1 шілдеден бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына берілетін арнайы жәрдемақы мөлшері өседі

Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша биыл 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар адамдар және зейнеткерлерге 1,23 АЕК (2023 жылы – 4244 теңге) көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады.

2023 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 28316 адам жәрдемақы алады. Жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және заңнамаға сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 3828 азаматқа 3692 теңгеден 30 000 теңгеге дейін біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

Құқықтарын жаңартуға болады ма?

Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдардың бірінші кезекте:

• бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының 3 есе мөлшерінде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;

• оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;

• телефондарды бірінші кезекте орнату;

• Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;

• протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;

• оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.

2003 жылдан бері елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 18,4 миллиард теңге төленді. Биыл бұл мақсаттарға 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған