Осы аптаның сәрсенбісі күні Қызылорда қалалық мәслихатының мәжіліс залында Қызылорда қалалық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясы өтті. Сессия отырысына қала әкімі Асылбек Шаменов, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қалалық дербес бөлімдер мен арнайы шақырылған мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде бір мәселе қаралды. «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2022 жылғы 21-і желтоқсандағы №198-28/2 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Баймаханова Гүлнар баяндама жасады.

– 2023 жылдың 1-і шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енуіне байланысты Қызылорда облысы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтары бір мезгілде таратыла отырып, Мансап орталықтары мен облыстық Еңбек мобилділігі құрылды. Осыған орай қалалық бюджеттен нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытуға бөлінген 2 808 395,4 мың теңгеге бюджеттік алым жасалып, облыстық бюджетке қайтарылды. Мемлекеттік атаулы көмекті төлеуге қаржы жетіспеуіне байланысты жұмыспен қамту орталығының ұстау шығындары және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытуға берілген қаржыдан 251850 мың теңге қалалық бюджетке қалдырылды. Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысымен қала бюджеті кірістерін сапалы орындау мақсатында кейбір салық көздері бойынша болжамдық көрсеткіштерді қайта қарау жөніндегі ұсынысы ескерілді. Қала бюджетінің шығындарын облыстық бюджеттен бөлінген 6 188 820,1 мың теңге ағымдағы және даму нысаналы трансферттері мен кредит есебінен көбейту жоспарлануда. Қала бюджетінің түсімдерін 1 573 486 мың теңге арттыру есебінен және бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген және пайдаланылмаған 154214 мың теңге, барлығы 1 727,700 мың теңге қаржы қалалық мәслихат аппаратының шығындарына, қала әкімі аппаратының шығындарына, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, қалалық құрылыс бөлімінің бағдарламаларына бағытталды,-деді қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.

Баяндамадан соң Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев халық қалауларына ұсыныс енгізуді сұрады.

– Қыста суықтан және жазда ыстықтан қорғау мақсатында Қызылорда қаласында жылы аялдамалар қажет. Бір аялдамаға 20-25 адам сыйады.

Ауа-райы қолайсыз күндері жолаушылар үшін қоғамдық көлікті күтуге ыңғайлы. Бүгінгі күні қаламызда жылы аялдамалар орнатылмаған. Осыған орай тұрғындарға қолайлы болу үшін жылы аялдама қаламызға қажет деп есептейміз. Бюджетке әзірге 6-ы аялдаманы енгізуге ұсыныс беріп отырмыз,-деді Жеңісбек Файзуллаев.

Қалалық мәслихат төрағасы, депутат Ибадулла Құттықожаев аялдама санын көбейту туралы сұрады.

– Жылы аялдамалар санын көбейту керек. Неліктен 6-ы ғана аялдама?- деп сұрақ қойды мәслихат төрағасы.

Жеңісбек Файзуллаев 6-ы аялдама бастамасы екенін айтты.

– Қазіргі таңда тиісті құжаттар мен орындарды белгілеп жатырмыз. №264 мектебінің қасына, «Арай сити молл» сауда орталығының алдына және Жайна сауда орталығының қасына орнатамыз. Яғни адам көп шоғырланатын жерге орнататын боламыз,-деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Депутаттар бұл аялдамалардың құнын сұрады.

– Бір аялдама 9 млн. 800 мың теңге болады. Аялдаманың ішінде жазды күні кондиционер болады, ал қыста жылытатын пеш орнатылады. Сонымен қатар бейнекамера болады,-деді Жеңісбек Файзуллаев.

– Бастамаларыңыз дұрыс. Халықты ойлап жазда ыстық болмасын деп, қыста суық болмасын деп жатырсыздар. Бірақ екінші жағын да ойлауымыз керек. Басқа қалаларда осындай аялдамалар салынып, арты әжетханаға айналып жатқанды көріп жатырмыз. Осы жағдай біздің қаламызда қайталанбау керек,-деді қалалық мәслихат төрағасы, депутат Ибадулла Құттықожаев.

Депутат Ділмұхамед Абизов Жеңісбек Файзуллаевқа аялдама туралы сұрақ қойды.

– Аялдаманы салдық деңіз. Айтып жатқан 9 млн.800 мың теңге тек қана аялдаманың өзіне кете ме? Ертең жарығыңыз бар, тоқ, жылуыңыз бар осының бәрін есептеп көрдіңіздер ме?-деді халық қалаулысы Ділмұхамед Абизов.

– Барлық шығынды есептеп шықтық. Кететін шығын 9 млн. 800 мың теңге,-деді Жеңісбек Файзуллаев.

Депутат Төлеген Бауыржан аялдамаға байланысты ұсыныс тастады.

– Жылы аялдамалар әрине жақсы. Бірақ базар, сауда үйлерінің маңына емес тұрғындар көп жүретін жерге орнатсақ. Универсам, Қорқыт көшесінің бойында орнатқан дұрыс секілді,-деді Төлеген Бауыржан.

– Қай жерге орнатқаны дұрыс деген секілді мәселелерді халықпен бірге шешетін боламыз. Әлі де аялдама мәселесін талқылаймыз. Бастамаларыңыз жаман емес. Сондықтан да құрметті депутаттар, ұсынысты қолдауға шақырамын,-деді қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.

Сессия барысында қала әкімі Асылбек Шаменов сөз алды.

-Құрметті депутаттар, биылғы жылы қаламызда тың бастамалар бастау алды. Жарқын жобалар сәтті жүзеге асуда. Жыл басында қала бюджеті 52 млрд. 300 миллион теңгемен бекітілген болатын. Жүйелі жоспарлы жұмыстың нәтижесінде бүгінде бюджетіміз 91 млрдқа жетіп отыр. Биыл облысымыздың 85 жылдығын және қаламыздың 205 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өтетін боламыз. Айтулы мерекеге орай арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жерлестерімізге, қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтындай түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатын болады,-деді қала әкімі Асылбек Шаменов.

Сессияда күн тәртібіндегі мәселе депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылып, тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берілді.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған