Азамат Ж.-ның некесі бұзылып, кәмелетке толмаған баласын асырып-бағу үшін алимент өндіру туралы сот шешімі шығарылған. Соттың шешімі бойынша атқарушылық іс қозғалған.
Өз кезегінде жеке сот орындаушысы алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулы қабылдаған. Дегенмен, берешекті анықтау барысында азамат Ж.-ның табысын дұрыс әрі нақты есептемеген. Осыған байланысты, азамат жауапкер – жеке сот орындаушысының әрекетіне дау айтып, әкімшілік талаппен жүгінген.
Азамат Ж. өзінің талабында жауапкердің қаулысымен келіспейтінін, осы уақытқа дейін бұрынғы жұбайына ай сайын 50 000 мың теңгеден алимент төлеп отырғанын, қаулыда кірістер басқармасынан алынған хатпен алынған мәліметтер есептелгенін, мемлекет пайдасына төленген табыс салығы толық табысы болып есептелмейтінін, нотариаттық қызметпен айналысуға байланысты шығындар есептелмегенін көрсетіп, жеке сот орындаушысының қаулысының күшін жоюды сұраған.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Ж.-ның талабы қанағаттандырылып, алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулының заңсыздығы дәлелденіп, жеке сот орындаушысы бір ай ішінде аталған берешекті қайта анықтауға міндеттелген.
Жауапкер сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Онда бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамағанын көрсеткен.
Қызылорда облыстық әкімшілік сот алқасы істің мән-жайын зерттеді. Анықталғандай, жауапкер берешекті анықтау барысында борышкердің декларацияда көрсеткен сомаларын есептеп, бұл сомалар салық төлеушінің жылдық айналымы екенін ескермеген.
Сонымен қатар, жауапкер азамат Ж.-ның қызметі бойынша нотариаттық қызметті атқаруға кеткен түрлі шығындарының негізділігі туралы сұратулар жасамаған, келісім-шарттар бойынша нақты қандай төлемдер жасалғанын анықтамаған.
Борышкердің алимент төлеп отырғаны туралы уәжін де тексермеген. Аталған факт төлем түбіртектерімен тексеріліп, төленген жағдайда жалпы сомадан шегерілуі тиіс еді.
Осы мән-жайлардың негізінде әкімшілік сот алқасы жауапкер өз қызметін тиісінше атқармаған деген тұжырымға келді. Сол себепті, жеке сот орындаушысының шағымын қанағаттандырусыз, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сонымен бірге, жеке сот орындаушысы сотқа атқарушылық іс жүргізу құжаттарын түгел бермеген, оны алдырту үшін уақыт беріліп, алқаның істі қарауы кейінге қалдырылған, электрондық базаға даулы құжат салынбаған.
Сондықтан, сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру мақсатында жеке сот орындаушысына 36 920 теңге ақшалай өндіріп алу қолданылды.
Шолпан Маликова,
Қызылорда облыстық сотының судьясы