Құрылыс саласының дамуы – өңір экономикасының маңызды тірегі. Бүгінде Қызылорда қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда шаһарымыздың сол жағалауында 16 тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде 6 тұрғын үй жеті қабатты болса, қалғаны 5 қабатты үйлер.

Осы аптаның сейсенбісі күні өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әнуар Айдынмен бірге баспасөз турын ұйымдастырған болатын. Баспасөз турының мақсаты қалада салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысу.

Алғашқы нысан Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігіндегі 7 қабатты 84 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы. Нақты айтқанда 2 бөлмелі пәтер саны-21, ал 3 бөлмелі пәтер саны-63. Осы тұрғын кварталдың инженерлік желілеріне жоба-сметалық құжаттары толық әзірленіп, сараптама оң қорытындылары алынған. Осы жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріледі.

– Бұл тұрғын үйлердің барлығы заманауи үлгіде және жаңа технологиялардың көмегімен салынуда. Құрылысы жүріп жатқан 7 қабатты тұрғын үй – 84 пәтерлі болса, 5 қабатты үйлерде – 470 пәтер қамтылмақ. Бұл тұрғын үйлер 2024 жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Осы тұрғын кварталдың инженерлік желілеріне жобалық-сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Көпқабатты үйлер ауыз су және кәріз жүйесімен толық қамтамасыз етіледі, – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар. Салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер сейсмикалық төзімділікті ескере отырып және барлық заманауи стандарттарға сәйкес, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігі мен өмір сүруінің ыңғайлылығын назарға ала отырып жобаланған. Жаңа тұрғын үйлерден басқа, аумақтарда халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік нысандар салынып, жаңа желілер тартылып, қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 37 284 шаршы метр болса, бір тұрғын үйдің ауданы – 6 213,9 шаршы метрді құрайды.

– Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы сәуір айында басталған болатын. Қазіргі таңда бригадалық топ құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 7 қабатты тұрғын үй аймағымызда алғаш рет салынуда. Әрбір пәтерде жедел саты болады. Құрылысқа қолданылып жатырған барлық материалдар жергілікті өнімдер, – деді «Орион ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Асхат Жаңабаев. Мұнан соң қалалық құрылыс бөлімінің басшысымен бірге сол жағалаудағы №2-ші шағын ауданында 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен таныстық. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында былтырғы жылы ипотекалық 10 тұрғын үйдің жалпы ауданы 29, 907 шаршы метрді құрайтын 470 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Тұрғын үйді «Аман-Құрылыс» ЖШС салып жатыр. Бес қабатты тұрғын үйде 20 екі бөлмелі, 30 үш бөлмелі пәтер бар. Осы жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, тұрғындар қоныс тойын тойлайтын болады.

Биыл Тасбөгет кентінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – жаңадан салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысымен бірге спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып қайттық. Құрылысы наурыз айында басталған ғимарат заманауи талаптарға сай спорт кешенінде Тасбөгет кентінің жас спортшылары оннан аса спорт түрінен жаттығу жасауға мүмкіндік алады. Кешеннің құрылысына бюджеттен 463,8 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме ретінде «Интегрострой» серіктестігі танылып, жоспар бойынша спорттық нысанды 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға бермек. Бұл спорт кешенінің жалпы ауданы – 1 655,1 м2 құрайды.

Осы спорт кешенінің құрылысы сәуір айында басталған болатын. Бүгінгі таңда құрылыста 50 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қосымша жұмыс күші тартылатын болады. Спорт кешенінде 100 адам бір уақытта дене шынықтыра алады. Сондай-ақ, мұнда футбол, баскетбол залдары, әмбебап спорт залдары қамтылады. Аталмыш кешен металл құрылымдарымен жабдықталуда. Сыртқы қабаттары толық жылу панельдерімен қапталатын болады. Бұл спорт кешені жыл соңында қолданысқа беріледі ,- деді участке мастері Талғат Маушев.

Еске салсақ биыл облыс орталығында қаласында бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде. Мәселен, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысына 3 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Одан бөлек «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы да шаһарда заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысын жүргізеді. Сонымен қатар «Өнер орталығы», «Неке сарайы» мен «Қан орталығы» да ашылып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған