ҚР Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшесі Мұрат Ергешбаевтың Сыр еліндегі сапары облыс орталығында жалғасты. Қызылорда қаласындағы жұмыс сапары барысында Партияның облыстық филиалының Төрағасы Наурызбай Байқадамов пен партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мусаева, депутаттық фракция жетекшісі Талғат Мақашов және Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мейрамбек Есжановпен бірге қаладағы бірқатар нысандарды аралап, мекеме ұжымдарымен кездесті. Соның ішінде, партияның «Жол картасында» көрсетілген Тасбөгет кентіндегі дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Тасбөгеттіктердің көптен бергі сұрау салып жүргені де осы спорт кешені еді. Қала іргесіндегі кент тұрғындарының саны өсіп, оның ішінде жастарға да бос уақытын тиімді пайдалану межесі белгіленген болатын. Сол себепті, жергілікті тұрғындардың осы өтінішін ескере отыра, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Жол картасының» жоспарына енгізілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сыйымдылығы жүз адамды қамтитын спорт кешенінің құрылысын «Интегрострой» ЖШС-і іске асыруда. Ғимарат жыл соңына дейін ел игілігіне табысталмақ. Спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысқан мәжілісмен жергілікті ақсақалдармен, оның ішінде партия және қоғам белсенділері Рамазан Молдашев, Олжабай Тобағабылов, Алмас Нұрмағамбетов, Қабдеш Шағыровпен кездесіп, ардагерлер тарапынан келелі ұсыныстар айтылды. Соның бірі – кентте жаңа емхана салу қажеттілігі. Кенттегі емхана ғимараты науқастарды қабылдауға қолайсыздық туғызуда. Мәжіліс депутаты Мұрат Нәлқожаұлы 32 мың халқы бар Тасбөгет кентіндегі аталған өзекті мәселе назарға алынатынын жеткізді.

Тасбөгет кентіндегі спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысқан Мұрат Нәлқожаұлы әрі қарай көпбейінді Қызылорда қалалық ауруханасының ұжымымен кездесті. Қызылорда қалалық көпсалалы ауруханасы 1977 жылы салынып қараша айында қолдануға берілген. 2009 жылы ауруханаға «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аурухана 235 төсек–орнымен науқастарды қабылдауда.

– Бүгінде медицина қызметкерлерінің айлық жалақысын көтеру мәселесі ең өзекті болуда. Сонымен қатар, олардың біліктігін жетілдіру мақсатында түрлі оқу курстарын ұйымдастыру, даярлық сабақтарынан өту өте тиімді. Бұл арқылы біз сапалы медицинаға қол жеткіземіз,-деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Айта кету керек, бүгінде еліміз бойынша медицина қызметкерлеріне тапшылық сезілуде. Бұл орайда, білім министрлігі тарапынан елімізде медицина мамандығын терең оқытатын оқу орындарының сапасына көңіл бөлінуде. Жиын барасында ұжым қызметкерлері тарапынан да өзекті сауалдар жолданды. Медицина қызметкерлерінің ішіндегі орта буын және аталған салада қызмет ететін әкімшілік шаруашылық қызметкерлерінің жалақысын медицина қызметкерлерімен теңестіруді сұралды.

– Бүгінде әкімшілік шаруашылық саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 80-100 мың теңгені құрайды. Ал нарықтық заманда бұндай қаржыға күн көру қиын,-дейді аурухана қызметкерлері.

