Қызылорда облысында 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1430 пәтер халық игілігіне табысталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында айтты.
– Қазір облыс көлемінде 31,4 млрд. теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 30 үй (93 мың шаршы метр, 1430 пәтер) халық игілігіне табысталады. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарға 1000 пәтер сатып алуға (600 пәтер Қызылорда қаласында, 400 пәтер аудандарда) республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.
Елдің әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшемшарты – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда (230 елді мекеннің 198-і су жүйесіне қосылған). Өткен жылы 6 ауыл “көгілдір отынға” қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл тағы да 12 елді мекенге табиғи газ тартылып, газдандыру деңгейі 75 пайыз болады.
Жергілікті маңызы бар 366 шақырым автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі өткен жылы 82 пайызды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 87 пайызға жеткізілмек. Бүгінде Қызылорда қаласында 141 шақырым көшені жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Шет аймақ, кенттер, ауылдар да назардан тыс қалған жоқ.
Нұрлыбек Машбекұлы көлік ағымы көп Сұлтан Бейбарыс, Назарбаев және Астана даңғылы сияқты орталық көшелерде жол жөндеу жұмыстары алдағы 10-15 күнде аяқталатынын айтып, уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұрады.