанов.
Сондай-ақ биыл Жалағашта 19800 гектар жерге күріш, 750 гектарға бидай, 70 гектарға қант құмайы, 64 гектарға соя, 520 гектарға мақсары, 700 гектарға сүрлемді жүгері, 5 гектарға сұлы, 4850 гектарға жаңа жоңышқа, 7200 гектарға ескі жоңышқа, 646 гектарға картоп, 1108 гектарға көкөніс және 1296 гектарға басқа да бақша өнімдері егілген.
– Аудан көлемінде барлығы 40918 бас мүйізді ірі қара, 45759 уақ мал, 24953 бас жылқы, 801 бас түйе, 11348 бас құс өсірілуде. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша бақша дақылдарын өсіруге 500 гектар жер дайындалып, 921 отбасыға үлестірілді. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы егінді әртараптандыру бағытында 7,5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, 2,5 гектар жерге бақша дақылдарын екті, – деді аудан әкімі.
Брифинг соңында аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш ауданы мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында бабамыздың туған жері Т. Жүргенов ауылында «Этноауыл» көрінісі ұйымдастырылып, республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, түйе палуандар сайысы және бабамыздың бюсті қойылған құны 67 млн. теңгені құрайтын жаңа саябақтың ашылуы рәсімі өткізілетін болады деп – аудан әкімі алдағы іс шараның бағдарламасының шет жағасын жария етті.
Сонымен қатар аудан әкімі «Алтын дән-2023» қорытынды шарасы Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында өткізілетінін айта кетті.
Мұхаммедшах Каюп