Қазіргі таңда «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында халыққа берілген уәделер үдесінен шығу бойынша мардымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары 3 ай ішінде 82 заң жобасын бекітіп, өзгерістер мен толықтырулар енгізді. «AMANAT» партиясының «Жол картасына» сәйкес өңірімізде медицина саласының әлеуетін арттыруға көңіл бөлінуде. Әсіресе өңіріміздегі ауылдық елді мекендерді қосқанда 27 медициналық нысан салу жоспарланған. Бұдан бөлек Қызылорда қаласында 4 денсаулық сақтау мекемесі, яғни 100 келушіге арналған емханасы бар, онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы және облыстық қан орталығы халыққа қызмет ететін болады.Медицина қызметкерлерімен кездесуде көтерілген тағы бір мәселе аурухана базасына жаңа құрал-жабдықтар алу. Оның ішінде «МРТ», «КТ» аппараттарымен қамту – қоғам сұранысы болып отыр. Сондай-ақ, мекеменің жылдық табысының 92 пайызы қызметкерлер жалақысына жұмсалуда. Медициналық құрылғылар «Самрұқ Қазына» ҰӘҚ арқылы алынады, дегенмен, келісім шартта көрсетілген мерзімі бойынша ауытқулар орын алуда.Медицина саласының қызметкерлерімен келелі кездесуден кейін Мұрат Нәлқожаұлы Ақсуат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аталған ауылға жақын арада жаңа әкім тағайындалған болатын. Бүгінде ауылда тындырымды жұмыстар атқарылуда. 100-ден аса көшесі бар Ақсуат ауылдық округінде биылғы жылдың өзінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырса, 3 көшенің бойына жаяу жүргіншілер жолы салынуда.Ауылдықтармен кездескен Мәжіліс депутаты кәсіпкерлік саласындағы өзгерістер турасында сөз қозғады.

– Қазіргі таңда кәсіпкерліктің өресі кеңейіп, әлеуметтік желі арқылы да қаржы табатын блоггерлер пайда болды. Олардың да тапқан табысына орай, заңдылықтарға сәйкес салық төлеу мәселелері қарастырылды. Салық кодексіне айтарлықтай өзгерістер енгізу арқылы кәсіпкерлерге түсетін жүктемені төмендетпекпіз,-деді мәжілісмен.

– Ауыл көлемі кеңейіп, халық саны да өсуде. Көптен бері тұрғындардың сұрап жүрген көгілдір отын мәселесі де орынды шешімін тапты. Биыл 8 көше жөндеу жұмыстарынан өтуде. Аймақ басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңадан білім ошағының құрылысы басталмақ. Президентіміз: «қала мен ауыл баласының білімінің арасында алшақтық болмауы керек»,-деп анық айтты. Демек, жаңадан салынбақ білім ошағы ауылдық балалардың білім сапасын арттырары анық,-деді партияның облыстық филиалының Төрағасы Наурызбай Сейтқалиұлы.

Ақсуаттықтармен кездесуде жергілікті тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Мәселен, ауыл ақсақалдары жастардың әскери борышын өтеуі, жұмыссыздық туралы айтты.

– Қазірде он бала әскерге баруы тиісті болса, соның 2-уі ғана барады. Өйткені, қалғанының денсаулық жағдайы көтермейді. Оның ішінде жұмыссыз қалатын жастар қаншама? Кеңес Одағы тұсында әскер жанында құрылыс батальоны жұмыс жасайтын. Оған барған жастар әрі Отан алдындағы борышын өтеп, әрі іске мығым, құрылыстың қыр-сырын меңгерген азамат болып оралатын. Осы мәселе әлде де көтерілсе деймін,-деді ауыл ақсақалы. Келесі кезекте сөз алған ауыл азаматы «Бүгінде ауылымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, жастардың мамандық бойынша жұмыс жасауы үшін қосымша жұмыс орындары ашылса дейміз»,-деп пікірін білдірді.

Осылайша, мәжілісмен қаламыздағы бір күндік жұмыс сапары барасында партияның «Жол картасында» қарастырылған бірқатар нысандарда болып, ұжымдармен, ардагер ақсақалдармен, жалпы ауыл тұрғындарымен еркін форматта кездесіп, пікірлесіп, ой бөлісті. Бастысы халық көкейінде жүрген түйткілді мәселелер жайында ой қозғады, тұшымды ұсыныстар айтты, және оларды тиімді шешу жолдарын да талқылады.

#AMANAT

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған