Осы аптаның сейсенбісінде Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жиналысында арнайылап жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. “Аузы күйген үрлеп ішеді” дегендей, былтырғы қуаңшылықта малға азық тауып бере алмай қиналған Үкімет биыл ерте бастан қамдануда. Жиналыста айтылғандай жыл басында Үкімет резервінен аналық малды күтіп-бағу шығындарын өтеу үшін бір ғана Маңғыстау облысына 663,9 млн. теңге бөлінген. Баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев “2022 жылға облыс әкімдіктері мал азығын сатып алу құнын арзандатуға 11,5 млрд. теңге бөлді” деп мақтанып қойды.
Бұдан бөлек Азық-түлік корпорациясы да мал, құс баққанға нарықтан 30%-ға төмен бағада жемдік астық беріп жатыр екен.
Жалпы аймақ басшыларының Үкіметке берген есебі бойынша бүгінгі күнге 21,0 млн. тонна шөп, яғни шөптің 87,3%-ы дайындалған.
Үкімет жиналысы аяқталған замат облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та дереу әкімдік мәжілісін өткізіп, тиісті сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Өткен жылы жауын-шашынның болмауынан Арал ауданында қуаңшылық орын алып, 598 бас мал шығыны болды. Биылғы жылы малды жем-шөппен қамтамасыз етуде нақты шаралар қабылдап, ерекше бақылауда ұстауымыз қажет. Бүгінгі күнге Арал және Қазалы аудандарында мал азығын дайындау барысы өткен жылмен салыстырғанда жоғары болғанымен, басқа аудандарға қарағанда төмен деңгейде жүруде. Сондықтан қажетті мал азығын дайындау жұмыстарын жеделдетіңіздер, – деді Н.Нәлібаев.